Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖУРНАЛИСТ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МЕХНАТЫ МОЛ

ЖУРНАЛИСТ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МЕХНАТЫ МОЛ

Сонау 1986 жылдың жаз айларында компартия­ның қылышынан қаны тамып тұрған кезінде Ал­матыдағы ҚазМУ-ді бітіріп, туған жерге келдік. Жүрегіміз өрекпіп, кеуде толы арман-мақсаттарды орындауға деген жастық жігер, құлшыныс мол шақ болатын. Дегенмен, жұмысқа орналасу оңай болған жоқ. Аудандық газет редакциясында дипломдары болмаса да, «дырдай атақтары» бар ақсақалдар қызмет істейтін. Ешқайсысының орнын берер түрі көрінбейді. Сонымен не керек, сол кездегі обком хатшысы, халық арасында өте беделді, сыйлы да қадірменді Нұржан Еркінұлы Әуелбековтың ықпалымен газетке әдеби қызметкер болып жұмысқа кірістім. Кейіннен білгенім, марқұм, журналист Серік Әлімбетов ағамызды радио­ұйымдастырушылыққа ауыстырып, мені оның орнына қойған екен.
Қызу да қызықты, қиын да абыройлы жұмыс басталып кетті. Үлкен-кіші кісілермен араласа жүріп, олардың жақсы жақтарын алуға тырыстық. Бүгінде бағамдап отырсам, газет сол кезден бері үш ауыр кезеңді бастан кешірген екен. Алғашқысы тоқырау болса, кейінгісі партияның қайта-қайта айта беретін «қайта құру» дейтін кезеңі еді. Ол кезде партия ұйымдарын сынау, олардың жұмыстарына шек келтіру қиын да қауіпті болатын. Соған қарамастан партия тұрмысы бөлімінің тілшісі ретінде талай сын және проблемалық материалдар жазып жүрдім.
Жас кезінде адам жасқаншақтықты білмейді, ысқаяқ есептің не екенін аңғармайды екен. Халық, ел, туған жер үшін деп кеудені жарып шыққан ойлар, ұсыныс-пікірлерді жиі жазатын едік. Бір күні аудан орталығын аралап жүріп, үлкен бір ауқымды проблема тауып алдым. Аудан орталығында әбден ескірген, тозығы жеткен ескі асхана, кинотеатр, кітапхана, жинақ банкісі бар-тұғын. Қазіргі пионерлер үйі, музей, профилактория-дауажайлар жоқ еді. Осы әлеуметтік-мәдени құрылыстардың құлау қауіпінде тұрғанын, жаңа заман талабына сай жаңартып салу қажеттігін дәлелдеп, «Ауылына қарап, азаматын таны» деген айдармен «Тереңөзек неге тым жүдеу?» атты тақырыппен сын материал жазып, оның бір данасын облыстық газетке де берген едім. Қырсыққанда, әлгі материал екі газетке қатар бір күнде шықты. Сол кезде аудандық партия комитетіне шақырылып, хатшылардан ауыр-ауыр сөз есіттім. Сөйтіп үлкен бәлеге қалдым.
Дегенмен, осы сын материал іске қозғау салды ма, аудан орталығынан қазіргі «Жастар» кафесі, «Жас ұландар» (пионерлер) үйі, балалар кітапханасы, қазіргі аудандық оқу бөлімінің ғимараты, профилактори-дауажай, басқа да түрлі әлеуметтік-мәдени құрылыстар шаруашылықтар есебінен салына бастады. Бүгінде жұртшылық осы құрылыстардың игілігін көруде. Сол кезде әлі есімде газет редакторы, бір жағы жезделігі бар Әбекең, қазіргі зейнеткер Абызбай Маханбетов: – Әй Мейрамбек, тып-тыныш неге жүрмейсің? Бүкіл қоғамды түп-тамырын қопарып, өзгерте алмайсың ғой?!... «Бетегеден биік, жусаннан аласа» болып, заман ағымын түсінбесең, саған қиын болады-ау, - деген-ді. Мен үнсіз күлдім де қойдым.
Кейіннен ойласам, ол кісі мен үшін таяқ жеген-ау шамасы. Бірақ обалына не керек: «Сен үшін «таяқ жедім» деп ешқашан да айтқан емес Әбекең.
