Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасындағы қылмыс – болашағыңа балта шабу

Отбасындағы қылмыс – болашағыңа балта шабу

Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық. Әрбір шаңырақта сыйластық пен түсіністік, мейірім мен қамқорлық салтанат құрғанда ғана қоғам тұрақты дамып, ұрпақтың болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықты дәріптеу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналған.

Осы бағытта Сырдария аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, халық арасында профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Айгүл Рсымова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бірқатар маңызды іс-шараны жүзеге асыруда.

Профилактикалық жұмыс аудан аумағындағы елді мекендерді қамтып, тұрғындармен тікелей кездесу ұйымдастырылуда. Инспектор тұрғын үйлерді аралап, отбасыларға заң талаптарын түсіндіріп, жанжалдың алдын алу жолы, отбасының әрбір мүшесінің құқығы мен міндеті жөнінде жан-жақты ақпарат беруде. Мұндай кездесудің басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алып, әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығын арттыруға негізделеді.

– Түсіндіру жұмысы барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары, оған жол берген жағдайда қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік кеңінен түсіндірілуде. Жергілікті халыққа дау-жанжалдың алдын алу үшін сабырлылық таныту, мәселені өзара келісім арқылы шешу, қажет болған жағдайда құзырлы органның көмегіне жүгіну қажеттігі айтылып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте құқық қорғау органдарының жедел әрекеті ерекше маңызға ие. Биылғы кезеңде Сырдария аудандық полиция бөлімінің «102» жедел арнасына отбасылық қарым-қатынастарға байланысты 56 хабарлама келіп түскен. Әрбір хабарлама назардан тыс қалмай, полиция қызметкерлері оқиға орындарына жедел барып, заң аясында тиісті шара қабылдады. Жауапты тұлға әрбір деректі мұқият зерделеп, құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізіп, ескерту жасады, – дейді Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің инс­пекторы, полиция аға лейтенанты Айгүл Рсымова.

Жұмыс тек тұрғындармен кездесумен ғана шектелмейді. Аудандық ардагерлер кеңесі мен жас­тар өкілдерінің қатысуымен арнайы кездесу өткізіліп, қазіргі қоғамда өзекті болып отырған сталкингтің (қудалау) қауіптілігі, қыз алып қашудың заңсыз әрекет екендігі, сондай-ақ оның құқықтық салдары жан-жақты қарастырылуда. Бұл бағыттағы кездесу жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етуде.

Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының 60-бабына сәйкес тұрмыстық жанжалға қатысы бар 56 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылды. Аталған шара жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушының қайтадан зорлық-зомбылық әрекеттеріне жол беруінің алдын алуға бағытталған маңызды құқықтық тетік ретінде қарастырылады. Сырдария аудандық сотының қаулысымен 19 азаматқа ерекше талап белгіленді. Ерекше талап құқық бұзушының мінез-құлқын бақылауға алып, заң талабын сақтауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай шара қайталама құқық бұзушылықтың алдын алуда және отбасындағы қауіпсіздікті нығайтуда өз тиімділігін көрсетіп келеді.

Профилактикалық жұмыстарға полиция қыз­меткер­лерімен қатар, өзге де мемлекеттік мекеме мен әлеуметтік ұйымдар белсенді түрде қатысуда. Ауданға қарасты барлық елді мекенде Отбасын қолдау орталығының мамандары тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетуде. Қажет болған жағдайда азаматтарға заңгерлік кеңес беріліп, түрлі әлеуметтік қызметкерге бағыттау жұмысы жүргізілуде.

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақ­сатында арнайы ақпараттық жадынама таратылып, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық көмек алу жолы, сенім телефоны мен жауап­ты мекеменің байланыс дерегі көрсетілген. Мұндай ақпараттық материал тұрғындардың қажетті көмекке дер кезінде жүгінуіне мүмкіндік береді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір ғана отбасының мәселесі болмауы тиіс. Ол тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін әлеуметтік құбылыс қатарында. Сондықтан оған қарсы күрес құқық қорғау органдарының, мем­лекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, ар­дагерлердің, жастардың және әрбір азаматтың ортақ міндетіне кіреді.

Сырдария ауданында атқарылып жатқан кешенді профилактикалық жұмыс құқық бұзушылықтың алдын алуға, отбасылық құндылықты нығайтуға және тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуда. Әрбір шаңырақта тыныштық пен татулық орнап, балалар қауіпсіз ортада тәрбиеленгенде ғана қоғамның болашағы берік болмақ. Сондықтан отбасындағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру – баршаның ортақ мүддесі.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
25 шілде 2026 ж. 94 0