Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙЫРШЫЛЫҚ ӨМІР

ҚАЙЫРШЫЛЫҚ ӨМІР


Түн ортасы ауған шақ. Көше бойында аяғын сылтып басқан қайыршы жігіт жатағына қарай асығып барады. Бүгінгі қонатын жері сауда орталығының жертөлесі. Шалбарының балақ тұсы жыртылған. Екі бетіндегі қыртыс-қыртыс әжім белгісі біраз уақыттан бері күйі қашқандығын аңғартады. Құйқасына жабысқан қара шашы өмір бойы таралмаған сыңайлы. Бір-бірімен тұтасып, ұйысып қалған. Оның осылай ерсілі-қарсылы кезіп жүргеніне айналадағы халық үйренісіп кеткен. Оған жаны ашып, қарайласқан адамның қарасы көрінбейді. Тек басына түскен тауқыметті өзі ғана көтеріп келеді. Тұрағына келген сәтте қалтасындағы бір тілім нанды алып, жүрек жалғағандай болды. Қас қарайғанын енді байқаған ол қағаз төселген жатын орнына қисайып ұйқыға кетті. Өзі секілді панасыз қайыршылар да қалың ұйқыға кеткен.
Суық жерге жантайған қайыршылардың күрк-күрк жөтелген дауысынан адам шошиды. Тұла бойы дірілдеп, қалшыдай түскенде жандарына араша болар пенде де жоқ. Күні бойы көше кезген олардың табанынан сыз өткені белгілі. Одан қалды әкесінің ақысы қалғандай ащы суды сылқитады. Масайрап, былапыттап, маскүнемдікпен жабырқаған көңілдерін көтергісі келеді. Сөздері де түсініксіз, әлденеге жекіріп, екеу­­ара төбелесе жөнеледі. Бұрынғы адами қалпынан айнығаны қай заман? Қарны ашып, асқазаны жабысқан жандардың қу сүйегі қалған, құларманның алдында жүр. Осыған дейінгі тіршілік қаракеттері қалай болғаны бізге беймәлім. Тек қиындықтың қырсығына шалдыққан бұлардың өмірден алатын өз еншілері бар.
Базар іші қарбалас... Таң азанымен саудагер жаңа түскен тауарды орны-орнына жайғастырып жатыр. Қаз-қатар орналасқан дүкендерде күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдардың барлығы кездеседі. Баласын құшақтаған бір топ келіншек көлік жағалап, адырас­панмен аластап әлек. Өздерінше дұға-тілектерін жаудырып, көлік жүргізушілерінің қалтасындағысын қағып алмақшы. Бұлардың әрекетіне күйінген жүргізушілер тұрақтан қуып шығады. Ауыр жүкті арқалап, белі бүгілген «арбакеш» бейнетімен нан таппақ. Тасада тығылған соқпалдай жігіттер жалданып жұмыс істеуге дайын. Ал, аузы-аузына жұқпайтын сатушы әйелдер бар жаңалықтан хабардар. Арасында көрген киноларын, үйдегі тіршілігін айтып, уақыт өткізеді.
– Ыстық тоқаш аламыз, нан аламыз, – деп айқайлаған балалар зыр жүгіріп, екі ортаны тоздырады. Жаңағы шыққан дауыстан енді оянған қайыршы қара сүйретпесін киер-киместен үйреншікті ортаға қайта келді. Бұның есімін жан баласы білмейді. Өзі жайлы сұрай бастаса тілін жұтып қойғандай үндемейді. Бірнеше жыл осында жүрген оны жұрт «пұшық» деп атап кеткен. Сауда-саттыққа арналған дүңгіршектердің шетінен орын тауып алып, кешке дейін отырады. Бетіне бажырая қараған түрлі көздерді көргенде, жүзін төмен түсіріп, ұялғанынан жерге кіріп кетердей болады. Осы күні күйбең тіршілікпен жанталасқан жан баласының біреудің қайғысын көтеретін шамасы жоқ. Кейде сол бұрышта отырған Пұшықтың іштегі жан айқайын, мұң-мұқтажын түсінетін ешкім де табылмас. Мүсіркеген сыңай танытып, бес-он теңгесін тас­тап кетіп жатады. Расында, бұған қарабақыр тиыннан гөрі отбасы бақыты мен жан жылуы жетіспейді. Іштегі жатқан қасіреттен арылу оңайға соқпайтынын сезеді. Бірақ қайталанып келе беретін үйреншікті әрекетінен бас тарта алмайды. Олай жасағанның өзінде еңбекке жарамсыздығы қолбайлау болып алдынан шығады. Одан да жұрттың берген азғантай ақшасына күнелткені жақсы. Жан дүниесі жабырқаған сәтте түрлі ойға шомып, тұңғиықтан тыпыршып шыға алмай қалады. Қатыгез қоғамның бұл да бір мүшесі. Бұда да жүрек, жанды нәрсені сезетін түйсік, қолдан келгенді жарата алатын қабілет жетерлік. Тек сәтсіздік сериясы ерте қажытып жіберген. Дүңгіршек түбінде қалғып-мүлгіп отырғанда сағат тілі сырғып уақыт адам ырқына көнбей өтуде. Ішінде буы бұрқырап пісіп жатқан бәліш иісі танауыңды жарады. Таңертеңнен тапқан тиынын құрап, жас келіншектің қолына ұстата салды. Ол да бірден түсінгендей ақшасы жетпесе де бес бірдей бәлішті салып беріп жатыр. Қомағайлана ыстығына қарамастан жей бастады. Бір кезде: – Қарындасым, сен маған үнемі қамқор болып жүресің. Менің басымдағыны ешкімнің басына бермесін. Маған жасаған жақсылығыңды Алла тағала мың есе етіп қайтарсын, – деп тілегін айтты.
