АУДАРМАШЫ АҒАҒА АРНАЛДЫ
Тәуелсіз еліне аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа мол әдеби мұра қалдырған, көркем кісілік келбеті мен тектілігін танытқан жазушы-аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев ағамызды әрдайым мақтан тұтып, оның шығармаларын жұртқа насихаттау - біздер үшін үлкен міндет әрі парыз. Ол кісі осы Шаған ауылының тумасы, өте қарапайым әрі адал, биязы да ақкөңіл азамат еді. Осы кісіге арналып Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің 8 сынып оқушылары әдеби-танымдық кеш өткізді. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» көзі тірісінде орыс классик жазушыларымен қатар араб, парсы, түркімен жазушыларының тамаша туындыларын қазақ тіліне аударған Әбілмәжін ағамыз ұлтымыздың абыройын асқақтата білді. Әсіресе, қалың қазақ оқырмандары осы кезге дейін М.Ридтің «Жұмбақ салт атты», А.Дюманың «Үш ноян» шығармаларын іздеп жүріп оқиды.
Әдеби-танымдық кешке қатысқан оқушылар жазушы-аудармашы аталарының өмір және еңбек жолдарын тартымды әңгімеледі. Отбасылық жеке фотосуреттерінен слайд жасап көрсетті. Әбілмәжін атамыздың қызмет еткен жылдарына әсіресе «Жазушы» баспасының директоры қызметінде жүргенде жас жазушыларға жанашырлық көрсеткенін, әсіресе Мұқағали Мақатаев секілді ақиық ақынға демеу болғанын бейнелейтін сахналық көріністер қойды.
Әдеби кеште №37 мектеп-лицейдің директоры Ғалия Жаңабаева сөз сөйлеп, жазушы ағамызға арналған осындай игілікті іс-шараларды алдағы уақытта ауыл және аудан көлемінде ауқымды түрде өткізу, мектеп ішінен ағамызға арнап шағын мұражай ашу жөнінде пікірін білдірді.
Жазушы-аудармашы ағамыздың туған қарындасы Дүйсен апай Әбекеңнің жас кезінен білім алуға деген айрықша құштарлығын, мінезінің биязылығын, жүрегінің өте жұмсақтығын, кішіпейіл әрі мейірімділігін, басқа да асыл адамгершілік қасиеттерін әңгімелеп берді. Оқушыларды қазіргі рухани жаңғыру кезеңінде ұлтжандылық пен табандылық көрсетіп, білім алуға, елге қызмет етуге талпыныс жасауға шақырды.
Кеш қонағы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, белгілі журналист ағамыз Мейрамбек Шілдебайұлы болмысы бөлек, білімі мен парасаты мол, адамгершілігі зор атамыздан үлгі-өнеге алу керектігін, сонымен қатар Әбілмәжін Жұмабаев ағамыздың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында ол кісіге ауыл және аудан орталығынан көше атын беру, тіпті осы өзі білім алған №37 мектеп-лицейге атын беру де артық еместігін айтып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жазушы ағамыз Қалтай Мұхамеджанов, Әбіраш Жәмішев секілді замандастарымен дос болған, бірге жүрген. Ол кісілердің атында ауыл мен қалаларда мектеп аттары, сондай-ақ, көшелер бар. Ендеше, Әбілмәжін атамызға да өз мектебінің атын беру біз үшін парыз,-деді ол.
Тағылымды шараның мәнді де мағыналы өтуіне атсалысқан кісілерге осы кешті ұйымдастырушы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Досбай өз алғысын білдірді.
Аружан ИМАНҒАЛИЕВА,
оқушы, Сырдария ауданы,
Шаған ауылы