ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН
Жақында аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Жыр-жауһар» поэзия клубының аясында еліміздегі Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына орай ақын, жазушы, философ, тарихшы, сазгер Ш.Құдайбердіұлының шығармашылығына арналған «Жаралы менің жүрегім» атты тақырыпта клуб мүшелері мен «Жалын» тынығу лагеріндегі демалушы мектеп оқушылары, тәлімгерлер және тәрбиешілер қатысқан дауыстап оқу жобасы өтті.
Абаймен замандас, әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрін алға тартушы ізбасары Шәкәрімнің туғанына 160 жыл толуына орай кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты жас ұрпаққа Шәкәрімнің өміржолы мен шығармаларын таныстырып қана қоймай, табиғатын танытып, тұлғасын толыққанды қарастыруға күш салу болды. Сөз мәдениеті мен сөйлеу мәдениетін, шешендік өнерге деген құштарлық, оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын, оқушылар дүниетанымын кеңейтіп, ұлтжандылыққа тәрбиелеп, өз бетінше ізденуге баулу болды.
Мәдени шараны аудандық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі М.Балмағанбетова ашып, жүргізді. Оның маңыздылығына тоқталды. Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ұлы ойшыл, ақын Ш.Құдайбердиевтің шығармаларын санамызда қайта жаңғыртып, оның өшпес мұраларын бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтауға күш саламыз. Ол арнайы оқу орнында оқып, білім алмаса да, өз бетінше ізденіп, Абайдың жетекшілігімен жан сарайын байытқан, заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді, – деді.
Кітапханашы Г.Асан Ш.Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. – Жарты ғасырдан астам еріксіз үзілістен соң халық алдына қайта шыққан тұлғалардың бірі және қазақ тарихында алатын орны ерекше екені баршамызға мәлім. Шәкәрім – қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңін түрлендіре түскен кемеңгер ақын еді. Қытымыр, қилы заманда оққа ұшқан ақын есімі халық санасынан аласталмақ болды. Бірақ өзі өшсе де аты өшпейді. Абайдың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деген өлең жолдары осыны меңзегендей. Ұлы ақын өмірден өтсе де, ұрпағына ғибрат етіп қалдырған мол мұрасы өшпейді. Ол мұраны сақтау, одан тәрбие алу біздің міндетіміз екенін жеткізді. Қазақ поэзиясының асқар шыңы, шығармашылық дәстүрдің жалғастырушысы, Шәкәрімнің көркем мұрасы – әдебиетіміздің асыл қазынасы. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» деген Абай мектебінен тағылым алып, оның жолын жалғастырған ақын өлеңдері бір-бірімен үндесіп жатыр.
Ақын жырларын жатқа оқып, көрермен көңілін тапқан оқушылар ақынның сезімді жүрегінен туған «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндерді тыңдады. Шәкәрім де Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Тургенов, Толстой, Некрасов, Салтыков – Щедрин т.б. алыптарды оқыған.
“Кім көп біледі?” сайысында оқырмандар жақсылық, адамгершілік, ерлік жайында мақал-мәтел айтып жарысты. «Жалғасын тап» ойынында мақал-мәтелдерді жалғастырып, мағынасын ашып балалар өздерінің білімді екендерін көрсете білді. Қатысушылар адам бойындағы жаман қасиеттер туралы «еріншек», «жалқау», «тілазар», «салақ», «надан», «жігерсіз», «ұйқышыл» сөздерінің мән-мағынасына тоқталып, өз ойларын ортаға салды. Оқушылар бұл ойында өздерінің шығармашылыққа бейімділігін, ізденімпаздығын көрсетті.
Айдана БАЙМҰРАТ