Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Аңшы


Күздегі қоңыр салқынның арты аязды күндерге ұласқанына біршама уақыт болған. Жұрт қыстың қамын ерте ойлап, алдын-ала даярлыққа көшкен. Дүркін-дүркін аласапыран боранға тап болмау үшін адамдар түрліше қаракет қылады. Төрт-түліктерін кепелерге жайғастырып, жаңа туған төлдерін енесінен айырып, жылы қораларға орналастырады. Отын-суын қамдаған ағайын күн райына өз білгендерінше болжам жасайды.
Қалың киімдерін сандық түбінен шығарып жатқан қарт ана жаздағы егіннен мол өнім түсіп, берекелі болғандығын ой елегінен өткізді. Алдағы қытымыр қыстан қиналмай шығатынына кәміл сенеді. Өйткені, үйдегі қожайынның айтысы солай. Жарты ғасырға жуық отасқан қара шалы күні бойы немерелерін ертіп, саятшылық құрады. Бұлардан төрт бала тарап, бүгінде барлығы әр шаңырақтың иесі атанған. Әрқайсысы өз алдына отау құрып, қызметтеріне байланысты орталықта тұрады. Жігіт болған екі немересі қастарында. Ата-әжесінің шаруашылығына көмектеседі.
Күн ұзаққа дүйім елге хабар таратып тұратын радио құрылғыдан бүгін ауа-райының болжамы айтылып жатты. Бұл кез қаңтар айының бел ортасынан ауған шағы еді. Қоңыр дауысты диктор қыз алдағы аптаның аязды болатынын айтуда. Таңғы астарын ішуге кіріскен балалар атасының қас-қабағына қарайлап отыр. Терең ой үстінде отырған қария әлденеге мазасы қашқандай. Оған себеп те жоқ емес. Жастыққа жантайған Ермекбайдың санасынан орталықпен байланыс үзіліп қалмаса деген жәйт шықпай қойды. Бүгін-ертең сойғалы отырған биенің етін сату үшін базарға апару қажет. Әйтсе де, келісіп қойған саудагерлер хабарласып, жеделдетуді сұрайды. Бұл да қолда малды ұстағысы келмейді. Дегенмен, күннің күрт суытуымен қатар ілескен қара жел жұмыс істеуге мұрша келтірмей тұр. Бір жағынан қолайсыз ауа-райында құр байбалам салудың пайда әкелмесін аңғарады. Неде болса, аяз беті қайтқанын күтіп, байыппен іс-әрекет етуге байлам жасады.
Жақында жайылымға жіберген сиырын қасқыр тартып, қан жоса қылған. Оны көрген қария адал малының қасқырға жем болғанына өкінді. Қолайы келгенде әлгі көкбөріні «ұстап алсам ба» деген ой маза бермеді. Алғаш осы мекенге буаз сиырын жетектеп, кемпірі екеуі көшкен болатын. Тынымсыз еңбек еткеннің арқасында бүгінгі күнге жетіп отыр. Десек те, кеткен малдың қайыры жоқ дегендей қалған көзге көрінгендерді аман алып қалу жағын қарастыру керектігін естен шығармады. Мал азықтарын молынан жиып, жем-шөптерін жеткілікті етіп, түсіріп алған. Күн суытпай тұрып, барлық қораның тесік-құтығын бітеп, салқын ауа соқпайтындай қылған. Үй маңынан үлкен алаңқай істеп, мал суғаруға арналған астаулар орналды. Мұнда бір мезгіл жамыраған төрт-түліктер су ішіп, алысқа ұзамайды. Қайта үй егелерінің бақылауында болып, қара суықта үй маңынан алыс­тай қоймайды. Енді буындары қатая бастаған қозы-лақтар енелерінен алшақтамай әр жерден әлсіз дауыс шығарады. Балалардың ермегі атасы атаған төлдерін бағып, өз алдына аяқтандырады. Әжелері қалың күртешелер тоқып, кигізіп қойған. Әлсін-әлсін әке-шешелеріне барғылары келгенімен қыстаудағы жұмыстарын қимайды. Үнемі кемпір «шешелеріңе бала керек болса, өзі туып алсын» деп айтып отырады. Сонда ер жетіп қалғандары «әже-ау» сенен басқа біздің кіміміз бар» деп, жұбатып қояды.
