Іргелі Іңкәрдария
Жарты ғасырдан аса тарихы бар ауыл халқы қазір бақшалық дақылдарды егумен және мал шаруашылығымен айналысады. Қызылқұм қойнауына егілген қауын-қарбызды аудан, облыс жұртшылығы жылда күтетіні рас. Дәмі тіл үйіреді. Сұраныс болған соң іңкәрдариялықтардың көбісі осыны кәсіп етеді. Десе де, ауыл тұрғындарына мемлекеттік қолдаудың игілігін пайдаланып, шағын және орта бизнесті дамытқаны жөн. Себебі, аудандағы ең төменгі көрсеткіш осы ауылда. Мәселе көрсеткіште емес, тек ауыл адамдарының «жұмыссызбын» деп жатқанынан кәсіпке ден қойғаны дұрысырақ. Әйтпесе, әуелгі қой совхозы болып құрылғандағыдай қайнап жатқан тіршілік мұнда жоқтың қасы. Есесіне, кәсіп бастаудан қорықпай, шұбат өндірумен айналысып жатқан Жансая Жаппасова тағы бір кәсіпті бастауға ниетті. Есепті жиында кәсіпкер ынтамен іс бастағанның кәсібі өрге домалайтынын жеткізді.
Жалпы, іргелі ауылдың дамуын жанындағы Жаңадария елді мекенімен салыстыруға болады. Қос ауыл да шалғайда орналасқанымен Іңкәрдарияда әкімшілік ғимарат, мәдениет үйі, ауылдық емхана жаңадан салынған. Тәулік бойына тұрғындар сапалы ауыз суды тұтынып отыр.
Е.БЕРКІНБАЕВ