Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАН ЕДІҢ АДАЛДЫҚТАН ДАРА ТУҒАН...

ЖАН ЕДІҢ АДАЛДЫҚТАН ДАРА ТУҒАН...


Мұндай адамдарға халықтың ерекше ықыласы ауып, есімі ел аузына ілігеді. Таңқаларлығы оларға жасы үлкендер де, кішілер де, замандастары да бірдей ырза болады, оны аса қадірлеп сыйлайды, ардақ тұтады. Осындай аудан, облыс көлемінде ел аузында сақталып, айтылып жүрген азаматтың бірі – Сейтжан Сақтағанов. Осы азаматтың өмір жолы аудан тарихымен біте қайнасып жатады. Сондықтанда бұл кісінің еңбек жолын әңгіме етсек артық болмайтын тәрізді. С.Сақтағанов 1902 жылы қазіргі Сырдария ауданы көлемінде 22 ауылда дүниеге келген. Ол жастайынан өз әкесінде арабша оқып, бірталай білім-«Мұхтасарды» тауысқан. 1921-1930 жылдар арасында диханшылықты кәсіп еткен. 1930-1931 жылдары алғашқы ұйымдасқан «1 Май» (қазіргі С.Сейфуллин кеңшары) колхозында басқарма хатшысы болып істеп, колхоз құру ісіне белсене қатысады. Осы жылдарда «Қарақұм» көтерілісіне өз туыстарының қатыспауы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді, колхоз құрылысын нығайтуды жақтайды. 1930 жылы Сейтжанның зайыбы Күлғаншаның әкесі Найман баласы Жүсіп молдаға бай-құлақ, «Қарақұм» көтерілісшілерінің қолдаушысы деген жала жабылып, көтеріліске ешқандай қатысы жоқ болса да Карлагқа айдалып кетеді. Көп ұзамай Жүсіп молданы Карлагта намаз оқып отырған сәжде үстінде нквдистер атып өлтіреді. Сейтжанның әкесі Сақтағанды да молда деп тауып, қуғындай бастайды. Осындай жағдайда және ашаршылық апаты төне бастаған 1931 жылы Сейтжанның үй іші Қырғыз Республикасының Жалалабат ауданына қоныс ауыстырады. Арабша жақсы білімі болғандықтан, Сейтжан сол жылдары латын әріпін де тез игеріп, сауатты адамдар санатына қосылады. Осыдан да жаңадан қоныс аударып барған жер Жалалабат ауданының Ақмешіт ауылдық кеңесінде алғашқы хатшы, кейіннен ауылдық кеңес төрағасы болып істейді. 1933 жылы елге оралып, сол жылдан 1939 жылға дейін Тереңөзек ауданының «1 Май» колхозының басқарма төрағасы болды.
Ашаршылық апатынан аман қалған өз туыстарын, ағайын жекжаттарын қайта топтастырып, істерін жинап, ел етеді. Көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, өзі басқарған колхоздың барлық шаруашылығын ілгері бас­тырады. Халық тойынып, береке бірлігі артады. 1936 жылы Секең «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісімен мадақталады. 1937-1939 жылдар арасында «1 Май» колхозы С.Сақтағановтың басшылығымен аудан, облыс көлемінде күріш өсіретін ең іргелі шаруашылықтардың біріне айналады. «1 Май» колхозы алғашқылардың бірі болып КСРО Халық шаруашылықтарының көрмесіне қатысады. Бұл колхоздың С.Сақтағановтың өзімен бірге көптеген стахановшылары Мәскеудегі көрмеге жолдаманы еңбекпен жеңіп алады. Сол жылдарда «1 Май» колхозы күріштен өте жоғары өнім алған. Мемлекет алдындағы борыш артығымен орындалып, колхозшылардың еңбек күніне де көптеп астық беріледі. Олардың молшылыққа кенелгендігі сондай өз еңбек күндеріне берілген мол астықты «сақтайтын жеріміз жоқ» деп тасып алудан бас тартқан.
«1 Май» колхозының халқы еңбектері жанып, өз бейнеттерінің зейнетін де көрді. Секеңнің замандасы Әбілдә Омаров марқұм ол кісінің халықтың тілін тапқан шебер ұйымдастырушы ретінде осы жылдары жоғары награда «Ленин» орденіне ұсынылғандығын, алайда ол награданы қалайша алмай қалғандығын айтып отыратын. Сөйтсе, бақыты өрлей бастаған Сейтжанды көре алмаған өз ағайындарының бірі жоғарғы жаққа молданың баласы деп арыз жолдаған екен. Молда десе аза бойы тік тұратын коммунистік идеологияның үстемдік етіп тұрған заманында «Құланның қасуына, мылтықтың басуы тура келгендей болған». С.Сақтағанов 1939-1941 жылдар аралығында Алматы шаруашылық техникумын оқып бітірген. 1941-1942 жылдары артта қалған шаруашылық «Қызылорақ» колхозының басқарма төрағасы болып істеп, бұл колхоздың нығаюына үлес қосқан.
1942 жылы Тереңөзек аудандық советі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығы қызметіне жоғарылатылды. Осы қызметті 1948 жылға дейін мінсіз атқарып, аудан экономикасын дамытуға атсалысты. 1948 жылы білікті де тәжірибелі басшы ретінде ауданда артта қалған шаруашылықтардың бірі – К.Маркс атындағы колхозға басқарма төрағасы етіп жіберілді. Бас-аяғы екі жылдың ішінде бұл колхоздың да шаруашылығы өркендей бастады. Колхоз егіншіліктен де, мал шаруашылығынан да елеулі табысқа қол жеткізіп, осы жылдар ішінде бидай дақылынан рекордтық өнім алған, осы колхоздың диханы Күләнда Әбдіраманова «Социалистік Еңбек Ері» атанды.
С.Сақтағанов мал шаруашылығын жедел өркендету мүмкіншіліктерін сарқа пайдалануға тырысты. Мәселен колхоз қаражатына Қызылорда қаласындағы базардағы саудагерлердің қолынан 100 дана қаракөл елтірісін сатып алдырған. Оны қайта өңдеттіріп, мемлекетке тапсырып, орнына 100 бас қаракөлге сойылатын қозыларды аман сақтап, қой санын көбейткен. Алайда, колхоздың экономикасын нығайтуға бағытталған игілікті істі шаруашылықты тұралатқаны үшін орнынан босап қалған сол ауылдың бұрынғы колхоз басшылары ауылшаруашылық артелінің уставын бұзушылық деп көрсетіп, арыз жазып, тасадан тас атушылар болған. Әрине, ол жылдарда шаруашылықты жүргізудің тиімді әдісін іздестірудің орнына  жоғарыдан қабылданған қаулының әрбір әріпін бұлжытпай орындау талап етілетін. Сонымен оның ұжымдық шаруашылықтың экономикасын нығайтуға бағытталған әрекеті зор қылмыс саналып, партия қатарынан шығарылып, жазығы болмаса да 15 жылға сотталып істі болды, 3-4 жылдай іс анықталынбай әуре-сарсаңға түсті, ол екі жылға жуық еңбек түзеу лагерінде  де болды. Ақырында іс КСРО-ның жоғарғы сотында қаралып, есіл ерді қайта ақтап, сотталды деп есептелмесін деген тұжырым жасады. 1955 жылы еңбек түзеу лагерінен оралғаннан кейін, партиялығы қалыпқа келтіріліп, осы ауданның сол кездегі ірілендірілген Ленин атындағы ұжымдық шаруашылықтың басқарма төрағасының орынбасары болып істеді. Коммунистік партияның сол кездегі екінші тың-қой шаруашылығын өркендету жөніндегі шақыруына байланысты ол қой фермасының бастығы болып ауысты. Бұл шаруашылықтың қойлары 1962 жылы жаңадан ұйымдастырылған Іңкәрдария кеңшарына берілуіне байланысты Секең өз жұмысын онан әрі жалғастырды. Әр жылы қойлар ерте көктемнен бастап, алыстағы Қарақұм мал жайылымына айдалды. Осы жолда көптеген малдар шығынға ұшырады. Секең мал шығынын азайтудың тәсілін іздестіре келіп, қойды Сыр бойына қыстатуды тиімсіз деп тауып, Қыр мен Сыр аралығындағы Мойынқұмға қыстау салуды ұсынды. 1962-1963 жылдардың қысында қойларды Мойынқұмға қыстаттырып, малдың шығынын күрт азайтты, қойлар қыстан күйлі шығып, төл көбейді. С.Сақтағанов Іңкәрдария кеңшарында өз қызметін 1968 жылдың аяғына дейін атқарып 66 жасында құрметті зейнеттік демалысқа шықты. Секең 1969 жылы қараша айының 16 күні қайтыс болды.
