Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ПАЙЫМ МЕН ПАРАСАТ ИЕСІ

ПАЙЫМ МЕН ПАРАСАТ ИЕСІ

Тағдыры тағылымға толы тұлғалардың қай кезде де қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Саналы ғұмыры адал еңбекпен өріліп, маңдай тердің, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында абырой тұғырына көтерілген ардақты азаматтарды қай қырынан болса да үлгі тұтуға болады. Міне, сондай абзал азаматтардың бірі де бірегейі, биыл айтулы жетпіс жастың белесін бағындырып отырған нұрмағанбет ибадуллаұлы қуандықовты ғибратты ғұмыр иесі десек әсте қателеспейміз.
«Мені өмір ерте есейтті, бірақ өз тағдырыма шексіз ризамын» деп бас¬тады бізбен әңгімесін Нұрмағанбет Ибадуллаұлы. Ардақты ардагердің бұлай айтуының әрине өзіндік сыры мен қыры бар. Пайым мен парасат иесінің өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты байланыстырып сыр шертуіне біз таңдай қағып, әңгімемізді жалғай түстік. Өмірбаяны қиын кезеңдермен, сынақты сәттермен тұспа-тұс келген ардагердің жүріп өткен жолы расында да күрделі һәм ерекше екен.
Кейіпкеріміз 1949 жылы бұрынғы Қызылдихан колхозына қарасты Үлгі учаскесінде дүниеге келіпті. Отбасындағы жалғыз ұл болған Нұрмағанбет Ибадуллаұлы жетімдіктің ащы дәмін тым ерте татқан. Сондықтан да «Мені өмір ерте есейтті» дейді. Нақтырақ айтқанда, қойшылық кәсіпті өмірлік нәсібімен байланыстырған әкесі Ибадулла Қуандықов 1951 жылы соқырішек ауруының салдарынан бақилық болыпты. Осылайша, кейіпкеріміз небәрі екі жасында-ақ өмір өткеліндегі алғашқы қиындықпен бетпе-бет келген. Нұрмағанбет Ибадуллаұлы сол жылы анасы Зағаттың келісімімен әкесінің қарындасы Жәнігүл апасының тәрбиесінде қалады. Бала күнінен белсенділікті ту, ізденісті серік еткен жан жездесі Нұрат пен апасы Жәнігүлдің Дүйсенбек атты ұлымен тетелес өседі. Қамқор, мейірімді, бар тапқан таянғанын бала қуанышынан аямайтын Жәнігүл апасы ағасының көзі болып қалған жеткіншекке жетімдікті сездірмеуге тырысады. Бұл туралы кейіпкеріміздің өзі былайша баяндайды.
– Әрине, туған әке мен ананың орнын ешкім баса алмайды. «Сынақты да көтере алатын адамға ғана береді» дейді ғой, сол секілді мен де бұл сынақтан аман өттім. Бәрі көз алдымда, көңілімде сақтаулы тұр. Өмірде бірінші Жаратқан Ие мен ата-анама қарыздар болсам, екінші Жәнігүл апамның алдыңда бас иемін. Апам мен үшін бәрін жасады. Соның арқасында ер жеттім, оң-солымды таныдым, – дейді Нұрмағанбет Ибадуллаұлы.
Қиындыққа толы тағдыр жолы кейіпкеріміздің уақытылы білім алуына да кері әсер етті. Ол мектеп табалдырығын өз қатарластарынан 3-4 жылға кеш аттады. 1960 жылы Қараөзек ауылындағы Кілемжайған атты ежелгі қоныс орнындағы бас-тауыш мектепке қабылданды. Ауылдың солтүстік шығысынан 20 шақырым жерде орналасқан білім ордасының төртінші сыныбын 1964 жылы тәмамдап, білімін №39 Қызылөзек мектебінде жалғастырды. Оқуда озат оқушы білім ұясын үздікке бітірді. Үлгілі шәкірт ретінде мектеп қабырғасындағы ұлағатты ұстаздарынан жоғары баға алды. Мұнан кейін бала күнгі асқақ арман мен межелі мақсат бозбала жігіттің Алматы қаласына келуіне негіз болды. 1970 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мем¬лекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) «Тарих» факультетіне құжат тапсырды. Алайда, үлкен қалада оң-солын танып үлгермеген жас жігітке бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін таныс, туыс ешкім болмады. Кейіпкерімізге жоғары оқу орнына түсу үшін емтихан тапсыру жұмыстары аяқталғанша тіпті, бірнеше күн қатарынан кісі аяғы толастамайтын теміржол вокзалында қонуға тура келді. Алайда, бұл қиындықтар оның білім алуға, ізденуге, мамандық меңгеруге деген арман-мақсатына кедергі келтіре алмады.
– Алматы – үлкен қала. Ол қалада оқу, білім алу, өмір сүру мен үшін асқақ арман болды. Сол арманның жетегіне еріп 21 жасымда алып шаһарға табан тіредім. Оқуға түсуім үшін 3 пәннен емтихан тапсырады екенмін. Жанашыр ешкім болмады. Күндізгі уақытым университет қабырғасында емтихан жұмыстарына арналса, кешке вокзалға келіп ұйықтауыма тура келді. Үш күн өткеннен кейін емтихан қорытындысы жарияланды. Мен үш пәннен де 5-тік баға алдым. Қуанышымда шек болмады. Осылайша, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің студенті атандым. Жатаханада тұрып оқыдым. Бес жыл қатарынан жоғары стипендия алып, үйге ауыртпашылық түсірмеуге тырыстым. 1975 жылы «Тарихшы. Тарих және Қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығы бойынша қызыл диплом иелендім, – дейді студенттік кезеңдерін ой елегінен өткізген кейіпкеріміз.
