Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУА-РАЙЫН БОЛЖАҒАН ҚАРИЯ

АУА-РАЙЫН БОЛЖАҒАН ҚАРИЯ

Осыдан бірнеше ай бұрын ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарылқасын Камаловпен бір жиында жолығып қалған болатынбыз. Сол кезде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауылдың маңайында толып жатқан құндылығы мол ел мұрасын көпшілікке насихаттауды мақсат тұтып, өзара уағдаласқан едік. Сол күнгі жоспар сәтті басталып, ауылдағы ағайынмен дидарластық. Арнайы іссапармен Жетікөл ауылына атбасын бұрып, бүгінгі ауыл тіршілігінің жай-күйімен таныстық. Өткен ғасырдың бел ортасында құрылған ауылдың шежірелі тарихы келер ұрпаққа өнеге. Барған бойда ауылдың ақсақалдары құшақ жая қарсы алып, өткен мен бүгіннен сыр шерте бастады. Ауылдың тарихына тереңнен бойлап, құнды дерекке толы мағұлматқа қанықтық. Көреген ақсақалдардың айтуынша, бұл ауылда еңбек майданында шыныққан талай адам дүйім елге танымал болған. Осы орайда он сауcағынан өнері тамған, сегіз қырлы, бір сырлы Сақтаған Алшынбаев жайында сөз етпекпіз.
Ол туған жыл жаңа ғасырдың бастау алған кезі. Бала күнінен ата-анасы өмірден ерте кетіп, талай қиындықты бастан өткереді. Ешкімі жоқ жетім баланың ашаршылық пен соғыс жылдары көрген тауқыметі жетерлік. Сол заманда көршілес өзбек ағайындардың еліне тамақ асырау үшін амалсыздан кете барады. Сол жақта жүріп, ерте есейді. Өмір сүруді, еңбек етуді, үйренді. Әсіресе мал терісін өндеу ісін жетік меңгеруге тырысты. Оның бері жағында қоңсы отырған өзбек ағайындар мәсі тігудің қыр-сырын үйретті. Бертін келе аяқ киім тігуге қызығушылығы, осы кәсіпке деген құштарлығына ұласты. Сөйтіп кәсіптен нәсіп табуды үйренді. Өз қолы аузына жетті. Жат жердің ауасын жұтып, топырағында жүріп, туған жерге деген сағыныш бір сәтке де бәсеңдеген емес. Өзге елде сұлтан болғанша өз елінде ұлтан болсам деген арман оның бойында барған сайын ұлғая түсті. Сөйтіп көштің басын өзі туып-өскен өңірге бұрды...
Қашанда ұқыптылықты жаны сүйетін оның қабілеті көпшілікке танымал болатын. Өткен ғасырдың бел ортасында Жетікөл совхозы орнаған кезінде алғаш еңбек жолын осында бастап, шағын елді-мекеннің еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Бойына біткен бірегей қасиетінің арқасында жалпақ жұртқа етікші Сақтаған ретінде танылды. Осы күнге дейін ел аузында «Сақтағанның былғары мәсісі деген» тіркес сақталған.
Мәсі тігу технологиясы баршаны қызықтыруы бек мүмкін. Сақтаған ақсақал мәсі мен етікке керекті өнімді қолдан дайындап отырған. Ең бірінші мал терісін өндеп, илеп өнім шығаруға жарамды етіп дайындап алатын болған. Одан қалды ел көзіне ұшыраса қоймайтын былғары теріні арнайы алдырып, мәсі тіккен. Ең бірінші жиде ағашын барынша кептіріп, сіріңкенің көлеміндей жонып, шеге жасайды. Сонда жиденің мықтылығы ұзақ жылдар бойы сақталады. Бір жағынан берік болады. Етік тігетін жіпті де өзі жасауға машықтанған. Смоламен байлап, жіпті мұндаған. Тіреден жасалған жіп еш уақытта үзілмейді. Етікті желімдеу үшін сол күндері дайын дүние кезікпейтін. Оның да жасалуын білген. Күзге қарай тоғай жағалап, жабайы жиде ағашының бойында болатын шырышты сұйықтықты сыпырып алып кір сабынмен қайнатып, аяқ-киім желімін дайындайды. Аптасына бір немесе екі мәсіні дайындап шығарады. Сонда төрт ай бойы тоқтаусыз Сақтаған ақсақал етік тігумен айналысатын болған. Зайыбы етікшіге қолғабыс етіп, былғарыдан етіктің қоныштары тігіп отырған. Етіктің тігісін жіп және кәдімгі электр тоғын жүргізетін сыммен өрнектеп тігіп отырған. Ою-өрнектің сан түрін меңгеріп, сәнді аяқ-киім жасауға дағдыланған. Сосын барлық аяқ-киім өлшемдерін ағаш кәліпке салып құятын болған. Сонымен қатар, етікшіге қажетті құрал-жабдықтарын қолдан жасайтын. Пышақты қайрап, біздің барлық түрін өзі істеуге бейім болған.
