Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ СҮЙЕКТЕН ЖАСАЛҒАН ТҰРМЫСТЫҚ БҰЙЫМДАР

МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ СҮЙЕКТЕН ЖАСАЛҒАН ТҰРМЫСТЫҚ БҰЙЫМДАР


Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күн көріс кәсіби аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Сондықтан хайуанаттардың етін, майын, ішек-қарнын, терісін, жүнін, тарамысын пайдаға асыра білуін қатар олардың сүйегінен, мүйізінен көптеген мүліктер мен қару-жабдықтар жасаған. Алғашқыда сойылған малдың қабырғаларын пышақ орнына, жаурынын қалақ орнына пайдаланған. Келе-келе адам баласы сүйекті сүйекпен жону, таспен егеу, отқа күйдіру сияқты әдістерді тапты. Ақырында сүйектен, мүйізден түрлі қолөнер туындылары жасалды.
Көшпелі мал шаруашылығымен немесе жартылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысына қажетті ағаштан жасалатын бұйымдарының түрі сан алуан болды.
Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді, халық олардың өндіретін бұйымдарына қарай "үйші", "ерші", "арбаша", "ұста" деп даралады. Ал, бұл шеберлердің әрқайсысы өзінің негізгі кәсібінен басқа да уақ-түйек бұйым түрлерін де жасай білді. Әсіресе, "ұста" атанған шеберлер үй бұйымдарының көптеген түрлерін жасаумен бірге, әртүрлі металл және сүйек пен мүйіз өңдеу ісімен де айналысып отырды. Айта кетер болсақ, сүйек пен мүйіз өңдеу ісі жеке кәсіп ретінде өз алдына бөлінбеген. Ертеректе сүйектен кейбір еңбек құралдары мен қару-жарақ бөлшектерін жасаған. Сонымен қатар, ағаштан жасалған үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтарын көркемдеу үшін мал сүйегін кеңінен пайдаланған.  (Ә.Тәжімұратов. «Шебердің қолы ортақ». – Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1977).
Негізінен үй бұйымдарын әсемдеуге жылқы мен түйе сүйектері ғана жараған. Оның өзінде, ең алдымен, олардың жауырын сүйектері мен қабырғалары қолданылса, кейде әсемдеу үшін жіліктің қақ сүйегі іске асқан. Әдетте, қыстыгүні соғымға сойылатын ірі жылқы мен түйе сүйектерінің жарамдыларын тастамай жинаған. Шеберлердің айтуы бойынша, шикі сүйектен гөрі асылған еттің сүйегі өңдеуге қолайлы болған. Семіз соғымның сүйектері тым майлы болған жағдайда, оларды артық майдан арылту мақсатымен өңдеу алдында тағы да бірнеше сағат суға қайнатып алған.
Алдымен жылқы және түйе жануарларының кемексіз қақ сүйегінің екіге жаруға келетін жалпақ етек жақтары мен қабырғаларының жалпақтауын қол арамен кесіп, кесінділерді шапа шотпен кеміктен әбден арылтып алады, содан кейін іске кіріседі.
Әсемдейтін бұйымдардың ыңғайына қараай, дайындалған сүйектерден мүмкіндігінше көлемі жағынан біркелкі тік бұрышты, төрт бұрыш, шаршы, үш бұрыш, ромбы тәрізденген әшекейлер кесіліп алынады, олардың беттері тегістеледі, мұқият өңделеді. Сүйектің бетін өңдеу үшін пышақ, шапашот, егеу, шыны сынықтары қолданылады.
Сүйекті түзетіп, жонып, тегістейтін құралды бастырық не қысқы дейді.
Жалпы, сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қақтау жұмыстары - асқан шеберлікті талап ететін өте нәзік өнер. (Арғынбаев Х. «Қазақ халқының қолөнері». – Алматы: «Өнер» баспасы, 1987).
