Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос басылымның айшықты белесі

Қос басылымның айшықты белесі

Аймақ баспасөзінің айшықты көшінде тоқ­сан жылдық тарихы бар облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» га­зет­терінің алар орны айрышқа. Іргелі қос басылым ұлт руханиятын ұлықтап, елдік сананың еңсесін тіктеу ісіне өлшеусіз еңбек сі­ңіріп келеді. Елбасының және Мемле­­­­кет бас­­шысының сындарлы саясатын, мем­ле­кеттік бағдарламалардың жү­зеге асырылу барысын, жергілікті атқа­ру­шы билік өкілдерінің ел мүддесі жолында атқарып жатқан қызметі мен қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін қа­лың жұртшылық облыстық газеттен оқып, білуде.
Облыстың ұлттық танымдық-саяси басылымы «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны 1929 жылы 1 шілдеде жарық көрді. Арада 3 жыл өткеннен кейін 1932 жылы басылым аты «Ленин туы» болып өзгертілді. Ал 1938 жылдан 1991 жылға дейін «Ленин жолы» аталып, жаңалықтың жаршысына, аймақтың ақпарат тынысына айналды. Еліміз Тәуелсіздік алып, тарихи атаулар қайта қалпына келе бастаған шақта, яғни 1991 жылдың 24 қыркүйегінде газет өзінің ежелгі атауы «Сыр бойымен» қайта қауышты.
1979 жылы басылымның 50 жылдығына орай мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осыдан сәл кейінірек одақтық социалистік жарысты насихаттау мен оның жетістіктерін баспасөз бетінде көрсетуде сырбойылықтар үздік деп танылып, басылымның бірқатар нөмірі Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде қойылды.
Уақыт талабы мен мерзім міндеттері газет өміріне елеулі өзгерістер әкелді. 1998 жылдан бастап газет офсеттік тәсілмен басылып шығып, интернет желісін, электронды пошта қызметін пайдалана бастады. «Сыр бойы» газеті 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы – «Алтын жұлдызды» және «Үздік аймақтық газет» аталымын иеленді. Ал мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылу барысын терең әрі жан-жақты көрсеткені үшін 2006 жылы ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын жеңіп алды. Бүгінде газет аптасына 3 мәрте, А-2 форматта (сейсенбі, бейсенбі күндері 4 беттен, сенбі күні 8 бет) 30 мыңнан астам таралыммен жарық көреді. «Сыр бойының» сайтын күнделікті мыңдаған оқырман қарайды.
Бүгінде 9200-ден астам таралыммен орыс тілінде жарыққа шығатын «Кызылординские вести» газеті аймақ жаңалықтарының жаршысына айналды. Газеттің алғашқы редакторы – В.Клопотюк. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, облыстық басылым 1938 жылдың 26 сәуірінде «Ленинский путь» болып өзгертілгенін аңғарамыз. Ал 1965 жылдың 2 наурызынан 1991 жылға дейін «Путь Ленина» аталып, өңірдің тынысын кеңінен ақпараттандырды. Егемендікке қол жеткізген жылы, яғни 1991 жылы газет «Кызылординские вести» атымен жарыққа шығып келеді.
Тоқсан жылдық тарихы бар қос басылымда елімізге белгілі қаламгерлер еңбек етті. Олардың еңбек жолы біз үшін қай кезде де үлгі-өнеге. Оқырман қауымның сырлас серігіне, айнымас досына, өңір өмірінің айнасына айналған облыстық газеттер ақпарат кеңістігінде айрықша орынға ие деп нық айта аламыз. Өйткені басылымның әрбір нөмірін асыға күтетін оқырмандардың шоғыры қалыптасқан. Қазіргі таңда басылымның әр ауданда, әр ауылда және елді мекенде ойлы оқырманы бар.
Жақында облыстық газеттің бас редакторлары, тілшілері сырдариялық оқырмандармен кездесті. Кездесуде аға басылымдардың мазмұны байып, түрлі тақырыптарда мәні мен маңызы зор мақалалар жария­­ланып, оқырман көңілінен шығып келе жатқаны айтылды. Өз кезегінде басылымды үзбей оқитын оқырман қауым тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Кездесуде ардагерлер мен оқырман қос басылымның мерейтойына тілектестіктерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Біз де тоқсанның төріне шыққан облыстық басылымның абырой тұғырынан, бедел биігінен көрініп, жемісті жұмыс жасай беруіне тілектеспіз.

Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы»
газетінің ұжымы
30 қараша 2019 ж. 738 0