Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ата-баба мұрасын дамытамыз десек...

Ата-баба мұрасын дамытамыз десек...

Абай атамыз «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек болар. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген болатын.
Қазақ халқының қолөнері сан ғасырлық ақыл-ойдың тәжірибесі және табиғатты түсіне білудің, сонымен қоса шеберлік пен суреткерліктің құдіретті туындылары десек, өнерпаз шеберлердің жан дүниесінен өзіндік ерекшелігімен өріліп шыққан өнер туындысы адам жанын рухани байытып, талғам тынысын, көңіл көкжиегін кеңейту құралы. Өнер туындысынан алатын ләззат шеберге деген ризалық сезімге ұласады. Себебі, шебердің маңдай тері, ақыл-парасаты, талғам түсінігі, түрлі ғылымдар саласындағы білімі, дүниетанымы өзіндік ерекшелігімен қайталанбас қолтаңбасының көрінісі.
Қазақ қолөнерінің бүгінгі халіне қарасақ, өкінішке орай, ұлттық өнер, керемет ата-баба мұрасының қайсыбір түрлері әр түрлі тарихи себептермен жалпы ағымға, техникалық прогреске, қалалық сәнге, т.б. байланысты көпе-көрінеу ескіріп, өткен өмір еншісіне айналуда, оған ешкім мән бермеуде. Киім-кешектен бастап құрал-сайманға, сан алуан жиһаздарға дейін дүкеннен немесе базардан жартылай фабрикаттың өнімін сатып алатындықтан, бұрынғыдай үй жағдайында ағаш ұқ­сатылмайтын те­рі илен­бейтін, шек­пен то­қылмайтын, ки­ім тігілмейтін болды. Таби­ғи бояулар шыға­рудан, желім жасаудан, сабын қайнатудан қал­ғалы қашан!?
Қазақтың құрал-сай­­­­манын, қару-жа­ра­­­­­ғын, алтынмен ап­та­­ған, күміспен күптеген заттарын тек музейден көруге болады. Ал, қасабаны, қарқараны, құрақты сұламаны, күндікті, күдері бешпентті, жарға тонды,ішікті, көксауыр, шегірен етіктерді, кебіс-мәсіні музейден де таба алмайсыз. Оқа, зерлі кесте, ілме кесте тігуден, шеркет тоқудан да көз жазып қалдық. Қазақтың қалы кілемінің нұсқалары мүлде жоғалып кетті. Бұрын құрылыс ісінде пайдаланған қыр оюы, қырма өнерінен қазіргі жұрттың білетіні шамалы болса, оны орындаған шеберлердің әдіс-тәсілдері өздерімен бірге кетті десек те болады.
Қолөнер шеберлері болашақ үшін бүгінгі ұрпақты білімді, өнерлі болуға баулу бағытында еңбек етуде. Әр ұрпақ өзінен кейінгі ұрпақтың кей себептермен әлсіз тұстарына мән беріп, оны жөндеуге ықпал етеді. Сол қағидаға сүйене отырап, біз де бүгінгі жастардың кейбір істеріне көңіліміз толыңқырамайды. Себебі, өмірде көріп жүрген, болып жатқан жайларға көз салсақ, алдымыздан білім мен еңбек дағдысын алып, өмір деген қиын да ауыр тірлікке араласып, болашақ негізін қалайды деген жастарымыздың бойынан ұлттық өнерге, еңбекке деген көзқарасы мен бейімділігінің кемшін тұстарын көріп келеміз. Мысалы, қоғам өзгеруіне сәйкес өмірге нарық заманы енуіне байланысты еңбекке икемсіздігінің нәтижесінде еліміздегі жұмыссыздық жастар еншісіне көбірек тиюде. Егер мектеп қабырғасында қолөнердің бастауынан нәр алған жастар болса, өмірде өз орынын табар еді деп ойлаймын.