Сақтаған ақсақалдың етігі мен мәсісі республика бойынша зор сұранысқа ие болып, өте сапалы өніміне халық қызығушылық танытқан. Тұла бойында тұнып тұрған тігіншілік өнері қашанда жоғары бағаланатын. Сақтаған ақсақалдың мәрттігі, адам баласында кездесе бермейтін жомарттығы бар. Талай ауылдағы ағайынға мәсі тігіп, сыйға да тартқан. Тұрмысы төмен отбасыларға қарасып, балаларына етік тігіп береді.
Сақтаған ақсақал ауылда атақты «мұрап» яки сушы болып, жоңышқа еккен. Совхозда табанды еңбек етіп, күндіз-түні мол өнім жинаудың шебері атанған. Бұрыннан белгілі Жетікөл ауылының төңірігінде бірнеше көлдер кездеседі. Шаруаға бейім ақсақал ауылдағы бақшалық жерге апаруда алдына жан салмаған. Судың деңгейін бақылап, оның барлық қыр-сырына қанықты. Іскерлігі соншалық су арнасынан тасып, бақшалық жерді шайып кеткен жағдайда бірсәт дамыл көрместен оны бөгеуге күш салды. Жоңышқаны гектарлап егіп, жыл сайын жоспардан жоғары өнім алатын. Талай мәрте есімі республикаға танылып, жоғарғы марапат төрінен көрінді. Бұдан бөлек еңбек майданында әбден піскен ол қауын-қарбыз егіп, ел көлеміне танымал брендке айналдырды. Тонналап, қауынды үкіметке өткізіп, ауыл мерейін асырды. Қауынның түрлі сортына талдау жасап, оның тұқымдары бөлек-бөлек жинайтын. Бір жерге келесі жылы екпейтін, өнімді аз берген жағдайда сол жердітынайту үшін жоңышқа алқапқа айналдыратын. Қазіргідей дәрі-дәрмек қоспай, жердін өз құнарымен мол өнім алуға тырысатын.
Біз ол кісі туралы сұрастыра бастағанда нағыз шебер екеніне көз жеткіздік. Келіні Гүлбаршын: «Атаммен 5 жыл тұрдым. Өте көреген кісі. Мен де Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апам секілді атамның бар мұрасын естіп, айрықша тәлім алдым», – деді. Сексен бес жылдық ғұмырында ақсақал халық ауыз әдебиетіне қатты қызыққан. Дастандарды жатқа оқып, елді жанына жиып, мағыналы өсиет әңгіме айтып отыратын болған. Еш уақытта жұрт көзінше жамандыққа бармай тек сыпайылығымен танылған. Ол сөйлеген кезде барлығы кедергі келтірместен ұйып тыңдайтын. Көзі тірісінде тосыннан бата шығарып, барған жерінде оқып отыратындығы елдің әлі есінде. Өзі шала сауатты болса да, білгір керемет кісі екенін жұрт біледі. Талай отбасында жанжал туындаған жағдайда жастарға басу айтып, ағайын арасына бітімгершілік жасаған. Халықтың шапағатына, сый-құрметіне бөленген. Сондықтан оған халық «құйма құлақ» деген атақ берген. Ауылға құрметті болған азамат өмірде екі әйел алған. Олардан он бір бала, алпыс жеті немере, жүз елу шөбере тараған. Балаларына үнемі төрт түлік малдың қасиетін ұғынуды үйретіп, оның бағу жолдарын меңгерткен. Келіні Гүлбаршынның айтуынша, атасының бойында емшілік қасиет те болған. Адамның тамырын ұстай отырып, сырқатын дәл тауып айтқан. Үнемі ауа-райын дәл болжап, соған орай жұмыс жасауға қамданған. Талай адам сырқатына дауа іздеп, Сақтаған ақсақалдың емшілік қасиетіне сенген.
Сол күні ол ғұмырының жарқын сәттеріне нүкте қойылатынын білді. Шәй үстінде балаларын жинап, өмірден қай күні өтетіндігін дөп басып айтты. Жұрт оның айтқанына сенбеді. Өзінің болжаған күні түнде аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, келместің кемесіне мініп кете барды. Сонда ауыл халқы бойында тұнып тұрған әулиелігіне тәнті болған деседі. Өмірінде жалған сөйлемей ақиқатпен бетпе-бет келді. Сонау бала күніндегі қиындықты жеңіп шығып, баларына мол мұра қалдырды. Оның саялы бәйтерегінде тамыр жайған ұрпақ мәңгі жасайды. «Етікші», «мұрап», «емші», «егінші», «көріпкел», «ұста» бұл бір адамның бойына сыйып кеткен өнердің өзара ұштасуы. Ондай адам ғасырда бір рет қана туады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 тамыз 2019 ж. 625 0