Бұлар тұратын қыстауда он үйлі жан тіршілік қамын күйттеп отырғалы қашан. Қатарласа салған үйлердің мұнда толастамайтын қайнаған өмірдің барын білдіргендей. Әнипа секілді осы шаңырақтарда да, тыным таппас бәйбішелер береке «қазанын» тасытып, тіршілік тінін жалғастырады. Азанымен шелегін ұстаған күйі сиыр сауып, құрт қайнатады. Қыс айындағы ермек кешкі ас-ауқатты ішіп алған соң жүн түтіп, жіп иіруге кіреседі. Пештің түбінде жайғасқан күйі бір уақ тоқымасын тоқи бастайды. Осындай күйбең тірлікпен жағаласа жүріп, көрші әйелдер арқа-жарқа әңгіме айтуға да уақыт табады. Шанасын ұстаған кішкентай балақайлары да асыр салып, қыс қызығына тоймайды. Ашық алаңқайлардан мұз айдынын жасап алып, сырғанақ тепкендері әсте жарасымды. Жас шешелері күні бойы тоңып, жаураған балаларын үйге қайтара алмай әлек. Бір-бірімен қар атысып, ойын қызығына берілген олар әрі-бері жұлқыласып, күресе жөнеледі. Қас қарайғанша үй көрмейтін кір қожалақ болған ойынқұмарлар тамақтарын ішкен бойда тәтті ұйқыға кетеді. Осындай ауыл балаларының қызықты шақтары еш таусылмайтындай. Қызық қуған балаларға қытымыр қыстың қаһары да әсер ете қоймайды. Қарындары ашпаса, тоңғандарын сезбей ойнай береді. Ертеңіне қатты суықтағандары ауырып, келесі күні шықпай қалады. Мұндайда қатарластары үй жағалап, достарын қайта шақырып алады. Өздерінше асыр салып ойнағанда жүздерінен бақыттың нышаны байқалады. Әжелерінің етегіне тығылған немерелері аналары үлкен алдында ұрысуға бата алмайтындығын сезіп, қорғаныш іздейді. Ана тәрбиесін бойына құт санаған келіншектер еш уақытта ер азаматына қабақ шытып, артық сөз айтпайды. Ескінің салтын қатты ұстанған аналарымыз ұрысы таусылмайтын үйді берекесі қашқан отбасы деп есептейді. Өздері шаршап оралған азаматтарының бабын жасап, ас-ауқатын еш қабақ шытпастан әзірлеп, ата-ененің де қас қабағына қарап қояды.
