Өзіндік оқырманы бар
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын және қоғамдық-саяси өмірін газетсіз, мерзімді басылымсыз елестету мүмкін емес. Оқырманның сырлас серігіне айналған «Тіршілік тынысы» газеті мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырып, қоғамдық сананы жаңғырту ісіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, ұлт руханиятын ұлықтап келеді.Мемлекет басшысының сындарлы саясатын, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылу барысын, жергілікті атқарушы, өкілді билік өкілдерінің, саяси партияның, қоғамдық ұйымдардың атқарып жатқан қызметін жұртшылыққа жария етуде басылымның алатын орны ерекше. Газет тілшілері ауданның ғана емес, облыстың да тыныс-тіршілігін тереңнен толғап, жеңісі мен жемісін, сондай-ақ маңызды салалар қызметінің дұрысы мен бұрысын қара қаламға арқау етіп, сыни тақырыптарда да тұщымды мақалалар жариялануда. Сондықтан оқырман қауымның айнымас досына, өңір өмірінің айнасына айналған басылым ақпарат кеңістігінде айрықша орынға ие.
Сөздің салмағын, ойдың бағыт-бағдарын айқындайтын басылымның ойлы оқырманы танымдық әрі тәрбиелік мазмұндағы дүниелермен сусындап отырады. Күнделікті жұмыс барысында республикалық, облыстық басылымдармен қатар аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің әрбір нөмерін үзбей оқимын. Оның үстіне еңбек жолымдағы ең айтулы кезеңдер, жеңісті де жемісті сәттер аудандық газет редакциясында өтті деп есептеймін. Сондықтан бүгінгі күнгі жетістіктерімнің бәрінде газеттің және шығармашылық ізденістердің өзіндік орны бар екенін әркез мақтан тұтамын.
88 жылдық белесті абыроймен еңсеріп, 9500-ші нөмірін жарыққа шығарып, игі істерге бағыт алған іргелі басылым ұжымын мерейлі мерейтойымен құттықтап, уақыт талабына сай жоғары деңгейден көріне берулеріңізге тілектестігімді білдіремін. Сіздерге әріптес әрі газеттеріңіздің тұрақты оқырманы ретінде шын жүректен сәттілік тілеймін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
«Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық газеттің
2019-2024 жылдардағы
бас редакторы










