Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Сала ардагерлеріне сый-құрмет көрсетілді

Сала ардагерлеріне сый-құрмет көрсетілді

Қарты бардың – қазынасы бар. Мереке қарсаңында аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті бірлесе отырып білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерге құрмет көрсетті.

Келелі басқосуға білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева, білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлбар Әбілқызы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, Мәдениет, білім беру саласының үздігі Жәнібек Маханбет және 30-дан астам білім саласының ардагері қатысты. Мерекеге арналған іс-шараны аудандық білім саласы кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар жүргізіп отырды.

Ардагерлерді мерейлі мереке, атаулы күнмен құттықтау үшін сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева ауданда білім саласынан зейнеткерлікке шыққан 468 ардагер-ұстаз бар екенін атап өтті.

– Ең алдымен, қатар келген қазыналы қарттар күні және ұстаздар күні мерекесімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық тілегім келеді. Біз, алдыңғы буын, сіздерден үлгі-өнеге аламыз. Баталарыңызды алып, алға қарай үздіксіз жылжып отырамыз. Соңғы жылдары аудандағы білім саласы айтарлықтай зор жетістіктерге жетіп келеді. Оның бәрінде өздеріңіздің қолтаңбаларыңыз бар. Әр баланың білім алуында, өскелең ел ертеңіне айналуына үлес қостыңыздар. Ұстаздық – ұлы қызмет. Сіздердің әр күндеріңіз, әр сәттеріңіз мереке. Бүгінгі сән мен салтанат өздеріңізге арналады, – деді Ләззат Рысмаханқызы.

– Сіздерді 1 қазан – халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Өткенімізді өшірмей, болашағымызға батыл қадам жасау үшін де келер ұрпаққа өнеге боларлық істерімізді жеткізіп, елдің береке-бірлігі мен тату тірлігі жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсетудің өскелең ұрпақ үшін мәні зор. Кезінде еселі еңбек етіп, ел мерейін өсірген, ізгілікті ісімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік қасиеттерімен қызмет атқарған ардақты аға-апаларымыз зейнеткерлікке шықса да, қоғамға қажетті істерге араласып келеді. Қарияларымыз «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деуінің мәні осында, – деген Алмас Зейноллаұлы ардагер-ұстаздарға сөз кезегін берді.


Өз кезегінде Ұ.Жанәлиева, Г.Әбілова, Ж.Маханбет, Ә.Аманбаева сөз сөйлеп, білім саласының қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтады.

Ардагер-ұстаздар марапат биігінен көрініп, аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитетінің алғыс хаттары және сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ аудандық және Шаған, Амангелді ауылдық өнер мектептерінің ұстаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, мерекені думанға айналдырды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 қазан 2024 ж. 148 0