АУДАН ТАРИХЫ – ЕЛДІКТІҢ ШЕЖІРЕСІ
1928 жылдың 23 маусымында Қараөзек ауданы Тереңөзек ауданы деп қайта аталды. Сол жылы Қараөзек болыстығы ауданның құрамына енді. Ауданның әкімшілік орталығы Тереңөзек станциясы болды. Аудандық атқару комитеті құрылып, ол 21 ауылдық Кеңестерге басшылық жасалды. Осыған байланысты Тереңөзек ауданында қайта сайлауға даярлық науқаны 1928 жылдың 15 қазанында басталып, 1929 жылдың 15 қаңтарында аяқталды.
Ауданда қайта сайлауға дейін 21 ауылдық Кеңес болса, саяси науқаннан кейін 17 ауылдық Кеңес қалды. Олардың құрамында ерлер – 86, әйелдер 14 пайыз болды. Әлеуметтік құрамына талдау жасағанда, оның 14 пайызы жалшылар, 47 пайызы ауылшаруашылық салығынан босатылған кедейлер, 13 пайызы 5 сомға ауылшаруашылық салығын төлейтін кедейлер, 18 пайызы 5 сом 25 тиынға дейін ауылшаруашылық салығын төлейтін орташалар, 4,5 пайызы 25 сомнан жоғары төлейтіндер, 3,5 пайызы теміржол жұмысшылары мен қызметкерлері, мұғалімдер еді. БК (б) П мүшелері – 24, БЛКЖО мүшелері – 10 пайыз, партияда жоқтар – 66 пайыз, оның ішінде «Қосшы» одағының мүшелері 57 пайыз болды, сөйтіп, құрам 58 пайызға жаңарды.
Тексеру комиссиясының құрамының 6 пайызы әйелдер, 70 пайызы кедейлер, 19 пайызы орташалар, 9 пайызы жалшылар, 2 пайызы мұғалімдер, оның ішінде 19 пайызы коммунистер, 3 пайызы комсомолдар, 78 пайызы партияда жоқтар еді. Комиссия құрамы 50 пайызға жаңарды.
Ауылдық кеңес өкілдері 70 пайызға жаңарып, олардың арасынан 18 пайызы әйелдер, 20 пайызы жалшылар, 51,5 пайызы кедейлер, 28,5 пайызы орташалар, 60 пайызы коммунистер, 12,5 пайызы БЛКЖО мүшелері 73 пайызы болды.
1929 жылдың қаңтарында ВКП (б) Қызылорда округтік комитетінің пленумы болып, онда округті қысқа уақытта жаппай ұжымдастыруға көшіру міндеті қойылды.
1929 жылдың күзінен ауыл шаруашылығын жаппай ұйымдастыру басталды. 1930 жылдың 17 желтоқсанында Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылғы 23 шілдедегі қаулысының негізінде Қызылорда округі таратылды. Тереңөзек ауданы Қызылорда және Қармақшы аудандарының құрамына енді.
1930 жылдың мамырында Қызылорда округтік екінші партия конференциясы болып өтті. ВКП (б) округтік комитетінің бірінші хатшысы А.Розыбақиев есепті баяндама жасады. Онда 1929 жылы колхоздардың тауар көлемінің небәрі 19,7 пайызын бергені айтылған еді. 1930 жылы оның көлемін 56 пайызға дейін ұлғайту міндеті қойылды. Конференция колхоз басшыларының, есепшілердің және аграрлық уәкілдердің курстарын ашу туралы шешім қабылдады. 1930 жылы астық жинау науқаны басталғанға дейін ауыл-селолық және партия-шаруашылық активінің 3500 адамды қамтыған он күндік курс-кеңестері болып өтті. Қайта даярлау курстарынан 30 аудандық партия комитетінің және ірі колхоз партия ұйымдарының хатшылары, 20 колхоз төрағасы, 15 әйелдер бөлімінің қызметкерлері, 30 партия қызметкерлері, 30 ауылдық комсомол комитеті мен ірі комсомол ұяларының хатшылары өтті. Мұндай жұмыстар Қазақстанның барлық округтері мен аудандарында жүргізілді.
