Шалғай ауылдар сапалы су көзіне қосылды
Сыр бойы тұрғындарын ауызсумен қамту жобаларына "Нұрлы жол" бағдарламасы тың серпін берді. Мәселен, Қармақшы ауданы 100 пайызға жуық сапалы жерасты су көзіне қосылды, деп хабарлады 24.kz.
Өткен жылы 1 миллиард теңгеге ауданның ең шалғай деген 7 елді мекеніне таза су жеткізілді. Сондай-ақ бас су тоғаны жаңартылып, тіршілік нәрін тұщыландыратын құрылығылар орнатылды. Бұған дейін талай жыл құдықтан тартып, тасымал суды пайдаланған ауыл тұрғындары қазір таза судың игілігін көріп отыр.
"Бұрын кішкентай кезімізде талай Сырдариядан иін ағашпен су тасыдық. Ыдыс арқалап, су іздеп жүретін едік. Қазір үйге су кіріп, жақсы болды. Балаларға да жылы, салқын су бәрі бар. Көрші-көлем бәрі риза, барлығының үйінде су ағып тұр. Әйтеуір су тоқтамайды", - деді Жосалы кентінің тұрғыны Мейрамбек Бөгенбаев.
Жазғытұрым Жосалы кентінде су тапшылығы туындайтын. Себебі ескі су сақтау қоймасының мүмкіндігі аз еді. Осы ретте "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 5 мың текше метрлік жаңа резервуар орнатылып, Германияның қуаттылығы жоғары автоматты қондырғылары әкелінді. Сондай-ақ судың тұздылығын азайту бекеті іске қосылды.
"29 елді мекеннің 18-і бүгінде толық орталықтандырылған тәулік бойы үзіліссіз жерасты ауызсумен қамтамасыз етілді. Қалған 11 елді мекен негізінен теміржол бойында орналасқан разъездер мен малшы ауылдар", - деді Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мұқашев.
Су құбырында іркіліс болған жағдайдың өзінде жаңадан салынған су сақтау қоймасы 3 тәулік бойы аудан орталығын тіршілік нәрімен қамти алады.
Пікір 2