Сейтжан Сақтағанов өзінің бүкіл өмірін түгелдей аудан экономикасын жақсартуға бағыттады, қандай қызмет жасаса да көпшіліктің тілін таба білді, халық Сейтжанды адал қызметі үшін ардақтап сыйлады. Ол кісі қайтыс болғанда ауданымыздың белгілі ақсақалы республикалық дәрежедегі зейнеткер Сейткерей Усабаев үй-іші, туған-туысқандарына көңіл айта отырып, былай деген еді: Сейтжан үлкеннің де, кішінің де, қатар замандастарының да тілін таба білетін, кісі қызығатындай қызық адам еді, осынысы үшін де халық оны сыйлап ардақтайтын, – деді. Осы ақсақалдың ойын кейіннен көңіл айта келген сол кездегі аудан басшылары да, басқа зиялы азаматтар да дәл қайталап айтулары  таң қаларлықтай болды. Сейтжан туралы пікірлерінің бірдей болып тоқайласуы оның қасиетті адам болғандығын толық дәлелдейді. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» дегендей, Секеңді білетін көптеген адамдар оның өнегелі істерін күні бүгінге дейін әңгімеге арқау етіп отырады.
Жаны жомарт, парасаты мол жайсаң азамат Сейтжан Сақтағановтың өмір жолы, еліне еткен еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге болуға лайық. Осы азамат қайтыс болғанда замандасы жергілікті ақын Жүніс Жұмабаев өз ойын өлеңмен төмендегіше өрнектеген екен.
Жаны жаз, көңілі көктем жаратылған,
Жан едің адалдықтан дара туған.
Ондай жан өте сирек кездеседі,
Өмірден өз орынын ала туған.
Дүниеге келді, кетті қарамайтын,
Адамның біреуін жат санамайтын.
Бір мінез ол кісіде болған емес,
Әркімді шенге қарай бағалайтын.
Әрі дос, әрі туыс, әрі әкеңдей,
Жалғаған жақсылықты дәнекердей.
Былай деп айтқанды естігем жоқ,
Дейтін-ед  жұрттың бәрі бәрекелді-ей.
Жиында  ел бірлігін бастайтұғын,
Шындықтан әрқашанда аспайтұғын.
Жаны қас өтірік пен жамандыққа,
Қисайып қиянатқа баспайтұғын.
Дүниеге келгенде адам өзі жылап,
Өзгені қуантатын, күлдіретін.
Өлгенде ол адамға жұрты жылап,
Қойнына қара жердің ендіретін.
Өткенге өкінгенмен пайда бар ма?
Адамға ажалға істер айла бар ма?
Қаның мұз, жүрегің тас болмаса егер,
Осындай өкінесің асыл жанға.
Күлғанша болды, әрине, Сізге де ауыр,
Боп қалды бүтін жүрек енді жауыр.
«Болат бол, болған іске» деген сөз бар,
Етсін тек азаматтың артын тәуір.
Бірі перзент, бірі іні Бақыт, Шәмшат,
Сендер де жүрерсіңдер Секеңді аңсап,
Отанның енді өздерің иелері,
Сендерден басқа кім бар, ойға салсақ?
Алдамшы, баяны жоқ дүние бекер,
Дүниеден дем таусылса әркім өтер,
Бәрі де адамзаттың аз күн қонақ,
Бір мезет жер бетіне соғып кетер.
Жайқалып ортаға жас жапырағы,
Сақтасын әке бардай жапырағы.
Айтылар Секең жайлы бір-ақ лебіз,
Марқұмның торқа болсын топырағы.
Рахымжан БӘЙМЕНОВ,
тыл ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы.

22 тамыз 2018 ж. 757 0