– Мұндай тағдырға бетпе-бет келген сіздің не кінәңіз бар, аға? Осы кейпіңізге қарап, мен де өмірден безініп кеткім келеді.
– Несін айтасың, менің де толассыз таусылмайтын арманым мен қиялым ұшан-теңіз. Жас кезімде, жалындап тұрған шағымда биік белесті бағындырсам деген ойдың жетегінде жүрдім. Кенеттен адам есіне алғысы келмейтін оқиғалар бастан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Бәлкім басыма жазылғаны осы шығар, – деді Пұшық. Осылайша біршама үнсіздік орнаған болатын. Кенет жас келіншек:
– Мен де азаматым өмірден өткелі аз қасірет тартқан жоқпын. Ата-анам өмірден ерте қайтқан. Болысатын ешкімім де жоқ. Тек басымда қосағымнан қалған баспана бар. Оған да шүкір. Әйтпесе, ел кезіп, тентіреп кететіннің біреуі мен едім.
– Иә, сен татқан жалғыздықтың кермек дәмін әлдеқашан сезінгендіктен қашан да бір саған тілекшімін, қарағым. Қайыршылық қоғам өмірінен тысқары қалған біз секілді жанға тән. Сен бақытты болуға лайықтысың. Осы халге түскен күннен адам қатарына жатқызып, сыр шертіскен бір өзіңсің. Шексіз ризашылығымды білдіремін, – деген күйі артына қарамастан теріс бұрылып кете барды.
Жақсылық пен жанашырлық адам жүрегіне жылулық төгетіні айтпаса да түсінікті. Осылай қайыршылыққа түскен Пұшық секілді талай жан сүргелең өмірдің қайнаған ортасы базар айналасынан пана табады. Бәз баяғы қалпында кейіпкеріміз ғұмырын кеше бермек. Жақсылық жағынан өзгеруге біршама уақыт қажет етеді. Оған себепкер болатын жалғыз бәліш сататын келіншек болмақ. Алғашқыда ешкімі жоқ деп жанашырлық танытқанына шын қуанатын. Дәлірек айтқанда, бұл тірлігін дағдыға айналдырған. Күс-күс қолдарын, жарылған қасын, ісініп кеткен балтырын қалыпқа келтіріп, күйеуінен қалған киімдерді кигізіп қойған. Бұрынғыдай Пұшық қайыр сұрағаннан арылып, базарда жүк тасиды. Келіншек күні бойы бәлішін сатып, кешкісін дүңгіршекті Пұшыққа қону үшін қалдырады.
Міне, адамның адамға болысудың жемісі қатпарлы қасіреттің азаюына әкеп соқтырды. Адам пейілі жақсарған сайын айналасына шуағын төгіп тұратыны хақ. Әйел затының еркектің бет-бейнесі екендігін аңғару қиын емес. Жастайынан мейірім көрмеген қос мұңлық өмірі екі арнаға түскенімен келесі бірінің адами қасиетті бойына сіңіріп, қалыпты ғұмыр кешуіне қолайлы орта қалыптасты. Ендігі азғантай ғұмырында жаңадан ашылған парақ беттеріне жақсылық нышандары таңбаланғай. Өйткені, қайыршылық өмір артта қалды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
24 қазан 2018 ж. 1 206 0