Қазақ халқының қолөнерінің ішінде, өнер туындыларына жататын бұйымдардың бірі – кебеже. Қазақтар ежелден азық-түлік сақтауға кебежені пайдаланған. Кейбір зерттеулерге қарағанда ол Қазақстанның барлық аймақтарына кеңінен тараған. Көшпелі заманда азық-түлік салып сақтауға, көшу кезінде теңдеп алып жүруге де ыңғайлы, кімге болса да тұрмысқа өте қажет бұйым болған. Олардың жасалу тәсілі, сыртқы пішіні көп жерлерде ұқсас болып келеді. Кебежелердің бір-бірінен ерекшелігі олардың алдыңғы бетін көркемдеу тәсілінен байқалады.

Кебеже әдетте, абажа, абдыра, сандық аталатын мүліктерден кішілеу болады және ол қазанаяқ  жақта тұрады. Кебеженің төрт бұрышында тігінен орнатылған төрт қырлы ағаштар жақтау қазық деп аталады. Жақтау қазықтарға Кебеженің алдыңғы және артқы бетіндегі, екі жанындағы тақтайлар ырып бекітіледі. Астына қойылатын тақтайлар төрт қабырға жасап тұрған тақтайлардың астыңғы шетіне таман ырылып, саңылау болмайтындай жымдасып тұрады. Этнографиялық деректерге қарағанда сүйектелген кебеже Сырдарияның төменгі ағысын мекендейтін қазақ жұртшылығында көптеп кездеседі. (Арғынбаев Х. «Қазақ халқының қолөнері». – Алматы: «Өнер» баспасы, 1987).Бізге келіп жеткен, қазіргі мұражайлар қорында сақтаулы кебежелердің, өте әсем көркемделген, көлемдері жағынан да, сыртқы сәнділік жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан-түрлі кебежелер бар.
Соған дәлел Қызылорда облыстық тарихи–өлкетану музейі қорында өте құнды сүйектелген кебежелердің және жүк аяқтардың бірнеше түрі сақтаулы. (1-4 суреттер.) Кебеженің беткі жағы әртүрлі геометриялық фигуралар формасында жонылып, өрнектелген сүйек әшекейлермен жабылған. Ақсары сүйек түстері өте жақсы үйлесім табуының өзі кебеже жасаушы шебердің талғамының жоғары болғандығын дәлелдейді. Сонымен қатар кебеженің сыртқы көркемдік бейнесіне қарап, мерзімі ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезі екендігі байқалады.
Этнографтардың айтуы бойынша, кебеженің жалпы формасы және жасалу әдісі барлық өңірлерде бірдей. Кебеженің биіктігі – 45 сантиметр, көлденеңнен – 80 сантиметр. Төрт қабырғасы, түбі мен қақпағы төрт қырлы төрт қазық арқылы біріктірілген. Тек бет жағы ғана әсемделген. Ал, артқы беті мен екі жаны қызыл, қоңыр бояумен боялып, 12 тік бұрышты сүйек әшекейлері зергерлікпен қиюластырылған. Бұлардың астына (2-сурет, Түгендеу нөмірі КЗМКП 3559) қызыл шұға мата төселген. Кебеже бетінің ең ортасына үш жерден төрт-төрттен біріктірілген сыңар мүйіз тәрізденіп жонылған сүйек әшекейлер орнатылған. Бөпежанова Сәрсенкүлден 1982 жылы 30 желтоқсан айында Акт №139 Шиелі ауданының тұрғыны арқылы музей қорына түскен. (1,2-суреттер, Түгендеу нөмірі КЗМКП 3559, КЗМКП 4091/2).
Келесі кебеженің биіктігі – 45 сантиметр, көлденеңнен – 80 сантиметр. Жоғарыда аталғандай, бұл кебеженің (3-сурет, Түсім кітабындағы түгендеу нөмірі КЗМКП 127) бет жағындағы өрнегі ромбы тәрізденген әшекейлер кесіліп өрнектеліп, 17 тік бұрышты және 12 үшбұрышты сүйек әшекейлері зергерлікпен қиюластырылып, екі жаны қоңыр түсті бояумен боялған. Кебежені бұдан 60-70 жыл бұрын ағаш шебері жасаған.
Келесі тоқтала кететін бұйымның бір түрі – сүйектелген жүкаяқ. Қазақстанның барлық облыстарында көп жасалған қажетті үй жиһазы. Аты айтып тұрғандай, бұл жиһазға киіз үйде болсын, жер үйде болсын, іргеде үйіліп жататын жүк атаулының бәрі жиналады. Ағаш ұсталары оны жасауда қыруар еңбек сіңірген. Әрқайсысы өз әлінше көркемдеп жасауға ұмтылған. Әр шебер оны өрнектеп, әдемілеу мақсатымен өзінің таусылмас қиялына да ерік беріп, өз ісіне көптеген ерекшеліктер бере, жүкаяқтың сан алуан үлгілерін қалдырды. Қазіргі күнде оның басым көпшілігі, әрине, сақталмаған, сақталған үлгілерінің өзіне түгелдей тоқталу да мүмкін емес. Сондықтан қазіргі таңда музей қорында сақтаулы тұрған сүйектелген жүкаяқтың мына түріне тоқталған жөн. Жүкаяқ 4 бөлшектен құрастырылған. Аяқтары үстіңгі ағаштың екі шетіне қиыстырылған. Екі аяқтың арасы төменгі жағынан жіңішке тақтаймен қосылған. Жүкяқтың бет жағы түгелдей түсті бояулармен әдемі өрнектелген. Әр композициялары өз алдына бөлек орындалған. Ою ерекшеліктеріне келсек, екі аяқ беттеріне "ботакөз" өрнегі бейнеленген. Үстіңгі ұзын ағашының беттеріне өсімдік тектес әдемі ою-өрнек жүргізілген. (4-сурет, Түсім кітабындағы түгендеу нөмірі КЗМКП 128/1). Ою-өрнектері жасыл, қызыл бояулармен орындалған. Аяқтарының төменгі жақтары тұяқ тәрізденіп мүсінделіп жонылған. Жүкаяқтың ұзын тұрқы 104 сантиметр де, биіктігі 50 сантиметр шамасында жасалған.
Қолөнер шеберлерінің көркемдеуде, ою-өрнектерді орналастыруда симметриялық заңдылықтарды қатаң сақтағаны, адам көңілін өзіне тәнті етеді. Бұдан, кебеже, жүкаяқ жасаушы шеберлердің өзі, ағаштан түйін түйген, нағыз өнер адамдары екенін көруге болады. Қарапайым ғана, кебеже сияқты шағын тұрмыстық бұйымдардың өзінен, табиғат аясында өскен ата-бабаларымыздың сұлулық дүниесіне жаны жақын, эстетикалық талғамы жоғары болғандығын аңғартады. Музей қорында сақтаулы мұндай жәдігерлеріміздің барлығы баға жетпес асыл құндылықтарымыз екені сөзсіз.
Қортындылай келгенде айтарымыз, мұражай ісінде, қоғамдық ортада тіпті әлемдік мәдениет сипатында құндылығы жоғары жәдігерлер өткеніміздің белгісіндей болып, халқымыздың баға жетпес асыл мұралары екені даусыз. Сондықтан да қоғамның белгілі бір дамуында ғылыми іздену, халық-ағарту, мәдени құндылықтарымызды сақтау жұмысын жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі өзіндік орны бар іргелі мәдени ошақтардың бірі.
Алдағы уақытта бабаларымыздан қалған тарихи құнды жәдігерлерімізді сақтау, келешек ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз болмақ.

Е.А.БАЙМУРЗАЕВА,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі
Өлке тарихы бөлімінің меңгерушісі
22 тамыз 2018 ж. 2 164 0