ҚОЛӨНЕРШІ ҚАТШАНЫҢ ҚАМШЫ ӨРГЕНІ РАС ПА?
«Шешеннің артында сөзі, шебердің ісі қалады» дегендей, уақытында ұлттық қолөнердің бүгінгі күнге бұзылмай, қайта заман талабына сай жетілдіре, түрлендіре жеткізушілердің бірі, ұлағатты ұстаз, он саусағынан өнер тамған шебер Қатша Өтешова десек қателеспейміз. Өзі кезінде аудан көлемінде өзіндік ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар талантты өнер шебері келер ұрпақ үшін өлшеусіз еңбек етіп, тер төкті. Соңынан шәкірт тәрбиелеп, өзінің дарындылығының арқасында аудан, облыс, республика, Одақ көлеміндегі қолөнер көрмелерінде қайталанбас өнер туындыларын көпшілік назарына ұсына отырып, жоғары баға алған.
Мәскеуде өткен өнер фестивалінде «ең жақсы» деген өнер туындылары каталог-кітапқа енсе, сол кітапта Қатша Өтешованың бірнеше еңбегі бар. Сонымен бірге тереңөзектік шебердің Ленинград, Мәскеу қаласындағы өнер музейлеріне бірнеше еңбегі қойылған.
Асыл тасты тот баспағанымен, шаң басары сөзсіз. Оны әлсін-әлі тазартып отырса, ол жарқырай бермей ме?! Сол секілді келешек ұрпақ жадында қалуы үшін ел мақтанышы болған жанның еңбегін дәріптесек, жастар үшін үлкен өнеге мектебі болары рас. Бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылыққа деген ұмтылысының немқұрайлығы, «үйренсем, білсем» деген құштарлығының төмендеп тұрған кезеңінде ата кәсіпке деген сезімі оянар ма еді?! Әбу Әли Даққақ сопы «Ешкім екпей, өзімен өскен дарақтың жемісі емес тек, жапырағы ғана болады» деген екен.
Қ.Өтешова 40 жыл ұстаздық еңбек жолында қал-қадірінше ұттық қолөнермен айналыса жүріп, осы салада ондаған шәкірттерін шеберлікке баули білді. Атап айтқанда, №35 мектеп-лицей түлектері К.Рахметова, А.Абдрайымова, К.Әбдіомарова, А.Пірімбетова, Г.Серекова сынды шәкірті бүгінде ұстаз тәлімін жалғаған.
Енді осындай игілікті істермен көп құрметіне бөленген жан жайлы сол кездегі ҚазМУ-дің студенті Индира Самыратқызының «Еңбек туы» газетінің 1990 жылғы 26 шілдесіндегі санында көлемді мақала шыққан. Онда Қатша Өтешованың 1925 жылы дүниге келіп, 1940 жылы Қалжан Ахун мешітінің жеті жылдық мектеп-интернатында оқығаны, соғыс зобалаңында мектеп-интернатқа оқытушы болып орналасуы жайлы айтылады. Жас қызға мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Мінайдар Аюповтың ұсынысымен түнгі уақытта астықты қарауылдау міндеттеледі. Қарауыл бол жүріп, үйінен ешкі жүнін әкеліп, оны иіріп, сол жерге өрмек құрып, қап тоқиды. Қаптарын мектеп-интернат оқушыларына тамақ үшін астық дайындауға жаратады. Осындай ісінің нәтижесін көріп, ісмерлікке бет бұрады. Тігін машинасымен жұмыс істеуді толық игеріп, ұлттық қолөнерге деген құлшынысы артады. Нәтижесінде өнерді өміріне мәңгі серік еткен жан қолөнер шебері атанады.
Өнер жанашыры ретінде Қатшаның өзі де қолөнерге деген немқұрайлыққа жаны күйзеле «Еңбек туы» газетіне мақала жазыпты. «Жастарымызды ұлттық бұйымдар қызықтырмайды. Олар тек жаңадан шыққан заттарға жүгіреді. Жасыратыны жоқ қазіргі жастарымыз түгіл, тіпті кейбір орта жастағы әйелдеріміздің өзі ұлттық бұйымдарымыздың атауын білмейді, ажырата да алмайды. Ал ата-анасы білмеген нәрсені балалары қайдан білсін?!
Қазақтың төл өнерінің бірі де бірегейі тоқымашылық пен өрмешілік – ұмыт қалып бара жатқан өнер. Тоқудың әрбір шалысында, терудің әрбір түйінінде, ою-өрнектің әрбір иінінде үлкен шеберлік пен ептілікті қажет ететін әдістер жетерлік. Өкініштісі сол, бүгінгі жастар оны меңгере білмеуі, тіпті көпшілігінің үйренуге құлқы жоқ. Ел ішіндегі қолөнер шебері жалғыз мен емес шығар?! Ел ішінде ондап саналар, көпшілігінің тамаша қолтумалары өзінің отбасының аумағынан аса алмауы мүмкін. Сондықтан олар өнерлерін дамыта отырып, көпшілікке ұсына білсе» деп білдіреді өз ойын.
Қ.Өтешова тұсындағы өнер заман ағымына қарай дамуда. Ел ішінде әл-қадірінше осы өнерді дамытып, шәкірт тәрбиелеуде Айдарлы ауылында Роза Әлбатырова Қатша апасы секілді бір өзі еңбек етуде. Бірақ көпшілік жастар осыны игеруге бет бұрмауы қынжылтады. Бүгіннің өзінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірегейі болған киіз үйден де алшақтай бастадық. Мұның өзі құндылықтарымыздың жойылуына әкеліп соғады. Бұл сонау қолөнер шебері Қатша Өтешованың кезінен басталған жан айқай. Сондықтан елге ісмерлігімен, дара қабілетімен танылған қолөнер шеберлеріне құрмет білдіріп, олардан қалған ізгі істі жалғастыру жастарға міндет. Сонда ғана біз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаймыз, қазақылықтан айнымаймыз. Ал бұл жолда Қатша Өтешовалар қаншама еңбек сіңірді.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы