Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЗГЕ КӨРІНБЕС ҚУАТ

КӨЗГЕ КӨРІНБЕС ҚУАТ


Рәбиға анамыздың дастархан үстінде айтқан бір әңгімесі ерекше әсер етіп, қайыра сұрап қағазға түсіргенім бар. Ол Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне басылған-тұғын. Бір күні редакцияда отырсам елуді еңсерген бейтаныс кісі кірді. «Ұларбек сенсің бе?» дейді. Өзін «ақын да жазушы да емеспін» деп таныстырған ағамыздың есім-сойы – Баянбай Исраилов екен. Қолында екі парақ қағазы бар.
«Айналайын, қазақтың осындай қасиеттерін ұмытып барамыз, мың ақпараттан осындай өнегелі бір әңгіме артық қой!» деп ағынан жарылады. Мақалаға байланысты әсерін жазып келіпті. «Әр нөмірін сағына күтіп, құмарлана оқитын «Егемен Қазақстан» газетінің 15 нау­­рыз күні шыққан №51 санында жарық көрген Ұларбек Нұрғалымның «Ана жүрегінің қуаты» атты мақаласы мені терең ойға қалдырды. Шынында да Ана жүрегінің сәбиіне деген маxаббаты әлімсақтан бері келе жатқан, Жаратушының бұйрығымен санамызға жазылған, қанша жырласақ та тозбайтын ерекше құбылыс» деп басталатын жүрек сөзі жазылған жайдың жаңғырығы ретінде газетке басылды.
Айтпағымыз, адам баласының бойындағы әдетте көзге көріне бермейтін небір асыл қасиеттері жайында еді. Ал, ол қасиеттер көбінде қарапайым тіршілікте, қарапайым адамдардың қарапайым тірлігінде жатады. «Ұлылық – қарапайымдылықта» дейтін даналар сөзі де тегін айтылмаса керек.
Рәбиға анамыз деп отырғаным талантымен жасынан танылған Сырдың сүлейі, айтыстың дарабозы атанған дегдар ақын Нұрмат Мансұрдың анасы. Жоғарыда газетке басылды деген әңгіме осы апамыздың әжесі Бордай мен әкесі Сәдуақас туралы еді. Қазақ даласын жайлаған аштық пен дерттен қырылған әулеттен аман қалып, анасы «жалғызым» деп тілеуін тілеп отырғанда соғыс өрті лап етіп, сол бір оқ жаңбырша жауған сұрапыл майдан шебінен тірі келіп, жалғыз дәннен жапырақ жайған әулеті жайлы оқиға шынымен тыңдағанды тебірентпей қоймайтын еді.
Нұрмат достың үйіне барған сайын үйіріліп отырып анамыздың аузынан кемі ауылдың бір әңгімесін тыңдаймыз. Ұзыннан ұзақ көсіліп те сөйлемейді, отырыстың әредігінде Нұрматтың өзі қолқалап «маматай анау әңгімеңізді айтыңызшы, мынау әңгімеңіз бар емес пе?» деп сөзге тартып отырады. Бала күнінен қасына ертіп еңбекке баулып, кісілікке үндеп өсіргеннен кейін бе, әлде отбасылық бір қалыптасқан дағдының әсері ме ана мен баланың қарым-қатынасы кісі сүйінердей ерекше.
Тағы бірде Рәбиға анамыз өзінің анасын еске алып отырып, тағылым тұнған бір әңгімені баяндап еді.
