Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАР ЖЕТІ АТАСЫН БІЛЕ МЕ?

ЖАСТАР ЖЕТІ АТАСЫН БІЛЕ МЕ?

Ұлы даланы мекендеген ұлтты айтқанда ең алдымен, текті халық екені еске түседі. Шынында да, қазақ – тектілікті ту еткен халық. Жесірін жатқа бермей, жетімін жылатпаған, досын құшақ жая қарсы алып, дұшпанын бет қаратпаған қайсар ел. Оның әрісі жеті атаға дейін қыз алыспай, ұрпақ саулығын сақтап, ұл-қыздың тәлім-тәрбиесіне әуелден аса мән берген дара ұлт. Сол себепті де жер бетіндегі ұлттардан бұл халықты ерекшелейтін де аталмыш қасиет. Ол тарихымызды екшеп, түп-тамырымызды айқындап беретін ата-бабаның ізгі жолы.
Тіршілікте ешбір өсімдік тамырсыз өркен жаймайтыны секілді адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасып келеді. Оның ішінде, қазақ халқының тамыр жаюы ерекше құбылыс. Өйткені, бір аумақты мекендесе де ұл мен қызды жеті атаға дейін атастырмай, ұрпақ тазалығын қамтамасыз ете білген ұлт тектілік тұтқасын ұстай білген, сонысымен небір ұлыларды ұлықтаған жұрт. Оның негізгі түп-тамыры жеті атаға байланысты екені хақ.
Жалпы, жеті ата туралы сөз еткенде халық даналығындағы «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деген нақыл ойға оралады. Асылында, жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан таралу тегін айқындап береді. Сол бойынша қаймағы бұзылмаған қазақ халқы бүгінде біртұтас ел, бірлігі мығым ұлтқа айналған. Сондай елдің әрбір баласы ата тегін, яғни жеті атасын білуі міндетті. Оны білсе ата әке алдында, әке бала алдында қор болмай, үлгі болады. Бала кезден үйретсе, ұрпақ алдында да кінәлі болмас. Соның нәтижесінде, рухани тұтастық қалыптасып, тарих қастерленеді, ата жұрт ардақталады. Ол үшін жас жеткіншекке үйдің үлкені әр уақытта оның шыққан тегін тарқатып, жеті атасын жаттатып отыруы тиіс. Бала шақтан ата-бабасын таныған жігіт ағайын-туыс, тамырымен жақсы қарым-қатынас орнатып, бір атаның балалары екенін аңғарады. Бір рудан тарап, туыстық қатынасы бар екенін білетін ұл ұлттың қамын жейді, оның мәртебесі үшін жанын аямайды. Ағайын болып отырып, қыз беріп, қыз алыспайды. Жеті атаның биологиялық ғылыми негізі бойынша әке қаны балаға 50 пайыз, немереге - 25, шөбереге - 12,5, шөпшекке - 6,25, неменеге - 3,125, жүрежатқа - 1,56, туажатқа - 0,78 пайыз даритыны, одан кейінгі сегізінші ұрпақ үлесіне ештеңе тимейтінін білген халық бір кіндіктен тарағандардың атастырылуына тыйым салған. Осылайша, қазақтың қан тазалығы сақталып, тектіліктің тамыры терең жайған.
Қазақтың этникалық ерекшелігін көрсететін жеті ата атадан бастау алады. Яғни, ататек атаулары ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене болып таралады. Одан кейін жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жекжат, жамағайын болып жалғаса бермек. Бұдан аңғаратынымыз, жеті ата асып кетсе де қазақтың туыстық қарым-қатынасы ажырамайды. Демек, жеті ата толса да ұл мен қыз атастырылмайды деген сөз. Егер жеті ата асып, отау құруға талпынған жастарға ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, баталарын беруі қажет. Ал үлкендердің батасын алмағандар елден аластатылады. Мұндай жағдайлар қазақтың тарихында кездеседі. «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді» деген сөз осыдан қалса керек.
