Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕСІККЕ НЕГЕ АҚ ЖАППАЙДЫ?

БЕСІККЕ НЕГЕ АҚ ЖАППАЙДЫ?


Қазақтың қай салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы болсын тағылымға толы. Ата-бабамыздан қалған дәстүріміздің бүгінгі ұрпаққа өнеге екені белгілі. Демек, атадан балаға мирас болып қалған осы бай мұрамызды дұрыс ұстана білуіміз қажет. Қазіргі таңда салт-дәстүрді орындаймын деп, оның мәнісін түсінбей артық кетіп жататыны бар. Мәселен, қазіргі уақытта бесік тойларда байқайтынымыздай, бесік пен оның жасауы көздің жауын алып тұратыны белгілі. Дегенмен бесікті кім қалай әсемдеймін десе де, өз еркі. Алайда бесікке ақ жаппайтынын әркімнің білуі тиіс.
Осы орайда өзінің білгенін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, одан қала берді қазақпын деген әрбір жанның білуі кей дүниелерді кітап етіп шығарған Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабында қазақ бесікке ақ жаппағандығын айтады. Аталған кітапта айтылған ақыл-кеңесті көптің назарына ұсынбақпыз.
«Қазақ бесікке ақ жаппайды, ол жаман ырым. Өйткені ақты қайтыс болған адамға жабады, арулап жуған соң ақ кебінге орайды. Тіпті әрбірден соң ақ түс сәбидің көзін қарықтырып, көру қуатын әлсіретеді. Кішкентай нәресте түгілі, ересек адамның өзі қыстың күні далаға шыға келгенде аппақ қарға бірден қарай алмай көзі жасаурайды. Ал енді бесікті де, жабдықтарын да түгел ақтан жасау қайдан шыққан білгірлік десем, «әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» дегенді тура мағынасында ешбір ойланбай ала салған. Құдай-ау, бұл жерде түсті емес, бесіктің киелі екенін, пәктігін айтып тұр ғой!»…
29 қазан 2018 ж. 1 387 0