«Әкеміз Садуақас соғыстан кейін еңбекке белсене араласып, елдің еңсесінің көтерілуіне еселі үлес қосқан алымды-шалымды, қайратты адам еді жарықтық. Сол кездегі Қызылдихан ауылының мал фермасын басқарды. Басқарды деген аты ғана. Қалың бейнеттің астында жүрді. Үкіметтің малының бір төлі қисайып қалмау керек. Басымен жауап береді. Анамыз Күләш сол әкеме артылған жауапкершіліктің жүгін қатар көтере білген, әулетін ақылымен ұйытқан, жүзі де жүрегі де таза көпшіл жан болды. Бір күні кешқұрым бір топ кісі біздің үйге таяп, «Бұл үйде кім бар ау, құдайы қонақпыз» деп дыбыстапты. Әкем әдеттегідей шаруаның жайымен тыста жүрген. «Құдайы қонақ болсаңыздар түсіңіздер» деп шешеміз алдынан жүгіріп шығады. Сақалы кеудесін жапқан, аппақ киінген жиырмаға жуық кіл үлкен кісілер есіктен еңкейіп үйге ене беріпті. Содан демде шәй қойылып, дастархан жайылып қонақтың қамына кірісіп кетеді. Айнала көрші біреуі самаурынын, біреуі басқа ыдыс-аяғын толықтырып бәрі жабылып күтіп жатады. Ол кездің салты сондай. Сөйтіп, қойдың жас етіне, сүрі қазы салып қазанды далаға асады. Үлкен кісілер шәйді ішіп, әңгімені айтып отырғанда әкеміз де келіпті. Табақ-табақ ет тартылып, үлкендер бата жасап, көрші-қолаңмен кіші-гірім мерекедей дастархан болыпты дейді. Аттары да тынығып, өздері де дем алған қонақтар таңғы шәйді ішіп отырғанда төрде отырған ақ сәлделі ақсақалдың бірі әкемнен «келін қай елдің қызы?» деп сұрапты. Әкем: «Жаманқыз деген кісінің қызы» деп айтқанда әлгі кісі орнынан түрегеліп: «Еееее, бәсе, болса болғандай екен, Жаманқыз өзімнің сыйлас ағам ғой. Ол үйдегі Орал жеңгеміздің берекелі дастарханын алыс-жуық мақтайтын, босағасында көлденең қылшық жатпайтын, үйін де қыста жылы, жазда салқын қылып ерекше ұстайтын қылап адам еді. Ауыл жақын отырғанда қолынан талай дәм татып ек. Бүгін Алла сол шешенің өнегесін көрген қызының қолынан дәм бұйыртқан екен. Өркенің өссін айналайын» деп, шешемізді шақырып маңдайынан иіскеп, ризашылығын білдіріпті. Содан әкемізге бұрылып: «Боқай табыннан Сәдуақас деген жігіт шықты, елге қызмет қылып ат үстінде жүр дегенді соңғы кезде жиі еститін едік, сырттағы ердің маңдайы жарқырап жүрсе үйдегі жардың жақсылығынан айналайын, жарасым тапқан екенсіңдер. Өсіңдер, өніңдер» деп батасын береді. Бұл кісі сол төңірекке аты тегіс мәлім Пірмәншә деген айтулы ақсақал екен. Сондағы сол кісілердің ыстық ықыласы, ризашылығы, берген батасы әлі ойымнан кетпейді», - деп отырушы еді анам, осы күні талай әңгіме естиміз ғой, қайсысы есіңде қалады, бала күнде естіген осындай әңгімелеріміз ұмытылмай ойыңның түкпірінде сақталып, жадыңда жаңғырып тұрады екен ғой» дейді Рәбиға анамыз.
Бірде осы әңгімені айтып отырғанымда Қызылордада тұратын ақын Мамыр Байментайұлы ағамыз әңгіме тізгінін өз қолына ала берді-ау. Нұрматты құлын күнінен білетін, талай бәйгеге баптап қосқан Мамыр аға Рәбиға анамыздың талай дастарханында болған, әңгімесіне қанған, боямасыз болмысына талай тәнті болған адам ғой, «е, Ұлаш-ай, айтатын несі бар, қанша дүние ойыңда сайрап тұрады, кейде тіпті қағазға түсіріп қойғың келеді. Ондайда «мені жаз, мені жаз» деп ентелеген қанша құнды әңгіменің қай бұрышынан ұстап, қай пұшпағынан бастарыңды білмей дағдарып ары ойлап, бері ойлап, сүйтіп жүргенде, (бізде қайбір тиянақты жоспар бар дейсің) басқа бір тірлік іліп әкетіп, ақыры қоятынымыз бар ғой. Мен Рәбиға шешеміздің бір-екі қасиетін айтайын, мына отырған келіндер де естісін» деп жүзі жайнап кетіп еді.
