Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың махаббаты

Қазақтың махаббаты


Қазақ ұрпағынан опасыз, аманатсыз шығарғысы келмейді, ұлы сана өркениетіне жанын салып құлшынады. Әр кез баланың жақсы әдетінен қуанып, бетін қақпай белін буады. Жаман әдеттен кенет тіксініп, дереу шара жасайды. Түгел үлкенге жол береді, үлкен-кішіге қамқор болады. Құда құданы құдай көреді. Күйеу-келін өз жұртынан қайын жұртына асырып иба көрсетеді, қайын жұрт күйеу-келінді өз ұл-қызынан асырып жақын тартады. Мұндай бірін-бірі аяп сыйлағаны, бірін-бірі шынайы сүйіспеншілікке тәрбиелегені. Сондықтан да үлкен-кіші, ер-әйел, ұл-қыз, түрлі жұрағаттар өз сипатымен айқын көрініп, барлық қазақтың көкірегіне пәк махаббат болып орнап қалған. Бәлкім, ол өзге елде жоқ дүниеге махаббат.
Қазақ дастарқанын өзінен гөрі өзгеге арнап ұстайды. Онысы барлық жанды риясыз махаббатқа шақырғаны. Оның жемісі біреу біреуді бөтен көрмейді, рахат-қиындықты мүддеге айырмайды. Мәселен, жастар дәстүрлі күш біріктіріп, ауыл жұмысын тындырып тұрады. Үлкендер алаңсыз қыдырып, ел құрметімен шалқиды. Ал бұл дүние жастарды ауыл тұрмақ үйінен қаңғыртып, үлкендерді ақшаның алақаны – құса түрмесіне жинайды.
Қазақ ұл-қызы ауылдың шуағымен өжет, сүйкімді өседі. Көп ата-ана сыйлайтын шаттықпен шадыман ержетеді, түгел барлық уайымнан ада тұнық азамат атанады. Әрине, осы кезде үлкендер теңін әділдікпен шешіп, шырын сәтін жібермей дәл уағында табыстырады. Құда жеті судың аржағы – алыс хан болады.Сүйінерің ұлт бойынша онымен қамқорлықтарын аяқтамайды. Отауын бөлгенше немересін өлгенше асырайды. Ал бұл дүние оннан аспай жатып қызғын өмірден түңілдіреді. Себебі, адамға емес ақшаға ғашық қылады. Ашық-шашықты жаңалыққа құштарлық, ұжданды тұрмысты мешеулік санайды. Ғылымға пейіл ұл-қызды өмірден оқшау қалдырады. Қорытып айтқанда, бәрінде далаға тәрбиелеп, моралдық тамырына балта сайлайды.
Қазақ ер-әйелі жасандылықты пасық көреді. Ауызша сүйем дегенді сайқалдық, арбағаны деп түсінеді. Екеуіде бірдей үй мен түздің шаруасына қүнімен қарап, береке мен қоса ағаруды мұрат тұтады. Аттарын да атаспай, қадір-қымбаттарын құрметпен сақтайды. Көңіл наздарын қабақпен танытып, махаббаттарын адамдық әрекеттерімен көркемдейді. Ал бұл дүние жұрт алдында «сүйемін» деп мақтанбаса, жабысып сілекейлерін жұтыспаса, иіскелесіп қаюанша жасамаса, ғашықтыққа есептемейді. Аттарын ауларына тығып, боқпен атасып, дәйім бірін-бірі қорлап қажамаса бай-қатындығын сипаттамайды. Әуелі, өзгенің сілекейін жасырын жұтып тұрмаса өлік тізімдігіне тіркейді.
Қазақ кәрі-құртан, жетім-жесір, кем-кетік, тақыр-пақырға борышты жүреді. Оларға шын мәміле жасап өзіне иман, жалпыға амандық тілейді. Қартты қазына, кемді нышан, пақырды қыдыр санайды. Жесір жыласа кер жылайды (қарғыс атады), жетім жыласа жер жылайды (аруақ атады), – деп күйеуі өлген желектіні қайын інісіне қосады. Күйеуі өлген бала-шағалы келіншекке келін түсіріп беріп(ұлы бесікте болсада мейлі) кемпір жасайды. Өзге елге жіберіп жетім-жесір атандыруды өлімнен де күшті көреді. Демек, тұтас ұлт қамжанның бәрін дүние қадірін білдіретін, адамдық ар-ұжданды ұмыттырмайтын әлем деп ардақтайды. Ал бұл дүние әдейі оралғы болуға жаралғандай, қасақана кемдікті тілеп-жасап алғандай оларға мұрын шүйіреді. Есесіне, затсыз байға бүгежектеп жасан мүсәпір, зытсыз биді жалап бұралқы ит болғанды ақылды таниды.
Қысқасы, қазақ – аңдыспай ауыл, есептеспей ел болған, өркениетті ақылмен байытқан адами махаббаттың құлы. Ең әдейі, алжыған ата-әжесінде қазірет тұтады. Араны алыстататын алтынғада қызықпайды. Өзара көмек, жол беруге пейіл, қашан да табиғилықты сүйеді. Әрине, табилық – өзін нұрлы көрсетіп, өзгені ұлыққа ниеттейтін болмыс. Ертеңді сәтті жалғайтын кісілік махаббат. Ал бұл дүние махаббат деген бір лездік сезім ғана деп қорытады. Жақынды ұмыту – сордың ашылғаны, басқаны құрбандыққа шалу – бақытты болудың тетігі деп кеңес береді. Сонымен, бүгін азбайтын жан тумайтын болды. Бәрі де, ертеңнің жарығы – иманды жоқ қылатын ақшаның құлына айналып барады. Өзіне сүйікті, өзгеге қадірлі болудан жаңылып малғұн жасауға беттеді.
Махаббат – сүйгізген заң. Ақыл – сүйгізетін негіз. Негіз – жанұяны, ұлтты, отанды жасаушы күш. Ал қазақтың негізі – өзіне сүйкімді, өзгеге үлгілі іс-әрекет істетіп тұрған ақыл.
 Әділ Санатбекұлы. Астана.
«Қамшы» сілтейді
02 қаңтар 2018 ж. 1 516 0