Журналист қашанда халық үшін қызмет етеді. Ол қоғамдық пікірді қалыптастыратын, өз елінің шын патриоты, ұлтжанды, көзі қарақты, көкірегі ояу, қаламы қарымды, ойы ұшқыр болуы тиіс. Барлық мамандық иелерімен қоян-қолтық араласып, әр кәсіптің қыр-сырын жетік білуге тырысуы керек.
Туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастап, рухани-тәрбиелік істеріне белсене араласып отыруға міндетті, яғни журналистің араласпайтын саласы жоқ. Журналистиканың негізгі принциптері де – жеделдік (оперативтілік), шыншылдық, халықшылдық, өз ісіне деген талапшылдық, ізгі ниетшілдік – баршаға мәлім, өте қажетті таптырмас қасиеттер ғой. Осындай болашақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, уақыт керек етіп отырған мәселелерді журналист әрбір материалда жан-жақты қамтып отырады. Сол бір жылдары бүкіл мектептің ұл-қыздары тап-тар, мектеп формасынан басқа, шетелдік «банани шалбар» деп аталатын киімдер кие бастаған-ды. Бұл ұстаз досымның айтуымен осыған орай «Банани киген балалар» атты тәрбиелік мәні бар сын-сықақ материал жаздым. Ол бірден қозғау салмағанымен, мектептерге шалбар кию тиылғанын көзбен көріп жүрдік. Демек, әрбір оқиғаға жедел үн қосу – журналистің абзал міндеті.
Тоқырау жылдары мен қайта құруды бастан өткізген газет экономикалық дағдарыс кезеңдерін де байқамай қалған жоқ. Шаруашылық есеп, өзін-өзі ақтау мен қаржыландыру деп аталатын жылдары да жұртшылыққа бағыт-бағдар сілтеп, рух берді. Жетістіктерді мақтап, кемшіліктерді сынады. Міне осы жылдары «Біреуге жан, біреуге мал қайғы» атты материал жұртшылық көңілінен шықты. Онда мен кейбір мекеме, кәсіпорын басшыларының халыққа ең қиын кезеңде жеңіл машиналарды бірінен соң бірін мініп жатқанын сынаған едім.
Иә, айта берсек, мұндай мысалдар же­терлік. Жалпы ел, жұрт үшін, оның ұт­тық рухын асқақтату жолында жа­нын салып жүретін журналист ағайын­ның көріп жатқан құқайлары аз емес. Соған қарамастан ең қиын да құр­метті аудандық газеттегі әріптестерім барлық күш-жігерлерін, білімдері мен шеберліктерін жұмсап, ауыр да мехнатты жұмыстарын абыройлы атқарып келеді.
Қазіргі әлемді жайлаған дағдарыс кезеңінде кездесіп жатқан қат-қабат қиыншылықтарды да жеңуге талпынуда. Қандай бір материал жазса да онда ел тағдыры, ұрпақ болашағы, өркениетке жету жолдары өзек болуда. Бүгінде де алға қойған мақсат-міндеттеріміз мол. Нарық кезеңіндегі ел жағдайының төмендеуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, өмір сүрудің, кәсіп қылудың әдістері, тағы да басқа толып жатқан ауыртпалықтарға халықты әзірлеу мен тәрбиелеуде, жігер-намысын жануда аудандық газет қызметкерлері айрықша тер төгуде. Мен мұны мақтаныш санаймын.
Әрине, газетіміздегі журналистердің республи­калық, облыстық деңгейде жұмыс істеулеріне қабілет-қарымдары, парасат-пайымдары жетеді. Дегенмен жүрек қалауы мен тағдыр ауанымен аудандық газетті таңдап алды. Мұның бәрін тәптіштеп отырған себебім, бүгінде газетіміздің шыға бастағанына 80 жыл толып отыр. Ауданымыздың өсіп-өркендеуін көз алдыңызға елестеткіңіз келсе - шежіре газетімізді ақтарып көріңіз! Лайым 80-гі белестен әрі қарай газетіміз жаңа жетістіктерге, үлкен биіктерге жете бергей!

М.ШІЛДЕБАЙҰЛЫ
03 тамыз 2019 ж. 560 0