Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛТЫН КӨМБЕ ҚАРТТАР-АЙ...

АЛТЫН КӨМБЕ ҚАРТТАР-АЙ...


Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғалы да жылдан асыпты. Міне, сонан беріде біздің қоғамда ерекше талқылауға ие болып жатқан түсініктердің бірі – осы «Рухани жаңғыру» ұғымы.
Бастысы, бұл ұғымды Елбасы өз мақаласында нақтылап айтып, «жаңғыру» үшін қандай міндеттер атқаруымыз керектігі талдап көрсеткен еді. Байыптап қарасам, осы «рухани жаңғыру» ата-бабаларымыздың күнделікті тұрмыс-салты, өмір сүру дәстүрі екен. Көнкөз қариялардың тәлімді тәрбиесін көрген орта буынның, яғни біздің көбіміздің санамызда бұл түсінік бала кезімізден сіңгені анық.
Балалық шақтың бал күндері дәл бүгінгідей көз алдымда. Май шамның жарығымен әке-шешеміз түнімен кітап оқытатын. «Көрұғлы», «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жырларымен қоса көптеген шайырлардың термелері мен ұзақ дастандарын, ұлы классиктердің көркем туындыларын бірімізден соң біріміз желдірте оқып шығатынбыз. Сөз байлығыңның құнарлы, тіліңнің шұрайлы болуы сол халық ауыз әдебиеті мен көркем сөздерді көп оқығаннан деп ойлаймын.
Тіліміз жаттығып, көптеген ұлағатты сөздер санамызда жатталып қалатын. Қазір ойлап отырсам, біздегі үлкен кісілер сананы рухани жаңғырту дегенді бұрыннан білген екен ғой. Күнделікті үйде пластинкадан, не радиодан Әскербек Еңкебаев, Көшеней Рүстембеков, Шәмшат Төлепованың термелерін, Асқар Тоқмағамбетов атамыздың сатиралық өлеңдерін тыңдап жүріп, ой-санамыз жаңаратын.
Сол көне сөздерден біз жан дүниемізге ғибрат алатынбыз. Бұрынғы әуенді әндерді жатқа білетінбіз. Ойын-сауықтарда қай ән басталса да бірге шырқайтынбыз. Сол сәулесі мен шұғыласы мол шақтардан жатталып қалған аңыз, қисса-дастандар, шығармалар ғұмырымызға рухани азық болғаны шындық. Ата-аналарымыз ерекше зеректікке баулығаны сондай, жақсы естеліктер, ұлағатты әңгімелер айтылса құлағымыз түрік жүретін.
Бір күні көршіміз Өміртай ағаның үйіне халық көп жиналды. Білмеймін, құран оқытты ғой деймін. Сол күні дастархан үстінде біздердей бірнеше баланы үлкен ақсақал кісі шақырып алып, маған құлақ берсе, тағы бір балаға тіл, енді біреуіне көз беріп жатты. Біз мәз болып оңаша шығып жеп жатырмыз.
Сол кезде ауылдың қариялары адамды тәнті ететін мысал сөздерді, басынан өткен хикаяттарын көп айтатын. Сол күні де сондай әңгіменің тиегі ағытылды. Білте шамның жарығы әлсіреп, түн ауғанша біздер де қызығып тыңдай бердік. Сонда біздерге құлақ, тіл, көз берген атаның әңгімесі маған ерекше әсер еткені бар. Сол кісі бата жасап, басты кесті. Содан соң езуінен кесіп алды да, өзі ауыз тиді. Сонан соң маған қарап «Мə, балам, құймақұлақ бол, сөз тыңда, үлкендердің лебізін жерге тастамайтын жақсы азамат бол!» деді. Бұл құлақ беру рәсімі екен.
Қарияның айтуынша, балаларға құлақ кесіп берудің үлкен тəлім-тəрбиелік жəне ғылыми мəні бар. Яғни, жасынан қариялардың қолынан құлақ жеп, өсиеттерін тыңдап өскен бала үлкенді сыйлап, кішіні аялайтын, сөз қадірін түсінетін, ақылды, білімді азамат болып есейеді. Əдепті, ибалы болуып өсуге талпынады.
Әдетте, білікті, тəрбиелі үлкен кісілер бас мүжігенде «көреген болсын, əділ болсын» деген ниетпен, бастың екі көзін алып, өзі қалаған балаға береді. Міне, бұл көз жегізу делінеді. Қазақ халқы екі көзді бір адамға береді. Екі көзді екі адамға берсе, алакөз болып, əділдіктен тайып, бұра тартады деген ырым бар.
Көзді үлкендерден игі тілек тыңдап отырып жеген бала қырағы, сергек, көреген, халыққа тең мəміле жасайтын турашыл, əділ адам болып жетілуге тырысады. Сондай-ақ, өзіне жан-жақты талап қойып, халықтың үміт-тілегін ақтауға құлшынатын ізгі ниетті азамат болып есейеді.
Әдетте, көреген қариялар мен тəлімгер əжелер көмекейді тілден бөліп алып, «тілді-жақты болсын, жезтаңдай шешен болсын» деп бата берген. Тіл жеген бала ата-ана мен үлкендерге, халыққа жақын, көпшіл болады. Өзгелермен оңай тіл табысып, қоғамдық қарым-қатынасын нығайтып, досын көбейтіп, өрісін кеңейтеді. Әдепті, ибалы, мұратты адам болып өсіп жетілуге құлшынады екен.
Сондай-ақ, біздің салтымызда, қойдың басын мүжіп отырған үлкен кісілер бастың таңдайын алып, қатты қабыршағынан аршып, оны өзі қалаған бір баланың алақанын аштырып қойып, таңдайды алақанына ұрып береді. Сол кезде оны бала шап беріп ұстап алса, онда сол бала ерекше шешен, əнші, жыршы болады деп есептеген.
Міне, бұл «таңдай беру» делінеді. Балаларға таңдай берудің де өзіндік мəн-мағынасы бар. Бұл рәсім балалардың тіл өнері мен əн-жырға деген ынта-ықыласын арттырып, жастайынан «əнші, жыршы, ақын болсам екен» деген үлкен арманға бастайды. Осылайша, есейгенде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермес шешен, əнші, жыршы, ақын болып шығуға игі қадам жасайды.
Қарап отырсаңыз, қазақтың кең сахара даласында еркін өскен ұлтымыздың рухани құндылықтары мен мәдени байлығы теңіздей терең пәлсапалық мән-мағынаға ие. Халқымыздың рухани байлығына баланған сол жауһарлары мен жақұттарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау – біздің парызымыз.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ,
Қызылорда қаласы
06 шілде 2018 ж. 755 0