«Баяғыда Айдос Рахметұлы айтатын. Нұрматтың әкесі хан сияқты, хан қылып отырған апам ғой деп. Рас солай еді. Кешке базардағы саудасынан келеді, үйдің ым-жымын білдірмейді. Өзі шыны керек көкемнің мінезі де бар еді ғой. Ой, Алла-ай, өз алдына бір бөлмеге күтеді, бізді бөлек күтеді апам. Еркек қай кезде өзін хан сезінеді, білесің бе?! Үйінде тыныштық болып, әйелі жағдайын жасаған кезде еркек өзін хан сезінеді. Егер үйінде жағдайы болмаса, кез-келген еркек жүн жеп, жабағы тышып кетеді. Сондықтан Нұрматтың әкесін хан сияқты деп айтатыны басқа еркектерден ерекше бір бөлектігі емес шығар. Әрине, өз болмысы да мықты ғой. Бірақ, апам хан сияқты күтетін. Сосын біз аптасына жоқ дегенде бір-екі барамыз, ылғи ет жейтінбіз. Ол кезде де жоқшылықтың сіңірі үзілмеген кез ғой, апамнан «еттің бәрін бізге аса бересіз бе?» деп сұрайтынмын, сонда апам: «Ойбүй-ау, Мамыр-ау, мен үшін ең жеңіл тамақ ол ет асу ғой» деп әзілдейді. Қағаздай ғып қамырын жайып алдымызға әкеледі. Сол сен айтып отырған Күләш әжемізден үзілмей келе жатқан өнеге ғой бұл да. Қонақтың ықыласын алған анасының әңгімесі қызын да сондай іске ынтықтырады. Қонағы көп үйдің балалары көпшіл болады. Мұның бәрі тегін нәрсе емес қой, айналайын. Мен көп нәрсе айтар едім, өмірде көргенімді айтатын. Өз айналамда заманның ағымын ұстай алмай, сол кездегі алмағайып заманда қаладан ауылға көшкендер болды ғой. Бұл заманның ағымын ұстай алмаған деген сөз, алдын көре алмаған. Сөйтіп, аштыққа ұрынды ауылға барып. Апам дәл сол кезде уақыттың ағымын ұстаған адам, ауылдан ең алғашқы болып қалаға көшіп келіп, сол соңғы жинаған тиындарымен төрт бөлмелі үй сатып алды. Сөйтіп, саудаға кірісіп кетіп, алты баласының бірін арқалап, бірін жетелеп жүріп сол кезеңнің қиындығын ақылмен де арқамен де көтеріп жүріп жеткізді ғой. Заманның ағымын, уақыттың тамырын білу үшін парасат керек қой, Ұлашжан-ау!
Мына Нұрматтың ақындық жолға түсуіне, көтерілуіне апамның тоқсан бес пайыз үлесі болды. Себебі, баланы қанаттандыру, ананың дұғасы және оның қамқорлығы қатты керек. Мен соны апамнан көп көрдім. Одан бұрын мысал қылып анасының ақыл-қамқорлығымен биікке көтерілген үлкен бір лауазымды иесін көп айтушы едім ғой, дәл соның көшірмесін осы отбасынан көрдім. Нұрматтың алғаш айтысқа қатысып, тәй-тәй басып, әдепкі облыстан, одан республикадан бәйге алып жүрген кезінде бір күні барсам, апам он адам отыратын үлкен стол алыпты. Ол кезде заманның әлі түзеле қоймаған кезі, 2000 жылдардың басы. Жаңағыдай биік столға қолы жеткендер отырады, тіпті мәртебе болып көрінетін. Барсам столды құрғызып жатыр екен. Кейпінде сондай бір ырзалық бар. Сонда маған айтады: «ертең Нұрматжанымның сырттан сыйласатын достары келсе, тәуір дастарханда отырсын деп алғаным еді» деп. Ол кезде Нұрмат қатты таныла да қойған жоқ. Міне, содан кейін Құдайға шүкір, респуб­лика ғана емес, халықаралық айтыстарда да аты алашқа жайылып кете барды ғой.
