ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ӨНЕР
Аудандағы әрбір ауылға бара қалсаң, елді мекеннің өзіндік ерекшелігін байқайсың. Бір ауылда тіршілік қайнап жатыр, келесі біреуі қасиетті мекен саналады. Ал енді бір елді мекеннен қолөнер шеберлері шығып, ұлттық құндылықтардың жанашыры болған. Айтпағымыз, Айдарлы ауылынан шыққан қолөнерші хақында.
Ауданнан шалғай жатқан елді мекеннен көптеген шеберлер шыққаны мәлім. Мұнда «Айдарлыда ұл туды дегенше, ағашқа күн туды» деген нақыл бар. Яки, әрбір айдарлылық ұсталыққа жақын деген сөз.
Ағашты оюлап, темірден түйін түйген шеберлердің жәдігерлері ауылда сақтаулы. Жуық арада жол түскенде сондай құндылықтарды көзбен көргеніміз бар. Кезінде облыс жұртшылығына, тіпті республикаға аты мәшһүр болған қолөнер шебері, білікті ұстаз Сражаддин Әкімовтың шаңырағына бардық. Бізді жылы шыраймен марқұмның жары Күләш Есенбайқызы қарсы алды. Күләш апайды бұған дейін де білетін едік. Ауылда іс-шара болса, оның басы-қасында жүреді, елді мекен тіршілігіне етене араласып келеді.
– Төрлетіңдер! Бұл Айдарлы ауылы нағыз таланттардың мекені ғой. Өнерлісі де, алтын қолдысы да жетерлік. Менің жолдасым сол қатардағылардың бірі еді, – деп күрсінді. Содан соң төргі бөлмеге бастап:
– Сендерге ол кісіден қалған жәдігерлерді көрсетейін. Іздегендерің сол ғой, – деді.
Біз де көруге асықпыз. Өйткені, үлкендерден С.Әкімов жайлы естігеніміз көп. Ол кісінің құндылықтары республикалық көрмелерге шыққанын білгенде арнайы іздеп келген тұсымыз осы еді. Күләш апай әуелі қолөнер шеберінің өмірімен таныстырды.
С.Әкімов алғашында тракторшы болса, кейіннен оқу оқып, ауыл мектебінде «Саз және әуез» пәнінен сабақ береді. Мектеп жанынан ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырып, көркемөнерпаздарды жинайды. Өзі «Сыр сұлуы», «Сыр толқыны» ансамблінің мүшесі болып, облыс, республика көлемінде өнер көрсеткен. Өнерлі жан ұстаздық ете жүріп, ұсталығымен де танылған. Мұндай қасиет оның тегінде бар. Ол туралы өз естелігінде айтыпты. «Менің әкем Мұхамед-әнәпияның ұсталығы болған адам. Бірақ ол кісі негізінен молдалық, тәуіпкершілікті пір тұтқан. Ал, әкемнің әкесі Ақым деген кісі ұста-шеберліктен есімі бүкіл елге жайылған адам екен. Ағаштан зат жасағанда бір түйір шеге қолданбай өтіпті. Ауылдағы ақсақалдар менің түр-тұрпатымды сол кісіге ұқсатады. Нағашым – Сәдуақас Оразымбетұлы да осы өңірге аты шыққан әйдік ұста адам еді. Өз шешем Мәрия Оразымбетқызының отбасына күнделікті керекті заттарды өз қолымен қиналмай-ақ жасап алып, пайдалана беретінін талай көрдім. Тігіншілігі де басым жататын. Мені қолөнер шеберлігіне итермелеген, қолдаған осы жәйттер болса керек» депті естелігінде.
Ата кәсіпті Сражаддин Әкімов өзі үйреніпті. Бірде ол көшеде келе жатып қамшы тауып алады. Үйіне келісімен қамшы өрімін тарқатып, оны қайта өрген. Содан бастап ұсталыққа бет бұрып, ағашты оюлаған, темірден түйін түйген. Шебер ұста атанып, жұртқа сұранысқа сай қажеттіліктерін жасап беріп отырған. Кезінде тұрғындар қызға жасау беру немесе шілдеханаға бесік апару үшін базарға емес Сражаддин ұстаның шеберханасына баратын болған. Оның қолынан көптеген дүние жасалған. Мәселен, кебеже, сандық секілді тұтыну заттарынан бастап, келі-келсап, күбі, адалбақан, құранды ер, бесік, шаңырақ, ыдыс-аяқтың түр-түрін жасап шығарған. Одан бөлек, домбыра, қыл қобыз, шаң қобыз, шертер, асатаяқ секілді музыкалық аспаптар тұрғындар сұранысын қамтыған. Осындай он саусағынан өнер тамған жанның ұлттық бұйымдарымен, қолөнер туындыларымен 1992 жылы «Қазақтардың бүкіләлемдік бірінші құрылтайында» Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев арнайы танысқан. Сондай-ақ, Финляндия Президенті қазақтың көне жәдігерлеріне тамсанып, қызыққан көрінеді.
Өмір жолын айтып берген Күләш апай шебердің қолынан шыққан мұраларды біртіндеп көрсете бастады. Өрім-өрім қамшы, желпуіш, Құран оқитын ашамай, шоқпар, шыпыртқы, шөміш, қымыз құятын ыдыс, құмыра, мүйізден жасалған бозбай, май шам тұғыры, музыкалық аспаптар, қылыш және тағы басқа да жәдігерлер сақталған екен. Ұстаның қолөнер туындыларының көбісін жұртшылық алып кеткенін айтты. Ал осы қалғанын ардақты ана оның көзі ретінде сақтап отыр екен. С.Әкімовтың тұтынған заттарының ішінен кезіндегі «Зенит» фотоаппаратының үшеуі шықты. Яғни, ол кісі сурет түсіруге де әуес болыпты. «Жігітке жеті өнер де аз» деген осы болар.
Өкінішке орай, ұстаның шеберханасы сақталмапты. Біраз бұйымдары да тарап кеткен. Әкеден балаға дарыған қасиет ұлдарына қонған. Соған орай, облыс орталығында тұратын ұлы әкенің ісін жалғап, ұсталықты кәсіп етпекші екен. Тұла бойына өнер тұрған тұлғалардың ұрпақтары сол ізгі жолды жалғап жатқаны әрине қуаныш.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