Керісінше, «жеті атасын білмеген жетесіз» атанады. Себебі, тарихын білмей, ататегін тарқата алмаған жан ұрпақтың азғындалуына, қазаққа тән генетикалық қасиеттердің жойылуына себепші болмақ. Қазіргі таңда бұл ең өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, бүгінгінің кейбір жастары жеті атасын тізбектемек түгілі, шыққан тегінен бейхабар екендігін байқап жүрміз. Сұрасаң «білем» дейді, атап шығуды өтінсең жауаптан жалтарады. Ал кейбірі «жеті атамды білмеймін» деп еш қымсынбастан айта салады. Яғни, жаңа қоғамның жас өскіндері шыққан тегін білмей, тарихқа немқұрайлы қарайтын секілді. Әрине, біз «көпке топырақ шашпаймыз», десе де орта жастағы жандар мен жастардың біразы осыған келгенде тұтығып қалатынын көрдік. Сондықтан бұған ерекше мән беріп, «кейінгі толқын шежіреге, ататекке неге немқұрайлы қарайды» деген сауалға жауап іздедік.     
Бұдан біраз уақыттарда жолаушылап жүрген жандар кездесе қалса, біріншіден есендесіп, мал-жанның амандығын, содан соң кім екенін, шыққан тегін сұрайтын. Сырттан келген жанды құшақ жая қарсы алып, оның келген елін, қай ру екенін білу бұл сұраса келе ағайын болып шығатын қазақ халқының тектілікті сақтау тұрғысындағы басты ұстанымы. Бүгінде бұған көнекөз қариялар ғана ерекше мән бермесе, орта жастағылар аса ыждағаттылық танытпайды. Соның салдары болар қазіргі күні бір рудан шыққандар отау құруда, жеті атасын білмеген жастар өз ағайынын танымауда. Мұндай жағдайларды да естіп жүрміз. Екі жас келісіп шаңырақ көтеруге талпынады. Той үстінде екі жақтың үлкендері бас қосып, жөн сұрасқанда бір рудан болып шығады. Содан жиналғандардың қуанышы су сепкендей басылады. Мұның арты қан тазалығының, ұрпақ саулығының бұзылуына апармайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Бұған кінәні кімнен іздейміз? Әрине, өзімізден. Ең алдымен, баланың жеті атасын атай алмайтындығына ата-ана кінәлі. Себебі, жас өскіннің тәрбиесіне ең бірінші жауапты болатын әке-шеше екені белгілі. Нені үйретсең соны қағып алатын балаға ес білгеннен шыққан тегін айтып, жеті атасын жаттатса, ол есейгенде жан-жағына қарайлайды. Ағайын-туыстан ажырамай, өз ұрпағына да әкеден үйренгенін айтып, тектілік тұрғысын сақтайды. Ал оған мән бермеген отбасы опық жеп қалатыны анық. Өскелең ұрпақтың жеті атасын білуіне мектеп қабырғасында ұстаздар үйрететін тәлім-тәрбие де айрықша әсер етеді. Қазақ халқының тарихын ұғындыратын осы білім ордасы. Сондықтан бұл жерде де толыққанды тарихты біліп, шежірені, тектілікті түсіндіру жастарға сеп болмақ. Соның нәтижесі біз қозғап отырған мәселе шешімдерінің бірі екені даусыз.   
Жалпы айтқанда, үйдің ер азаматы ұл-қызына шежірені тарқатып отыруы тиіс. Сол арқылы жеті атаны жетелеріне құйса, тектілігімізді жоғалтпаймыз. Ал тектілігіміз сақталса, бір атаның балалары бір-біріне атастырылмай, ұрпақ саулығы қамтамасыз етілмек. Соған байланысты бүгінгі қоғамдағы көптеген түсінбеушілік пен аурушаңдыққа да тосқауыл қойылар еді. Сондықтан Ұлы даланы мекен еткен Мәңгілік елдің ұрпақтары жеті аталарын жатқа айтулары міндет. «Адамдар арасындағы сұлулықты сақтаудың ең басты жолы – қандасына үйленбеу» деп қаһарман батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, жеті атасын білгендер қыз алыспай, қан тазалығын сақтайды. Осылайша, біз «текті елдің ұрпағымыз» деп мақтана айта аламыз. Ол үшін кейінгі толқын жас жеті атасын білуі керек дегенді қайталай бермекпіз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
25 сәуір 2018 ж. 2 148 0