Содан кейін бір байқағаным, алғаш айтыста отырғанда «апаны қарашы» деп келіншегім бірде көрсетіп еді, содан бері айтыс сайын апамды бақылап отырамын. Нұрмат сахнаға шыққаннан бастап екі көзі жұмулы, қолда тәспіні тартады да отырады. Аузы тыным көрмей бір дұғаны қайталай береді. Ананың дұғасы қоя ма, баласын талай биікке алып шықты ғой, айналайын. Өзі әркімде әр түрлі ғой, мына Мұхтардың әкесі Мәулен ағамыздың бір әрекетін үнемі байқап, басымды шайқаймын. Мұхтар финалға шыққан кезде іште отыра алмайды екен. Фоэде немесе сыртта жүреді. Шыға қалсаң «не боп жатыр, қалай болды?» деп үдірейіп тұрады. Ата-ананың балаға деген махаббатын Алла тағала қалай осылай керемет жаратты екен деші! Апамыз анадай әне, тәспіні тартады да отырады. Міне, содан Құдайға шүкір, Мұхтар екеуі дүркіреді ғой. Сонау Замаддин, Махамбетқали, Елена, Әбілхайырлардан кейінгі дүркіреп атағы қатты шыққан ақын Мұхтар мен Нұрмат болды. Ата-ананың парасаты, дұғасы баланы ұядан ұшырғандай өзгеше әсер етеді ғой, апамыз аман болсын, шіркін осы кісідей аналар көп болса қанша қазақтың ұл-қыздарының сапасы әлдеқайда биік болар еді ғой».
Мамыр ағамыздың Нұрматтың анасы жайлы шәй құйып отырған келіндерге естірте жаңбырдай сіркіретіп өткен әңгімесінің бір парасы осындай.
«Өткен күнде белгі жоқ, «уақыт бәрін орнына қояды» дейтін сөз рас екен. Маңдайына жазылған жазмыш шығар, анамыздың Смат деген баласы туылған кезде басқа бөлмеде дәрігерлер қолынан түсіріп алған ба, сап-сау туылған баланы шырылдатып жылатып әкеліп береді. Бала еміп жатып аузынан ақ көбік ағып талып кетеді. Жанын қоярға жер таппаған анамыз перзентханадан осындай ауыр көңіл-күйде шығады. Ол уақытта дәрінің де тапшы, дәрігер де аз кезі, әйтесе де апармаған жері қалмайды. Тіпті, аяғын басып жүре бастағанда да кез келген жерде талып қалады, қуығы да ұстамай әбден әуре-сарсаңға түседі. Сөйтіп, жүріп 7-8-ге келеді. Ақыл-есі де айтарлықтай жетілмейді. Содан айнала жұрт ақыл айтып, баланы мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне тапсыруға кеңес береді. «Жұмысың бар, отбасың, басқа балаларың бар, үкімет өзі қарайды» деп бірінен соң бірі айтып жүріп көндіреді.
«Содан дәрігерлерге тапсырып жүрегім қан жылап үйге келдім. Не керек, күнде тамақ тасимын. Енді олардың өздерінің тамағы бар ғой, қарны ашып қалмасын деймін ғой баяғы. Бірақ мені кіргізбейді, тамақты балаға беріп жатыр ма, бермей жатыр ма оны да білмеймін. Бір жарым ай күнде барып жүріп бір күні кірдім. Балам өсіп қалған секілді, мені бірден танып өзіме қарай ұмтылды. Жылап отырмын. Бір кезде дәрігерлер шығыңыз деген соң кетуге ыңғайлансам балам етегіме жабысып жібермейді. Қайтейін, өзім де жылап-жылап шығып кеттім амал жоқ. Қыстыкүні болатын, сыртқа шыққасын бұрылып артыма қарай салсам Сматым алақанымен терезедегі қырауды ойып содан қарап тұр екен. Кірпігін қақпай көзімен кеудемді тесіп жіберердей қарайды. Шыдамадым, жүгіріп ішке кіріп, содан дәрігерлермен сөйлесіп, құжаттарын реттедім де үйге алып келдім. Не де болса көз алдымда болсыншы деп...» дейді анамыз өткен күндердің өзек күйдірер әңгімесінің бір үзігін еске алып. Әшейін бір ғана естіген адамның көңілін алай-дүлей ететін осы бір жағдайлар әр сағат минутында қасында болып, өз басынан өткерген ана жүрегіне қаншалық салмақ салғанын ешкім де ақылмен өлшеп, оймен болжап айта алмас.
