Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ

АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ

«Ат – ердің қанаты» дейді халық даналығы. Халықтың тарлан тарихының тереңіне үздіге үңілгенде тәнті болатынымыз бабалардың елін, жерін қорғап жаумен алысқанда қанды көйлек жолдасы, арқа-жарқа болып алқақотан көшіп, ақ түйенің қарны жарылып сән-салтанат құрғанда қызығы, сәнінің көркі күліктер болғанын білеміз.
Осы текті жануардың арқасында Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқамен Алатаудың арасын жалғады, алып аумаққа иелік етті.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ау­­дандық ардагерлер кеңесі» және «Сырдария ауданы әйелд­ері» қоғамдық бірлестіктерінің ұйым­­дастыруымен кент ор­талығындағы паркте «Атқа міну мәдениеті» атты тағылым­ды шара өткізілді.
Ізгілікті істің бастауында ат әбзелдерінен көрме ұйымдастырылды. Онда облысқа белгілі атбегі Қожабек Жаппасбаевтың әр жылдары сәйгүлік жаратқанда тұтынған әбзелдері, ауданға танымал ұста Сәйділда Сәдуақасовтың шабандоздар үшін соққан мүліктері және қол өнерші, қарт-ана сәкендік Салтанат Мамытаеваның жасаған әбзелдері көрмеге қойылды.
Рухани жаңғыруға арналған ізгі шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ашып, атқа міну мәдениетінің қыр-сырына тоқталды.
– Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Жұрт ұятын жапырақпен жауып жүргенде шалбар киіп атқа шапты. Үзеңгіні ойлап табу арқылы көлікке мінуде айтарлықтай жаңалық ашты, – деді ардагер. Мұнан соң ауданның бірқатар шаруашылықтарында бас маманы болған бүгінде зейнеткер, айтулы атбегі Қ.Жаппасбаев көрмеге қойылған өзінің ат әбзелдерімен таныстырып, ат ерттеудің жөн-жосығын көрсетті. Көрмеде сап түзеген құранды ердің түр-түрі, өмілдірік, құйысқан, аттың мойнына тағатын алқа тағы басқалар көз жауын алады. Атбегі ағаның кол­лекция­сында XVIII ғасырда жасалған антиквариат саналатын ер де бар. Қ.Жаппасбаев баптаған аттар талай дүлділді жарыста бас бәйгені жеңіп алды. Аймаққа танымал атбегі өзі тұтынған әбзелдерді көздің қарашығындай сақтап, осы күнге шып-шырғасын шығармай жеткізуінің өзі неге тұрады. Ол ат ерттеудің жөн-жосығын көрсету барысында сәкендік С.Мамытаева жасаған қыл шылбырдың қазақ үшін қандай маңызы болғандығын атап өтті. Оған аттың тері сінгендіктен улы жәндіктер жоламайтын көрінеді. Жылқының қасиеттілігін осыдан-ақ біле беріңіз. Осы орайда аудандық музей басшысы М.Омаров тұсаудың атты, аттың ерді, ердің елді сақтайтыны туралы жылқыға қатысты Төле бидің әділ шешім шығарғаны жөнінде ғибратты әңгіме айтып, шабандоз Қ.Жаппасбаевтың ат жаратудағы ерен еңбектеріне тоқталды.
«Nur Otan» партиясы облыстық жастар қанатының төрағасы Т.Тлес биылғы жастар жылында ардагерлердің бастамасымен өткізіліп отырған ізгі шараның мән-мағынасының терең екендігін, бұл істің өзге аудандарға үлгі болатынын атап өтті.
Шараға аға, орта буын және тай бас білдіріп жүрген жасөспірімдер қатысып, атқа міну мәдениетінің элементтерін көрсетті. Ізгі шараны қорытындылаған «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева ауданда жарқын істердің жалғасын таба беретінін жеткізді.
Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ат жалын тартқан ата-бабамыздың тарихынан, салт-дәстүрінен алар өнеге көп. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінен тарихи сананы қалыптастыра отырып, мемлекетшіл сананы орынықтыру керек екенін ұғасың. Бір сөзбен айтқанда өз қадір-қасиетімізді біліп, өткеннен үйреніп, ұлттық кодты жандандыруға әркім өзінің үлесін қосуы қажет.
Жылқыда рух шақырар, арқа қоздырар, адамға күш қуат беретін, тылсым күш-құдырет бар. Кез келген қазақ баласының ат үстіне отырып, оның тізгінін ұстау мақсат-мұраты болмақ. Өмірі жылқы баласын көрмеген ұрпағыңызға бір рет аламан бәйгені көрсетсеңіз, мың күнге рухани күш алады. Желдей ескен аттың үстіне мініп кеткісі келіп, елегізіп тұрады. Бұл біздің ұлттық менталитетіміз.
Біз жылқы мінезді халықпыз. Осы қасиет бізді қазіргі уақыт көшінен қалдырмай, алға ұмтылуға жетелейді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

30 шілде 2019 ж. 2 391 0