Өлшеусіз еңбекке – алғаусыз алғыс
Еңбек күні – адал еңбекті дәріптеп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге мүмкіндік беретін тағылымды мереке. Осы орайда кеше аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында жекелеген білім беру ұйымында қызмет атқаратын техникалық мамандар, технология пәнінің мұғалімдері, мектеп директорларының шаруашылық жөніндегі орынбасарлары, іс жүргізушілер мен зертханашыларға арналған «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты мерекелік қабылдау өтті.Іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар, сондай-ақ білім беру ұйымдарының еңбек ұжымдары қатысты.
Жиында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып еңбек ұжымдарындағы әр маманның өзіндік орны бар екенін атап өтті.
– Әрбір білім беру ұйымында қызмет ететін кез келген маманның еңбегі – үлкен құрметке лайық. Мектептің тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етіп, материалдық-техникалық базаның қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасап, құжат айналымын жүргізіп, зертханалық жұмысты ұйымдастырып жүрген қызметкерлердің еңбегі көзге бірден көріне бермеуі мүмкін. Алайда олардың атқарып отырған қызметі білім беру үдерісінің сапалы әрі жүйелі жүруіне үлкен ықпал етеді. Сондықтан бүгінгі мерекелік қабылдау – еңбек адамдарына деген алғысымыз бен құрметіміздің белгісі, – деді Еркебұлан Жақып.
Білім саласында ұстаз еңбегімен қатар, оның айналасындағы әр қызметкердің жауапкершілігі де маңызды. Мектептің шаруашылық жұмыстарын үйлестіретін мамандар, іс жүргізушілер, зертханашылар, технология пәнінің мұғалімдері мен техникалық қызметкерлер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Олардың күнделікті тынымсыз еңбегі оқу ордаларының қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Өз кезегінде білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар еңбек адамын ұлықтаудың маңызына тоқталып, сала мамандарына ризашылығын білдірді.
– Еңбек – адамды шыңдайтын, елді алға жетелейтін үлкен күш. Бүгінгі басқосуға жиналған азаматтардың әрқайсысы білім саласының дамуына өз еңбегімен үлес қосып келеді. Қызметтің үлкен-кішісі болмайды. Ең бастысы – өз ісіңе адалдықпен қарап, жауапкершілікті сезіну. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз бен табанды қызметтеріңіз – кейінгі ұрпаққа үлгі. Баршаңызды Еңбек күнімен құттықтап, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Алмас Есназар.
Мерекелік іс-шараның мазмұнын аудандық өнер мектебінің ұстаздары одан әрі айшықтай түсті. Ұлағатты ұстаздар әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашып, жиылған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық өнерді ұлықтаған жас өнерпаздардың шығармашылық тартуы еңбек адамдарына арналған кештің сәнін келтірді.
Іс-шара барысында марапатталған сала мамандары да өз кезегінде ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, еңбектің еленуі әр адамға ерекше жігер беретінін атап өтті. Олар білім беру саласының дамуына өз үлестерін қосып, алдағы уақытта да жауапкершілікпен еңбек ете беруге ниетті екендерін жеткізді.
Еңбек адамының қадірін арттыру – қоғамдағы еңбек мәдениетін қалыптастырудың маңызды бөлігі. Әсіресе өскелең ұрпаққа адал еңбектің қадірін түсіндіру, кез келген кәсіпке құрметпен қарауды үйрету – бүгінгі күннің маңызды міндеті.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