Айта кету керек, Нұрмағанбет Ибадуллаұлының білімге құш¬тар¬лы¬ғын, мамандыққа деген қызығушылығын аңғарған жо¬ға¬ры оқу орнының басшылық құрамы Қазақ ССР-нің Ғылым академиясының «Тарих, археология және этнография» институтына арнайы жолдама беріп, әлемге әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның жанында зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік ұсынған. Алайда, туған жерді тұғыр көрген ол өскен ортаға оралуды, туған өлкеде еңбек етуді жөн көріпті. Мұны жастық шақтағы елеулі бір белес, үлкен өмірдегі таңдау мен еңбектегі жарқын жетістіктердің бастауы ретінде қарастырсақ болады.
Нұрмағанбет Қуандықовтың еңбек жолы 1975 жылы №39 «Қызылөзек» орта мектебіне тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарудан басталады. Арада бір жылдан кейін жоғары білімді жас маман мектеп директорының оқу және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары ретінде еңбек етеді. Шәкірт тәрбиелеудің өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Бұл жауапты жұмысты абыроймен атқарып, үлкен-кішінің алғысын арқалаған азамат 1980 жылы Қараөзек стансасындағы №128 «Қараөзек» сегіз жылдық мектебінің директоры болып тағайындалады. Кейіннен қазіргі Шаған ауылындағы №37 орта мектебінің директоры болып жемісті еңбек жолын жалғастырады. Білім саласында өшпес іс пен із қалдыруды мақсат еткен білікті басшы 1987-2004 жылдары Нағи Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебінің директоры болып тағайындалып, ауданның білім саласын дамытуға, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге айрықша үлес қосты. Бүгінде ардақты азаматтан тәлім мен тәрбие алған оқушылар тәжірибелі маман ретінде тәуелсіз Қазақ елінің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуде. Олар ұстаздарын, ұстаздарының еңбегін, маңдай терін ұмытпайды.
Құт қонып, бақ дарыған Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігін, даму белестерін жақсы білетін Нұрмағанбет Қуандықов 2004-2013 жылдары Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарып, 2013 жылы наурыз айында зейнеткерлікке шықты. Сырдария аудандық мәслихатының үшінші шақырылым депутаты ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да қажырлы еңбек сіңірді. Бір қуанарлығы, ұзақ жылғы еселі еңбек уақытылы еленді. Нұрмағанбет Ибадуллаұлы 1983 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 1985 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін иеленді. Қоғам өмірінен қол үзбеген, әрқашан игілікті істердің басы-қасынан табылатын ардақты азамат 2011 жылы Елбасы Жарлығымен «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Мұнан бөлек облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хаты» берілді. «Кеудемде жарқыраған медальдардың ішіндегі ең қымбаты «Сырдария ауданының 90 жылдығы медалі» дейді кейіпкеріміз. Өйткені, туған жердегі еңбектің еленуі ерекше сый, айрықша құрмет. Нұрмағанбет Ибадуллаұлының «Өз тағдырыма шексіз ризамын» дейтіні де сондықтан.
2013 жылы Қоғамдық кеңес ұғымы қалыптасқан уақыттан бастап Нұрмағанбет Қуандықов қоғам үшін қажетті жұмыстың басы-қасынан табылып, Нағи Ілиясов ауылдық Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдағы бірліктің, ынтымақтың қалыптасуына, үлкенді-кішілі мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысып келеді. Қоғамдық кеңестің халық пен билік арасында алтын көпірге айналуына зор еңбек сіңірген ардагер өзге өңірлердегі әріптестеріне де тұрақты түрде тәжірибесін бөлісіп келеді. Бұл аудан үшін де, ауыл үшін де зор абырой, қажырлы еңбектің жемісі.
Жауапты қызметтерде тапсырылған жұмыстарды тиянақты орындап, жаңашылдығымен, біліктілігімен танылған Нұрмағанбет Қуандықов отбасында аяулы жар, асыл әке, қамқор ата атанды. Ардақты азамат денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан өмірлік жолдасы Базаркүл Зәкірқызымен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да жоғары білімді. Үйдің үлкені Жанат әке ізін жалғастырып, Қызылорда қаласындағы №11 мектепте бас¬тауыш сынып мұғалімі ретінде еңбек етуде. Қайрат Қуандықов аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және қорғаныс бөлімінің басшысы болса, Салтанат аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері. Ал, үйдің кенжесі Сағадат Нұрмағанбетұлы қазіргі таңда республика бойынша үздік ауыл болып саналатын Нағи Ілиясов ауылының әкімі. Облыс бойынша ең жас ауыл әкімі болып саналатын ол маңызды шешімдерді қабылдарда әкеммен кеңесемін дейді. Бұл да әке мектебін көргенді, әке еңбегін түсінгенді, әке жолын құрметтегенді білдіреді. Сондықтан қай қырынан алсақ та үлгі-өнеге етуге болатын Нұрмағанбет Қуандықовты мерейлі жетпіс жасқа зор абыроймен, асқақ беделмен жетіп отыр деп нық айта аламыз. Жетпістің желкенін керген ғибратты ғұмыр иесінің абырой тұғырынан, бедел биігінен көріне беруіне біз де тілектеспіз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

17 тамыз 2019 ж. 954 0