Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер өнегесі – ұрпаққа аманат

Ардагер өнегесі – ұрпаққа аманат

Ардагерін ардақтаған ел озады. ардагерлер – ұлт руханиятының шежіресі, кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін өмір мектебі. Ардагер-ұстаздардың өмірлік тәжірибесі мен тағылымға толы еңбек жолы – жас ұрпақ үшін сарқылмас өнеге. Осы орайда №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде «Ең үздік ардагерлер ұйымы» байқауы аясында облыстық әдістемелік семинар өтті.

Тағылымы мол семинарға облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов, кеңес төрағасының орынбасары Баян Сүюбаева, кеңес мүшелері Рамза Исмайлова, Кажденбек Бекманов, Рахматулла Қартаев, аудандық білім саласы ардагерлер ке­ңе­сінің төрайымы Гүлбар Әбілқызы, аудандық білім бө­лі­мі басшысының міндетін ат­қарушы Жанар Қойшыбаева, мек­теп директоры Қалихан Омаров, аудан мектептерінің ардагерлер кеңесінің төрайым­дары мен №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің ардагер ұстаздары қатысты.
Облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов өз сөзінде:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру жә­не «Адал азамат» тәрбиелеу бағы­тын­дағы бастамаларын жүзе­ге асыруда аға буын өкіл­дерінің тәжірибесі мен өмір­­лік өнегесінің маңызы зор. Осы орайда «Ұрпақтар сабақ­­тастығы және ұлттық құн­­дылықтар» жобасының жеті басым бағыты ардагерлер ұйымдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүм­кіндік береді. Біріншіден, үлкен­ге құрмет көрсету – хал­қымыз­дың асыл дәстүрі. Әрбір арда­гердің еңбегін бағалап, әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу – қоғамның басты мін­деті. Екіншіден, «Кітаппен бо­ла­шаққа» бағыты бойынша жастардың кітап оқуға қызы­ғушылығын арттырып, білім мен рухани байлықты наси­хаттау қажет. Үшіншіден, «Алтын Орда» – тарихи сана және бабалар аманаты бағыты арқылы жас ұрпаққа тарихымызды танытып, туған жерге де­ген құрмет пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыру маңызды.Төртіншіден, отбасылық құнды­лық­тарды дәріптеу – берік қоғам­ның негізі. Аға буынның өнегелі өмірі жастарға үлгі болып, отбасының қадірін түсінуге ықпал етуі тиіс. Бесін­шіден, дәстүрлі дін мен ұлт­тық бірегейлікті сақтау, жат ағымдардың алдын алу, қоғамда рухани келісім мен адам­гершілік құндылықтарды нығайту жұмыстары жүйелі түр­де жүргізілуі керек.

Алтыншыдан, жастар тәрбиесі, адал азамат қалып­тастыру, табиғатқа сүйіспеншілік пен жасампаз патриотизм бағытында ардагерлердің өмірлік тәжірибесін кеңінен пайдалану қажет. Жетіншіден, жағымсыз әдеттермен, әсіресе құмар ойындармен күресу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл бағытта жастар арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейту маңызды, – деді.

Іс-шара «Өнер – ұрпаққа аманат» атты бағдарламамен басталып, оркестрдің әсем әуені қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. Одан кейін «Тарихы терең, тағылымы мол білім ордасы» бөлімінде мектеп-лицей директоры Қалихан Бердіханұлы білім ордасының тарихымен, жетістіктерімен, білім беру бағытындағы табыстарымен және алдағы мақсат-міндеттерімен таныстырды.

«Ардагерін ардақтаған елдің рухы биік, ұрпағы өнегелі болады» деген ұстанымды негізге алған мектеп-лицей дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләйлә Сағымбаева «Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет» атты бөлімде ардагер ұстаздардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, жас мамандарға тәлімгерлік жасауы және ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі туралы баяндады.

Келесі кезекте мектеп-лицейдің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Бағдаш Сағындық ұйымның жұмысымен таныстырды. Мектеп пен ардагерлер арасындағы сабақтастық, тәлімгерлік байланыс, аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесіне арқау ету бағытындағы жұмыстар кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар ардагерлер ұйымының жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат берілді. Бүгінде мектепте ардагерлер бөлмесі, онда «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері мен «Білім беру ісінің үздігі» марапатына ие болған ардагер ұстаздарға арналған арнайы бұрыш жасақталған. Қатысушыларға ардагер ұстаздардың өнегелі өмір жолдары да таныстырылды.

Семинардың тәжірибелік бөлімінде өткен «Өнерім – өмірімнің өрнегі» атты шеберлік сыныбы ұлттық қолөнерді насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге бағытталды. Іс-шара барысында ардагер ұстаз, қолөнер шебері Ұлболсын Бекмағамбетова өз қолынан шыққан төл туындыларын таныстырып, әрбір бұйымның жасалу ерекшелігі мен өзіндік тарихына тоқталды. Сонымен қатар қолөнерге деген қызығушылығының қалыптасуы, шығармашылық ізденісі мен жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, жас ұрпаққа ұлттық өнердің қадір-қасиетін түсіндірді. Шебердің өнегелі әңгімесі мен қолөнер туын­дылары қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, атадан балаға жалғасқан асыл мұраны дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

Көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Валихан Тансықбаев «Азамат» ер балалар ұйымының мүшелерінің шеберлік сағатында жасаған жұмыстарын таныстырса, Райхан Шыманова «Ақжүніс» қыздар ұйымының мүшелерімен бірге қазіргі таңда кеңінен қолданылып жүрген кесте тігу өнері арқылы жасалған бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. Аға буынның өнегесі мен жас ұрпақтың ізденісі тоғысқан бұл бөлім ұлттық өнерді ұлықтауға, дәстүр сабақтастығын жалғастыруға және халқымыздың қолөнер мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге бағытталды.

Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген семинардың қоры­тынды бөлімінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағ­дарламасының басым бағыттарының бірі – «12 айға – 12 кітап» жобасы аясында қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Мектеп театры» үйірмесінің мүшелері «Әке мен бала», «Бақша ағаштары» атты қойылымдарды сахналады. Сондай-ақ «Кел, балалар, оқылық!» әні шырқалып, ұлы ағартушының білім мен тәрбиеге үндеген өнегелі мұрасы ұлықталды.

Семинар соңында Гүлбар Әбілқызы аудандық білім бөлімінде арнайы жасақталған ардагерлер бөлмесімен таныстырды. Облыстан келген кеңес төрағалары аудандық ардагерлер ұйымының жыл бойы атқарған жұмыстарымен танысып, құжаттардың дұрыс рәсімделуін назарға алды.

– Ардагерге құрмет – елге құрмет! Ардагерлер ұйымы – елдің бірлігін сақтауға, жастарға тәрбие беруге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін жалғастыруға зор үлес қосып келе жатқан қоғамдық ұйым. Барлық аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарының еңбегі құрметке лайық. Өйт­кені өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі мен елге деген жана­шырлығы қоғам үшін өте құнды, – деді аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлбар Әбілқызы.

Айта кетейік, семинар «Ең үздік ардагерлер ұйымы» байқауына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында ұйымдастырылды.


Т.ШАНЖАРХАНОВА

21 қараша 2026 ж. 64 0