Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСКІНІҢ САРҚЫТЫ – ТЕКТІЛІК ЖАҚҰТЫ

ЕСКІНІҢ САРҚЫТЫ – ТЕКТІЛІК ЖАҚҰТЫ


Шаған ауылына келгенімізде кешқұрым уақыт болатын. Немересін жетектеген қария көше бойын жағалап, ауылдық мәдениет үйіне қарай бет бұрған. Орталық алаң қақпасы алдында бірнеше ауылдасын жолықтырған қария неше күннен бері халық арасында айтылып жүрген өнегелі шараның куәсі болуға келе жатқанын білдірді.
Жүргізуші мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ауыл әкімдігінің қолдауымен, ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен мекемеаралық «Әжем айтқан ертегі» байқауы өткізілетінін жеткізді. Дәстүр мен отбасы құндылығын ұштастырған шараның мақсаты ұлтымыздың терең тарихына үңіле отырып, қазыналы әдет-ғұрпымызды көпшілікке насихаттау болып табылатындығын жеткізді.
Талай жыл тынымсыз еңбекпен елге танылған әжелеріміз өзі қызмет атқарған ұжымның абыройын асқақтату үшін немересімен өнегелі шараның көркін қыздыруға бел буған. Алғашқы «Тегін білу тектілік» кезеңінде №14 «Алтын-сақа» балабақшасынан Әлима Жұмабаева немересі Мадияр Мұхтарұлымен , №37 мектеп-лицейінен Оразкүл Бөжекова немересі Еркебұлан Сәбитұлымен, Нағима Тобаева немересі Бағжан Русланқызымен, әуез мектебінен Зәуреш Сейдахметова немересі Ернұр Әбдіқадірұлымен өздерін ұлттық нақышта таныстырып, тектіліктің айқын көрінісін көрсетті. Сан түрлі өнердің өшпес мұрасын дәріптей білген қатысушылардың шеберлігі бір көргеннен байқалды. Барлығы да отбасындағы күйбең тіршілікті сахна тілімен көркем етіп қазақ халқының тектілігін баршаға мәлім етті. «Өнер ағып жатқан бұлақ» кезеңінде кез келген қатысушы ертеден келе жатқан қазақылықтың жұрнағы мәңгі сақталған мағыналы салт-дәстүрі мен өнерін сан қырлы қабілетімен аша түсті. Сахнада еркін көсілген әжелеріміз немересімен қазіргі таңда ұмыт болған ырым-тиымды көрініс етіп көрсетті. Қазақ әйелінің болмысын аша түсетін нағыз байсалдылық пен қайраткерліктің керемет тұсын өлмейтін қазақ өнерімен айшықтап берді. Жоғарыда аталған Елбасы мақаласынан туындайтын жаңғыру тетігін жас ұрпақ санасына сіңіре білді. Қазыналы қалпынан таймаған ауылдың ежелгі тұрмысын, қазіргі жай-күйін сахналаған әжелеріміз бар ғұмырынан сыр шерткендей көрінді. Байқаудың мазмұндылығын арттырған «Ерте, ерте, ертеде...» кезеңінде ғибраты мол әрбір әженің немересіне айтқан ертегісі халық ауыз әдебиетінің жарқын үлгісін аңғартқандай. Құдды ескі дәуірден қалған замана толғанысын халық жадында мәңгі қаларлықтай жеткізді. Ал, «Он саусағынан өнері тамған» кезеңінде отбасындағы күнделікті жасалатын қолөнердің көпшілік білмейтін тетігін халық алдында жасап шығарды. Әрбір қатысушы қолөнердің тұрмысқа қажетті жағын ескере отырып, қазақ халқының бірнеше баға жетпес мол мұрасын жарыққа шығарды.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған байқауға әділқазылық еткен ауылдық «Қоғамдық кеңес» отырысының мүшесі, ардагер ана Күләш Тәжібекова, көп балалы ана, ардагер Батихан Жаңабаева алдағы уақытта ауыл намысын ауданда қорғайтын қатысушылардың деңгейін саралады. Төрт кезең бойынша деңгейі шамалас болған қатысушыларға арнайы номинация тағайындалып, «Диплом» пен бағалы сыйлық табыс етілді. Ауыл абыройын ауданда қорғауға лайық деп Әлима Жұмабаева, Нағима қорғайтын болды.
28 ақпан 2019 ж. 878 0