1930 жылдың 5-7 наурызында Аламесек аудандық батырақтар слеті болып өтті. Слетке 16 әкімшілік аудандарынан 85 батырақ қатынасты. Слетке дейін барлық ауылдарда 1437 батырақ пен кедейлер қатысуымен ауылдық жиналыстар өткізілді.
Ауданда алғаш құрылған жылы өнеркәсіп өте нашар дамыды. Ауыл шаруашылығы негізгі айналысатын сала болып есептелді. Ауданда «Қазақстан өмірі» өнеркәсіп артелі, Қараөзек станциясында қамыс зауыты жұмыс істеді. Бұл екі кәсіпорын да облыстық өнеркәсіп одағына қарады. Өндірісте тікелей 56 адам еңбек етті, оның 6-уы қызметкер. Артелдің барлық мүлкінің құны 70 мың сомды құрады.
Ауданның ауыл шаруашылығының негізгі бағыты – мал және егін шаруашылығы, егіншіліктегі ең басты дақылдар бидай мен күріш.
Ауданда стахановшылар қозғалысы кеңінен өріс алды. 1938 жылы барлығы 359 екпінді стахановшылар, оның ішінде 80-і әйел болды.
1939 жылы ауданда бидайдың әр гектарынан – 9, арпадан – 8, тарыдан – 10, сұлыдан – 6, күріштен – 23 центнерден өнім жинады. «Қызыл диқан» колхозынан Е.Қалыбеков 33 гектар күріштен 40 центнерден өнім жинап, облыстық Кеңеске депутат болып сайланды.
Артельдерде техника саны мүлдем аз еді. Мәселен, 1938 жылы ауданда барлығы – 57 автомашина, Аламесек МТС-інде – 7, Қаракеткен МТС-інде – 9 молотилка болды, 250 гектардай ғана жер комбайнмен орылды, егістің 19 пайыздайы молотилкамен бастырылатын. Аламесек МТС-інде Н.И.Сергейдің еңбегі ерекше болды.
Ауданда күріш егісіне ерекше көңіл бөлінді. Сондықтан егістік жер көлемін ұлғайту, оны өңдеу, суландыру жүйесін жақсартуда бірқатар жұмыстар жүргізілді. Шіркейлі жармасы және басқа су жүретін арықтар тазаланды. Алайда егіс көлемін көбейтуге судың болмауы негізгі кедергі болды.
Ауданда барлығы 6115 шаруашылық болса, оның 5914-і колхоздардікі, 13-і жекешелердікі, 24-і жұмысшылардікі, 164-і қызметшілердікі еді. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде ауданда 49 колхоз аудан көлеміндегі барлық шаруашылықтардың 99,8 пайызын біріктірді. Бүкіл жер өңдеу серіктігі 1938 жылы ауыл шаруашылығы артелінің жарғысына көшті. Аудандағы Аламесек машина-трактор станциясы 8505 гектар егістік жері бар 31 колхозға қызмет көрсетті. МТС-те қуаттылығы 1383 аткүшілік 68 трактор болды. Ауданда негізінен жергілікті тұқымды сиырлар өсірілді, алдағы уақытта оларды герфорд асыл тұқымды бұқаларымен будандастыру шаралары қарастырылды, өйткені бұл тұқым жоғары өнімді, әрі төзімді болатын. Қой тұқымы – жергілікті қазақы құйрықты қой, Тәжікстаннан әкелінген аздаған қаракөл қойлары да бар еді. 1938 жылдан бастап жергілікті қойларды қаракөл асыл тұқымымен будандастырып, жоғары сортты елтірі алу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ жылқы мен түйе тұқымдарын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілді. Табиғи жайылымдықты тиімді пайдалануға, жоңышқа өсіруге басты назар аударылды.
Жалғасы бар...
Пікір 2