ЖЕТІ АТАҢДЫ БІЛЕСІҢ БЕ?

Халық жадында берік сақталған жеті аталық ұстанымның ұлт болып ұйысуымызға, ұлттық құндылықтарымызды сақтап оны дамытуымызға әсері мол болды. Тағдырдың талай тауқыметін көріп, бұл күндері әлемнің отыздан артық елінде тарыдай шашылып жүрсек те, біртұтас халық ретінде тарих сахнасынан көрінуімізге тигізген үлесі мен пайдасы, құндылығы, рөлі мен маңызы туралы мұнымен ғана тоқталуға болмайды. Осы жетіаталық ұстаным әлемдегі қазақтан өзге ұлттарда бар екенін осы уақытқа дейін естімедік. Ол жеті ата немесе жеті ұрпақ атауына сәйкес атау-терминнің өзге ешбір халықтан шықпауынан да белгілі. Жеті ата танымының қазақ халқында бағзыдан келе жатқан тамыры терең ұғым екенін арнаулы атаулары дәлелдейді. Бүгіндері жеті ата десе болды көптеген адамдар «бала, немере, шөбере …» деп жеті ұрпақты тізбектейді. Бұл қате ұғым. Өйткені, қазақ әдетте, «руың кім?, ата-тегің кім?» деп сұрасады. Әрине, бұл сұраққа әкеңнен бастап жеті атаңа, тіпті руыңа дейін жалғап жауап бересің. Бұл деген – арғы тегіңнің кім екенін білу-білмеу мәселесі.
Осы орайда есіме бір оқиға оралады. Бала күнімде «руың кім?» деп сұрағандарға «Баймұрат жаппаспын» деп жауап беретінмін. Сонда үлкен кісілер «батырдың ұрпағы екенсің ғой» деп жатса, әулеттің келіндері әжелеріміз «Ұранға шыққанның қызы» деп жасым кіші болса да төрге отырғызып қоюшы еді. Осыдан түйетінім, қазақтың келіндері аталарының есімдерін атамайтын, тіпті руын да айтпайтын сондай ибалы, тәрбие көрген болып келеді. Бұл да біздің басқа ұлттардан ерекшелігіміз шығар. Кейін есейе келе есімде әкем, інілерім жарысқа баратын кезде «Ақсақ Баймұрат әруағы қолдасын» деп тілекші болып отыратын. Мұның астында да үлкен мән жатса керек. Ақсақ дейтіні атам Қали шығар деп ойлаймын. Ол кісі Ұлы Отан соғысында аяғына оқ тиіп, жараланып елге оралған екен. Мектеп қабырғасында жүргенде жеті атамызды жаттап, айтып беретінбіз. Ұстазымыз тапсырма беруші еді. Бірде әжемнен жеті атамды тізбектеп айтып беруін сұрағанымда сандықты ақтарып шүберекке салынған қағаздарды шығарды. Беттерін күн сәулесі жеп қойғандай сарғыш тартқан қағаздардың ішінен «Шежіре» деген үш парақтан тұратын қағазды алып қасыма жайғасты. Сол қағазбен жеті атамды тізбектеп, айтып берді. Ертесіне мектепке барғанда осы шежіренің арқасында бестік баға алғанмын. Бертін келе «Баймұрат батыр» жайлы біраз мақала мен зерттеулер басылым беттерінде жарық көрді. Ал, енді осы Баймұрат батыр менің оныншы атам екен. Үлкен кісілердің көбісі кейде тегінен шатасып жатады. Мұның басты себебі шежіренің сақталмауынан шығар деп ойлаймын. Кейде мұның аяғы үлкен дауға да ұласып кететіні бар. Осыдан үш жыл бұрын әжем өмірден өтер шағында осы шежірені қайта көрсеткенде заманның дамығаны да жақсы ғой, қағазды ұялы телефонымен суретке түсіріп алған едім. Арада біршама уақыт өткен соң, әжемнің көзі кеткеннен кейін шежірені де таппай қалдық. Онда біздің атымыз жазылмаған, соған қарағанда 90-шы жылға дейін жазылған болса керек. Бірақ қуантатыны ұялы телефондағы суреттің әлі сақтаулы тұрғаны. Содан осы суретті дереу қағаз бетіне түсіріп, анама сақтауға бердім. Шежіреге қыз балалардың есімдері жазылмайтыны баршаға мәлім. Әйтсе де келешек бауырларым, олардың балалары өз ата-тектерін ұмытпаса деген ойым ғой. Қазіргі уақытта Кіші жүзден бізге дейін он жеті ата өмір сүріпті. Жақында бір жерде қонақта отырғанымда жетіаталық жайлы сөз болды. Сонда менен сол жерде отырған бір кісі «жеті атаңды білесің бе?» деп сұраған болатын, жәй күлдім де «мен он жеті атамды білемін, қаласаң тізбектеп берейін» дедім. Қазір қарап отырсам, бұрынғы әжелердің көзі кеткесін бе, әлде тәрбие басқаша ма? Ата-тегіңді, өзіңді тану, кімнің ұрпағы екеніңді біліп, оны мақтан тұту біздің салтымыздың ерекшелігі емес пе? Ендеше, өткен тарихты білу, шыққан тегін білу келешек ұрпақтың міндеті деп білемін. Әйтпесе, осылай кете берсек, күндердің күнінде тегін білмеген тексіз ұрпақ атануымыз ғажап емес.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