Сол Смат та қырықтан асқан қазір. Денсаулығына байланысты әріп танып, оқу оқу мүмкін болмаған әрине. Бірақ жұмсаған істі тындырады, үй шаруасына мәттақан. Оған мың шүкірлік айтады Рәбиға анамыз.
Апамыздың екі қыз, үш ұлы қазіргі уақытта үйлі-баранды, балалы-шағалы. Әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Әрқайсысы анасын ардақтап, алдына салып, алақанында аялап ұстап жүр. Немерелерінің алды да жоғарғы оқу орындарын тәмамдап, қоғам қызметіне араласа бастады. Абдолла көкеміздің шаңырағынан тараған ұл-қыздары бір үлкен әулетке айналып, міне сол әулеттің бүгінгі алтын қазығы болып Рабиға анамыз отыр.
Бұл бойына кісіліктің кілтін сақтаған асыл адамның бір ғана қыры десек болатын шығар. Өйткені, Қызылорда облысы Сырдария ауданы, С.Сейфуллин ауылының №137 мектебінде 30 жылдан астам мұғалімдік қызмет атқарған ұстаздық жолдың ұлан-ғайыр тағлым-тәлімі айтылмай өз алдына өзге шығармаға жүк болып жатыр. Сөздің көбіктей жеңіл жасығын жинай бермей, алтындай ауыр асылын теріп шақтап қана сөйлеп, миыңа мөрдей басылып қалатын ой салар оқиғаларды әсірелемей, көпіртіп көркемдемей-ақ жеткізетін қасиеті де осы ұстаздық ұзақ жолдың жемісі шығар дейміз. Ол кісі айтып отырған әңгімелердің кейбірін тіпті алғаш тыңдағанда елп етіп ерекше әсерленбеуің де мүмкін, алайда өмірдің сан соқпағында алдыңнан шыққан кейбір жағдайларда әлгі бір елеусіз әңгіме жадыңыздың бір қатпарынан жарқ етіп оянады. Тіпті, алтындай, жақұттай жарқырап! Атаның қаны, ананың сүтімен келген тектілікке селкеу түсірмей, олардан алған өнегесін өмірдің өз маңдайына жазғанымен өре отырып, санасында салмақтап, жамандығын кемітіп, жақсылығын арттырып тұтас тұла бойынан өткізіп, сол бір бегзада болмысты ұрпағына жеткізу үшін адам баласына қаншама көзге көрінбейтін ғаламат қуат керек десеңізші! Бұл да ана жүрегінің қуаты.
Ауызы Аллаға мадақ айтудан босамайтын сол Рәбиға анамыз биыл 70-тің жотасына шығып, бала-шаға, жақын-жұрағаты құттықтап қуантып жатыр екен. Үлкендер үнемі айтатын «бала-шағаңның қызығын көр» дейтін баталы сөздің бойға дарығаны осы болар сірә! Інжу келінінің берекелі дастарханының талай дәмін татып отырып, талай өнегелі әңгімесін тыңдаған анамызға Астанадан сәлем жолдап, 100-дің жүзін көріңіз, жүрегіңіздің қуаты азаймасын деген тілек айтқымыз келеді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Алтын тобылғы-2017» әдеби
сыйлығының иегері

14 тамыз 2018 ж. 872 0