Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедек қыздың махаббаты…

Мүгедек қыздың махаббаты…

Тоқсаныншы жылдардың басы еді. Алматының ақылдысы да, ақымағы да, тіпті ақынына дейін базарға шығып кеткен кез ғой. Қала құдды бір үлкен сауда алаңына айналғандай. Көше бойы тізілген саудагерлер. Нарықтың жаңа келіп жатқандығынан болар, әсіресе, қазақтар «саудагер» деген сөзге кәдімгідей намыстанатын. Алда-жалда айта қалсаң жағаңа жармасып өлуге бар. Ауылдан досым келіп, көше бойындағы сол нөпірді аралап келеміз.
– Әй, сұмдық қой мыналарың, – дейді Марат досым, – Бүкіл қала саудагер болып кетіпті. Ана кемпірге не жоқ? Отырмай ма, немерелерінің қасында. Мына көзілдірік киген оқымысты-ау деймін? Бұған не жорық?
Досым менің көзілдірікті көзіме бір қарап қойды. Не дейін? Қай бір жетіскендерінен тұр дейсің бұлар. Жұмыс жоқ. Бәрі тоқтап тұр. Өзім де жұмыссыз жүрмін. Саудагер болып кетер ем, әттең қолдан келмейді.
– Ойбай, ананы қара! Мынадай сұлу қыздың көшеде отырғаны жараспайды екен!
Көрсеткен жағына қарағанмын. Шынымен де керемет бір сұлу қыз ұсақ-түйек сатуда. Бұрымы беліне түскен, көздері тостағандай, сары түсті шыт көйлегі денесіне жабысып, үлбіреп отыр. Ақсары жүзі албырап, өткен, кеткенге алдындағы тауарын ұсынуда. Қалай жетіп барғанымызды білмей қалдық.
– Қарындас, кеттік, – деді қалжыңбас досым, – Күнге күйіп отырғанша біздің ауылға барайық. Керемет қой! Ұнаса қаларсың…
Қыз жымиды да қойды. Мұнысын біздің Мәкең басқаша жорыды-ау деймін. Шабуылды тіпті үдетті. Біздің жақтың жігіттері ақынжанды емес пе! Сары көйлекке қарап бір шумақты төкті де жіберді.
Сабағы әлсіз сары гүл,
Жартаста жалғыз тұр өсіп.
Жауын ба, жел ме бәрі бір,
Өзінше ол да күресіп,
Жартаста жалғыз тұр өсіп….
Масаттанып қызға қараған. Сары көйлекті қыз тағы жымиды. Жымиысының өзінде бір сиқыр бар. Арбалдық та қалдық.
– Табан астында шығарған өлеңім ұнаған жоқ қой деймін? Ұнамаса тағы шығарайын, – деді досым қызға. Қыз бұл жолы жымиған жоқ. Әп сәтте мұң тола қалған тостаған көзін Маратқа аударып, алғаш рет тіл қатты.
– Ұнады. Тура менің тағдырым екен!
– Сендей сұлуда мұндай мұңды тағдыр болуы мүмкін емес! Айттым ғой, кеттік ауылға! Келіссең жаяу арқалап апаруға әзірмін, – деген досымның сөзіне қыз тағы жымиды.
– Ауылға дейін ғана емес, өмір бойы арқалап өтуіңе тура келеді!
– Несі бар, арқалаймын, – деп дос қоймады. Сары көйлекті қыз жымиып, басын шайқады. «Жоқ» дегені болар деп түсіндік. Кетуге айналдық.
– Тым болмаса атыңды айтшы, – деді Марат қоштасарда, – мен саған әлі талай жыр арнаймын.
– Аяулым, – деді сұлу қыз, – Тек өзіңіз арнаңызшы! Жаңағы оқыған өлеңіңізді Мұқағали ақын біз секілділерге баяғыда арнап қойған.
Ұрлығы ашылған Мәкең жым болды. Жол жөнекей сөйлеп келді.
– Сұмдық, ә? Көшеде неге отыр екен? Мынадай сұлу…Қандай ақылды! Жаңағы өлеңді Мұқаңды білем дейтіндердің өзі есте сақтамаған. Мына сен білесің бе?
Басымды шайқадым. Шынымен білмейді екенмін. Марат ақын емес. Бірақ, көп ақынды жатқа біледі. Оның өзін сүріндірген мына қыз шынымен де тегін болмады.
– Ертең тағы келемін, – деді досым, – Ауылға кеткенше бұл қызды торуылдайтыным анық. Не бүк, не шік болады!
Байқаймын досымның мына қызға есі кеткен секілді. Несі бар? Өзі бойдақ. Қыз да керемет! Тал бойында бір мін болсашы…
…Досым ертесі тағы кетті. Ауылға кеткенше сары көйлекті аруға күнде барып тұрды. Шын ғашық болды. Бірақ, сұлу қыз әр жолы бетін қайтарып жіберетін.
– Қаланың қызы бізді қайтсін! – деді соңғы келгенінде, – Жігіті бар шығар. Әттең, сәл ыңғайын білдірсе өмір бойы күтер едім ғой. «Енді мені мазалап, келуші болмаңыз» деді ғой ол маған…
…Дос кеткелі анда-санда сол көшемен жүріп қалатынмын. Жүрген сайын Аяулымды көремін. Сол жымиып отырғаны. Бірде көшедегі базар тарқап жатқан тұста сол сұлу қызды көрдім. Алдындағы ұсақ-түйектерін жинастырып жатып арт жағына қолын созған. О, тоба! Қос балдаққа сүйеніп тұрып келеді екен. Екі аяғы семіп қалған. Жан жоқ. Қимылсыз салбырап тұр. Біреулер заттарын көтерісіп жатыр… Өзегіме бір ащы өксіктiң тұрып қалғаны-ай! Денем дірілдеп тұр. «Мені өмір бойы арқалауыңа тура келеді» демеп пе еді менің досыма. Мүгедектігiн айтқан екен ғой… Мараттың да әдейі бетін қайтарған болды. Бір жағынан дұрыс та шығар! Досым мұны көрмей кетті емес пе! Жаратқанның анадай ақылды да сұлу пендесін кем ғып жаратқанына таң қалмасқа шара жоқ. Сол пенденің өмір үшін күресіп келе жатқан қайсарлығына тағы да еріксіз бас иесіз. Өйткені, ол қызды бүгін тағы көрдім. Орта жасқа келсе де сол баяғы жымиған қалпы. Әлі сауда жасап отыр. Ал, досым өмірден өткен…
Арман Сқабылұлы
28 тамыз 2018 ж. 904 0