Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЛӨНЕРДІҢ ХАС ШЕБЕРІ ҚОБЛАНДИН

ҚОЛӨНЕРДІҢ ХАС ШЕБЕРІ ҚОБЛАНДИН


Өткен ғасырдың 50 жылдары­ның бас кезінде Терең­өзекте Марқа атты қолөнер шебері өмір сү­ріп­ті. Он саусағынан өнер тамған азамат ағаштан түйін түйіп, сандық, кебеже, шкафтар жасаудың хас шебері бо­л­ыпты. Сондай көз жауын алатын әсем, берік бұ­йымдарға ауқатты адамдар сұраныс береді екен.

Шебер жасаған бұйымдарына қазақтың ою-өрнек­терін пайдаланып, киім ілетін шкафтарға ілмешекті киіктің мүйізінен оюлап жасайтын болған. Бір ерекшелігі, сол бұйымдар арада 60-70 жыл өтсе де Тереңөзектің бірқатар үйлерінде көненің көзіндей болып, сыны мен сыры кетпестен жақсы сақталған. Бұл сол үйлердің иесінің ұсынақтылығы мен қолөнершінің қапысыз шеберлігін көрсетеді.
– Марқа аға Тереңөзекке 1952-1953 жылдары көрші облыстың Шалқар ауданынан көшіп келді. Қолы алтын шебер екен. Кенттің қазіргі «Өркен» дүкені орналасқан жерде немере інісі Ибрагим ағамен көрші тұрды. Ол кісі келгеннен кейін сол кездегі жүдеу тұрмысқа жан біткендей болып, көптеген үйлерде ол кісінің қолынан шыққан көздің жауын алатын жиһаздар төрден орын алды. Қазірде ол жиһаздардың бояуы өшпестен, уақыт ағымына төтеп беріп келеді, – дейді Тереңөзектің байырғы тұрғыны Сәния Төремұратқызы. Сондықтан «Марқаның соққан жиһаздары-ай» деп шебердің алтын қолына риза болатындар көне көздердің арасында бүгінде табылады.
«Еңбекқорлық, ұлттық мақтаныш, ұстамдылық сайып келгенде осы қасиеттердің бәрі де халықтың тұрмыс салты мен ұлттық мінезден шығады» – деген екен ғұ­лама ғалым Шоқан Уалиханов. Сол айтқандай, қолөнерші Марқа Қобландин еңбекқорлығын ұлттық мақтаныш көрген, өз кәсібіне әрдайым ұсанықтылық танытқан хас шебер екені анық. «Адам бір-бірінен дүние қуған байлығымен емес, білімімен, өнерімен озуы керек» – дейді даналардың бірі. Ағасы айтулы қолөнер шебері болса, Ибрагим аға мен Құрма апа білімді ұл-қыз тәрбиелеген Тереңөзекке белгілі адамдар болды. Үлкен ұлы – Жеңісбек жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын аудандық ішкі істер бөлімінде бастап, Жамбыл ОІІД-де бөлім басқарды. Қалыбек Ибрагимұлы бүгінде Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі. Тереңөзектен шыққан тұңғыш елші-дипломат. Сұлтанбек – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көгалдағы хоккейдің майталманы. Қобландиндер ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді.
«Халықтың игі дәстүрі біздің асыл мұрамыз» дегендей өткен ғасырда қолөнершілігімен аты шыққан шеберді ұмытпай, бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінде, оның еңбектерін жас ұрпаққа насихаттау, бұл өскелең жастар арасында ұлттық өнерді, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашпақ.

Шаһарбек Нұрсейітов

14 тамыз 2018 ж. 1 492 0