Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛТ-ДӘСТҮР: РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

САЛТ-ДӘСТҮР: РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР


Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында ұлттық код­ туралы айтып, оны сақ­тау­ды міндеттеді. Ұлттық код дегеніміз ұлттық құн­дылықтарымыз. Ата-ба­ба­мыздан келе жатқан дәс­түрлерімізді ұрпаққа жет­­кі­зу аға ұрпақтың парызы. Әрбір халықтың белгісі, этникалық мәдениеті болады.
Сол мәдениетке халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет ғұрпы кіреді. Бұны ұлттық кодтың эле­мент­­тері дейміз. Салт-дәстүр – адамзаттың ғасыр­лар бойы жинақталған құндылығы, мәдени мұрасы. Әдет-ғұрып дегеніміз сонымен қатар адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіп. Осы арқылы әрбір халық өзін-өзі тәрбиелеп отырады. Дәстүр кез-келген қоғамда, отбасында кездеседі. Дәстүрді бір қалыпқа қатып қалған құбылыс екен деп түсіну қате. Ол әр кезеңде өзгеріп отырады. Дегенмен ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттап отыру керек. Бұл өз кезегінде ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелейді.
Ата-бабамыздан келе жатқан салтымыз бойынша бала тәрбиесі зор үлкен маңызға ие. Үлкенге құрмет, кішіге ізет ұрпақты бауырмалдыққа, мейірімділікке баулиды. Баланың қайырымды, қамқор болып өсуі ең алдымен ата-анаға, оның берген тәрбиесіне, қоршаған ортасының өнегесіне байланысты. Қыз балаға «қырық үйден тию» деген аталы сөзге қосарым «қызды кісінің үйіне қондырма, ұлды біреудің үйінен тойдырма» деген мағыналы, астарлы өсиетпен толықтырар едім. Қай адам баласын жамандыққа қияды, тәрбиелі, өнегелі болуын қалайды. Дегенмен, өмірде «тәрбиесіз» ұрпақтың кездесетіні де өкінішті.
Елбасы өзінің мақаласында ұлттық код туралы айтқанда ойыма оралатыны халқымыздың жеті ата­сын білу дәстүрі. Жастайынан баланың құлағына же­ті атасын сіңіру, өз тегін білуге үйрету деген сөз. Жеті атаға дейін туыс болып келу қан тазалығын сақтауға, қыз алыспауға міндеттейді. Жеті ата ұстанымына беріктік біздің салт-дәстүрімізге ғана тән қасиет, қуатты тетік. Дәстүріміздің тағы бір көрінісі ретінде айтпағым, отбасындағы ер азаматтың орны. Отбасындағы отаға­сын сыйлау, баланың алатын өнегесі деп білу өз мәнісін жоғалтып бара жатқандай. Ал бұл қасиет ата-салтымызда жоқ нәрсе. Ер азаматтың тірлігі түзде, әйелдікі үйде деген ғұрыпты өз қолымызбен жойып жатқандаймыз. Анамыздан, үлкен әжелерімізден сұрасаңыз олар ері үйден шығарда қайда кетіп бара жатқанын, қашан келетінін сұрамаған. Ал қазір кері­сінше әйел адам үйді билеп-төстейді, ер азаматы әйе­лінің рұқсатынсыз сыртқа шықпайтындай күйдеміз. Мұндай әрекетімізбен ұрпағымызға дұрыс тәрбие бермейміз. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші ұл әкесінен үйренгенін, көргенін істейді. Ал, қыз бала үй шаруасына икемделіп, оны болашақ ана ретінде тамақ пісіру, киім тігу, тазалыққа тәрбиелеу міне, нағыз ұлтымыздың әдет-ғұрпы.
Ұрпағымызды ұлттық рухпен тұлға етіп қалып­тастыру – халқымыздың тәрбие негізі. Асыл қазына – салт-дәстүріміздің қадамы нық болса, болашағымыз се­нім­ді болады.

Ұлмекен ЖАНӘЛИЕВА,
«Сырдария ауданының әйелдері»
қоғамдық бірлестігінің төрайымы

20 қазан 2018 ж. 3 797 0