...Ыстық нанды сары майға араластырып, қоржынға айранмен қоса орап салған Әнипа үлкен немересіне «қарындарың ашса, жейсіңдер» деп нықтап тапсырды. Аңшылықты кәсіп қылған Ермекбай шал кәдімгідей ақылы, дене бітімдері толысып, шымырлана бастаған жігіттерге аң аулаудың қыр-сырын үйретіп қояды. Кейін өмірлік сабақ болар деген оймен ата-бабалары жатқан жерлерді аралап көрсетті. Кейде, қос ауызды мылтықтың дауысынан үріккен аң-құстар тасаларға жасырынып қалатыны анық. Мұндайда әккі аңшы айлаға көшеді, сөйтіп ауылға олжалы қайтуға тырысады. Неге екені белгісіз бүгін Ермекбайдың аңға баруға аяғы тартпаған болатын. Іштей жүрегі бірдеңені сезгендей ме, қалай, әрі-сәрі күйге түсті. Бір сәт, тәуекел етіп жолға шығуға бел буды. «Үйреншікті кәсіп, ауа райы бұзылып жатса кері қайтармын» - деген оймен атқа қонды. Үйден шығарда басталған жел күшейе бастады. Межелеген жерге таяғанда ақ түтек боран соғып, жол үсті көрінбей қалды. Анау-мынауға мазасызданбайтын байтал да ауыздықпен арпалысып келеді. Әп-сәтте айнала ақ түтекке айналды. Бес-алты қадамнан әрі ештеңе көзге көрінбейді. Қасындағы серіктері жақын маңда көрінбейді. Тыпыршыған аңшы аттың жалынына жабысты. Талай жылдан бері мұндайды көрмеген ол азарлана айқайлайды. Жауап берген жан баласы жоқ. Қолдары да қолғап ішінен тоңғаны сонша жансызданып барады. Жерге түсіп, атты сүйрелеген қария айналадан бас сауғалайтын орын іздеп әлек. Немерелерінен көз жазып қалғанына өкініп келеді. Олардың қайда екені бір Аллаға аян. Өмірі жамандық аузынан шықпаған Ермекбай қаһарлы қысты ба­лағаттап қояды. Ауа-райының бұзылғанын көре-біле тұра жолға шыққанына, тәуекел еткеніне өкініп, өзін жегідей жей түсті. Әбден, әлсіреген сәтте біреулердің қалбаңдаған қарасы көрінгендей болды. Қуанғанынан қолдарын ербеңдетіп алға ұмтылды. Әрі қарай не болғаны есінде жоқ.Бағанадан қасарысқан байталды қамшымен салып жіберген Мұхтар мен Тоқтар атасын аттарына отырғызып келген ізімен қайтуға асықты. Түн жарымда Әнипа қара шалымен жылап қауышты. Қабат-қабат көрпені үстіне жауып, аяқ-қолын ыстық суға салды. Тұла бойын суық шалған шалына ыстық шәй әзірлеген Әнипа әжей арасында өзінен-өзі күбірлеп, «Қартайғанда желігіп, аңға шықаны несі екен» деп қояды «Жылы үйде отырса қайтеді түге, астарынан су шықты ма екен»!
Осылайша денесін суық шалып, әбден әлсіреген аңшы төсек тартып, науқастанып, ұзақ жатты. Кәрі аңшы тек ақпан айының ортасында қалыпқа келе бас­тады. Өмірі ауырмаған қарияның ұзақ жатыстан кейін сауығуына кемпірі де жанын салды. Араларындағы сыйластық бұрынғыдан да нығая түсті. Өз-өзіне келгесін шаруа күйттеген қария екі немересін шақырып алып, айдың аяғында сойылмай қалған биені сатуға бұйырды. Сөйтіп, түскен пайдаға қалаға барып қайтуды тапсырып, өз бұйымтайын жеткізді. Екі күн өтпей жатып, балалар атасының тілегін орындап, қаладан келді. Кешкілік орталықтан ұлдары мен келіндері Әнипаны туған күнімен құттықтай келген. Үлкен қазанда ет асылып, қара-құра көбейген. Дас­тархан басында ас ішіліп, тілектер айтылды. Өмірін аман алып алған кемпіріне қария ризалығын айтып, алтын жүзікті сыйға тартты. Артынша үйге сүйіншілеп келген Мұхтар ала сиырдың бұзаулағанын айтып, көпшілікті бір марқайтып тастады. Осылайша Ермекбай әулетіндегі қоңыр тірлік өз сүрлеуіне түсіп жүре берді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
06 ақпан 2018 ж. 1 821 1

Гость JeaOrer от 6 ақпан 2019 06:21
Sex Pills For Women buy cialis Cialis?Refid 417 Amoxicillin Childrens Dosage Mail Order Pharmacy Amoxicillin And Clavulanate Tablets online dapoxetine Looking For Viagra Pills For Men