Қолөнер дегеніміз кәсіптің бірі де, бірегейі. Ал, кәсіп – ол адамзаттың тіршілік көзі. Неліктен қолөнерге деген халықтың ынта-ықыласы төмен? – деген сұрақ туындайды. Оған жауап ретінде мынандай үш себепті ұсынар едім.
Біріншісі, қол үзіп бара жатқан ата кәсіпке жана­шырлық танытып, оны дамытамыз деп жүрген елдегі қол­өнер шеберлеріне қамқорлық жасау қажет.
Екіншісі, дүкен, базардағы жартылай фабрикаттық тұрмыс заттарымен бірге ұлттық қолөнер шеберлерінің осы заман талабына сай дамытып, жетілдірілген бұйымдарын тұрмыста пайдалану қажет.
Үшіншісі, мектеп қабырғасында ұлттық өнерді насихаттап оны жас ұрпақ бойына сіңіре білсек ұтарымыз көп.
Осы үш себеп оң шешімін тауып жатса, бүгінгі заман талабына сай жастарымыздың еңбек етіп өмір сүруі жақсарып, олар да еліміздің әлеуетін көтеруде өзіндік үлес қосар еді. Ғылым мен өнер егіз десек, ғылыммен ұштасқан өнер үлкен өнертапқыштық деңгейге жеткізеді. Мысалға, қарапайым жапондық Америка атом бомбасын еліне тастағаннан кейінгі бүліншілікте шашылып қалған дүниелер арасынан велосипед пен бір кішкене мотор тауып алып, моторды велосипедке орналастырып, одан әрі ізденудің арқасында танымал «Хонда» мотоцикілін дүниеге келтірген. Өнер шебері өзінің жалғыз ұлын фирмада қара жұмыстан бастатып, автокөлік жасау өндірісінің барлық саласынан өткізген. Өндіріс жайын көзбен көріп, қолмен орындатып істетуден баласының қарым-қабілетіне көңілі толған әкесі өз орнын баласына сеніп тапсырген екен. Ал, қазір осы компанияның атақ-даңқын әлем мойындап отырған жоқ па? Ал, бізде осы үрдіс қалай қалыптасуда? Ауқаттылар емес өзіміз секілді қарапайым отбасылардың өздері ұлы мен қызының қол еңбегімен айналысқанына араласып, қызметтік орнынан көргісі келетіні өтірік емес. Мектеп қабырғасында балаларының белгілі бір өнер түрін бойына дарытуына мән бере алмауының салдарынан бар мүмкіншілігін тауысып оқытып, қызметке тұрғызады. Ал қызмет өмірлік емес. Қазақта «Тулақтан шыққан дыбысқа сабау да ортақ, тулақ та ортақ» деген сөз бар. Сондықтан сіздер мен біздер ертеңгі елдің болашағы деген жастар бойына еңбек дағдысының қалауына, ата-анасы ата-бабадан аманаттап алып келе жатқан ұлттық дәстүріміз бен қолөнерімізді ұрпақ бойына сіңіруге бірлесе еңбек етер болсақ, «Салақтан олақ жаман» дегендей мектеп қабырғасынан олақ жастар шықпас еді.
Шыны керек, дәл қазір қыз-жігіттеріміздің басым бөлігі олақ. Сонымен бірге, ағарту саласы басшылары кеңес кезеңіндегідей мектептердегі еңбек пәнін үйлес­тіретін орталық жұмысын жандандырса игі. Және де ел ішін­де небір алтын қолды қолөнер шеберлері баршылық. Осындай өнер шеберлерінің орындаған шығармашылық жұмыстарынан көрме әрі шеберлік сабақтарын үздіксіз мектепте өткізуге қол жеткізсе деген тілегіміз бар.
Ойды ой қозғайды деген. Көкейдегі ойды оқырман­ның ой таразысына ұсына отырып, әйтеуір тамшыдай болса да бір пайдалы іске қозғау болар деген үмітпен осыны айтып отырмыз.

Жәнібек Маханбет,
Қазақстан суретшілер
одағының мүшесі
11 маусым 2019 ж. 964 0