Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

Ғұмыры ғибратқа толы ардақты азаматтар қоғам өмірінде қай кезде де қадірлі. Өзіндік орны бар тұлғалардың қажырлы еңбегі мен өнегелі ісі ешқашан ұмытылмайды. Сондай жайсаң жандардың бірі қатар қызмет атқарып, бізге ақылшы аға бола білген Әуезхан Әбішаев болатын. Әуезхан аға туралы естелік жазу үшін кейінге көз тастап, өткен күндерді ой елегінен өткіздім. Санама жақсы естеліктер, адал еңбек пен ізденіске толы кезеңдер оралды.
1973 жыл. ҚКП Тереңөзек аудандық коми­тетінің бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев мені қабылдап, Қызыл­өзек ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқаруыма ұсыныс жасады. Жас болсам да сенім артып, тапсырылған жұмысты абыроймен атқаруыма сәттілік тіледі. Содан мен небәрі 25 жасымда Қызылөзек ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Округке 3 елді-мекен және қой шаруашылығымен айналысатын совхоз қарайды екен. Естір құлаққа шағын аймақ болып көрінгенмен, 6 мыңнан астам халқы бар болатын. Сонымен бірге 3 мектеп, 3 медпункт, аурухана, балабақша, кітапхана және клуб үйлері секілді әлеуметтік нысандар жұмыс жасайды.
Басқару ісінде мол тәжірибем болмаса да Қызылөзек ауылдық кеңесін дамыту бағытында нақты жоспарлар құра бастадым. Әрбір жұмыс күніме мән беріп, сөзі мен ісі үйлескен алдыңғы буын аға-апалармен ақылдасып, ұсыныс-пікір­леріне сай еңбек еттім.
Қолға алынған бастамаларды уақытылы, сапалы жүзеге асыру, ауылдың әл-ауқа­тын көтеру, халықты ауызбіршілік пен мәдениет­тілікке бағыттау ісінде мектеп мұғалімдерінің алатын орны ерекше емес пе?! Сондықтан да барлық жерде ұстаздар қауымы белсенді көштің басында жүреді. Мен Қызылөзек ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған жылдары Әуезхан Әбішаев сол кездегі №39 Қызылөзек орта мектебінің директоры қызметін атқарды, әрі ауылдық кеңестің депутаты болды. Ал, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аймахан Жусупов Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім екен. Мектеп ұжымының бірлігі мол болатын. Қай істі бастасақ та бірінші қолдауды ұстаздар қауымы жасап, кейін қолға алынған жұмысқа үлкен-кішілер үн қосатын. Қазір ойласам, мұның бәрі мектеп мұғалімдерін игі іске жұмылдыра білген білікті басшыға тікелей байланысты екен.
Әуезхан ағай тазалықты сүйетін және өзге­лер­ден де соны талап ететін. Өзін-өзі ұстауы, қарапайымдылығы мен сыпайылығы үлгі-өнеге болған азаматтың сөйлеу мәнері ерекше еді. Әсіресе өз ойын, көзқарасын бүкпелемей ашық, нақты айтатын. Ойланып, өткен мен бүгінді бағамдап барып, ой қозғайтын. Нағыз ұстаздардың ұстазы дерсің. Шәкірттерге деген сүйіспеншілігі, қамқорлығы туралы айтпай өту мүмкін емес. Оқушылардың басым бөлігі малшылардың баласы екенін білетін ағай олармен сырласуды, пікірлесуді, қолдан келсе, көмек көрсетіп, қамқор болуды ұмытпайтын. Тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде ол кісі жүздеген оқушының жүрек төрінен орын алды десек артық айтқандық емес. Қазіргі таңда Әуезхан ағайдың тәлімі мен тәрбиесін көрген оқушылар ел дамуының әралуан саласында жемісті еңбек етуде.
Сол кезеңдерде шаруашылықты басқарған Зейнолла Мыңбаев, совхоздың партком хатшысы Әбжәми Сұлтангереев, Социалистік Еңбек Ері Ахмет Халықов, ферма меңгерушілері Жұмағали Ыдырысов, Асанбай Абдрахманов және басқа да көптеген азаматтармен қызметтес болдым. Жоғарыдағы аты аталған кісілер Әуезхан ағайдың құрдастары, үзеңгілес достары бола білді. Барлығы Қараөзек қой шаруашылығын дамытуға, совхоз экономикасын өркендетуге айрықша үлес қосты. Ал совхозға еңбек етуге келген жас мамандарға ақыл айта отырып, қолдау көрсету Әуезхан аға секілді кеңпейілді азаматтарға парыз болатын.
Қараөзек ауылының тарихында өзіндік қолтаңбалары қалған жандардың ешбірі ұмытылмайды. Өйткені ағалар ізін ұрпақтары жалғастыруда. Осы естелікті жазып отырып Әуезхан аға бастаған азаматтар менің биік белестерді бағындыруыма қаншалықты ықпал етті деген ой келді. Мен ел ағаларының қолдауымен осы қой шаруашылығының ауыл­дық кеңесін басқара жүріп, Алматы қала­сындағы жоғары партия мектебін бітірдім. Қазақстан компартиясының ХІV съезіне делегат болып қатыстым. Сонымен бірге ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болғанымды да ерекше атап өткім келеді.
Жалпы әйел адамға, оның үстіне жас қыз­дар­ға шаруашылықта ерлермен қатар жүріп, ауыртпашылығы мол жұмысты абыроймен атқару оңай емес. Ол ағалардың адамгер­шілігіне, қамқорлығына тікелей байланыс­ты. Осы ретте жанашыр ұстаз болған жақсы жандарға, оның ішінде жас болсам да сенім артып, сәттілік тілеп Қызылөзек ауылдық кеңесіне жұмысқа жіберген Қонысбек Төрешұлына және Әуезхан аға секілді адал­дықты ту еткен жанашыр азаматтарға ерекше алғысымды айтамын.
Мәңгілік өмір жоқ. Әуезхан ағаны ажал өте ерте ортамыздан алып кетті. Артында Айжамал ападай асыл жары, Әлішердей текті ұлы Элмирадай ибалы қызы қалды. Әлішер ініміз ардақты ағаның өзі, көзі десек те болады. Байсалды, мәдениетті, парасатты жігіт болып өсті. Жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Әке абыройын асқақтатып, қай талапта, қай тарапта жүрсе де биіктен көрінді. Бүгінде өзі де еңбек демалысында. Әке рухына тағзым етіп, Әуезхан ағаның 90 жылдығын атап өтуді қолға алыпты. Ниет қабыл болсын! Лайым ағаның рухы ұрпақтарын желеп-жебеп жүрсін!

Алма Бахтиярова,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»,
ҚР Мәдениет саласының
қайраткері

06 шілде 2019 ж. 904 0