Ақтау сапары
«Мың естігеннен бір көрген артық» деген халық даналығының астарында үлкен мән бар. Қандай жай туралы болмасын қанша жерден естігенмен, өз көзіңмен көргендей әсер ала алмайсың. Ақиқатқа барар жолдың өзі де өз көзіңмен көріп, санаңмен саралау. Соның бір реті келіп өткен айдың аяқ шенінде облыс ардагерлерінің делегациясы құрамында Каспий теңізінің жағалауында орналасқан әсем қала Ақтауда, 362 әулие мекен еткен Маңғыстау өңірінде болудың сәті түсті.Мұнайлы аймаққа облыс делегациясын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастап барды. Ондағы мақсат – киелі мекен Маңғыстауға саяхат жасау, ел мен жер тану, әулиелерге зиярат ету. Бұл игі шара Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен ұйымдастырылды.
Осы заманғы көлік адамдардың жолаушылау мүмкіндігін арттырды. Қызылордадан Ақтауға пойызбен 1,5-2 тәулік жүретін болсақ, ұшақпен 1 сағат 40 минутта жетіп бардық. Делегация құрамындағы 50 ардагерді Ақтау әуежайынан Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай және төраға орынбасары Қаржаубай Аққұлов қошеметпен қарсы алды. Қызылордалық ардагерлерге қызмет етуге арнайы бөлінген су жаңа автобуспен шаһар ішіндегі қонақүйге апарып орналастырды.
Ертеңіне Ақтаудан таң атпай, елең-алаңда 300 шақырымдық жолға – әулиелердің асылы Шопан ата мен пірдің соңы Бекет атаға зиярат етуге аттандық. Мінгеніміз – 50 адамдық жайлы автобус, жолбасшымыз – Серікбай Құдайбергенұлы. Маңғыстаулық төраға кезінде мұнай саласының мықты маманы, іскер басшы болған, сөзге де ұста кісі екен. Мұнайлы өлкенің тарихын бес саусағындай біліп, Сырбойылық ардагерлерді елдің, жердің тарихымен таныстырып келеді.Сапар барысында мектепте географиядан оқыған, еліміз бойынша ең төменгі жер (теңіз деңгейінен 132 метр төмен) саналатын Қарақия ойысының тұсынан өттік. Одан кейін атақты Жетібай кен орны басталды. Осы кеніштің ашылуына қазақтың ғұлама ғалымы Қ.И.Сәтбаев көп еңбек сіңірген. Маңғыстауға теміржол тартуға да Қаныш Имантайұлы бастамашы болған.
Жетібай – мұнайлы өлкедегі алғаш ашылған кеніш. Бұдан соң «Өзенмұнайгаз» кен орны басталады. Бұл жерде мұнай айдайтын ұңғы (скважина) саны 6 мыңнан асады екен. Осы цифрдан-ақ оның еліміз үшін қара алтын өндірудегі қаншалықты маңызы бар екенін білуге болады.
Шөлді, шөлейтті аймаққа жататын Маңғыстауда өзен жоққа тән. Ал сонда «Өзенмұнай» сөз тіркесі қайдан пайда болды? Ол мұнайдың мол ағынына байланысты айтылған. «Өзенмұнайгаз» атауындағы «өзен» сөзі – кен орынның атауы. Өзен кен орны 1961 жылы 15 желтоқсанда ашылыпты. Сол күні осы жерден мұнай «бұлағы» атқылаған. 1964 жылы 15 шілдеде «өзен» мұнай кәсіпшілігі құрылып, кейін осы кәсіпорын негізінде «Өзенмұнайгаз» АҚ қалыптасқан.
Осы кен орындарын көргенде көрші Ақтөбе облысының бұрынғы Октябрь, қазіргі Мұғалжар ауданында еңбек еткен жастық жылдарым ойға оралды. Өткен ғасырдың 80-жылдарының орта шенінен бастап осы өнеркәсіпті ауданның газетінде тілшілік қызмет атқардым. Ай сайын 3 мыңнан астам мұнайшы тұратын Жаңажол вахталық кентіне тікұшақпен іссапарға барып, мұнайшылардың, газшылардың, бұрғышылардың, басқа да мұнай саласындағы мамандардың тыныс-тіршілігі, жарқын еңбегі туралы мақала жазатынбыз. Ол бір сезімге толы шақ еді. Сол бір қимас кезеңді Жетібай, «Өзенмұнайгаз» кен орындары көз алдыма алып келді. Бұдан соң мұнайшылар астанасы – Жаңаөзен қаласының үстінен өттік.
Әулиелердің асылы – Шопан атаның мәңгілік мекеніне бармас бұрын оның күйеу баласы ер Бақуаддиннің кесенесіне зиярат еттік. Ондағы молда жігіт батыр туралы сыр шертті. Оның айтуынша, XIII ғасырдағы жаугершілік кезінде ер Бақуаддин жау қолынан ерлікпен қаза тапқан көрінеді. Бір атап өтерлігі, батыр Шопан атаның қызын айттырып, жауды жеңгеннен кейін үйленуге байлам жасаған. Өкінішке қарай, ол арманына жетпеген. Дегенмен келісім Алланың атымен мөрленген деп есептеп, Шопан ата ер Бақуаддинді өзінің туған күйеу баласы деп қабылдайды. Содан жергілікті тұрғындарға мынадай өсиет қалдырады: «Менің әруағымды сыйлап, ниет етіп келушілер болса, алдымен күйеу балам ер Бақуаддинге келіп, Құран бағыштасын! Сосын барып маған келсін».
Сонау XIII ғасырда айтылған өсиет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, осы уақытқа дейін жеткен. Осыған қарап, Шопан атаның әулиелігін еріксіз мойындайсың. Біз де сол өсиет бойынша батырдың басына Құран оқытып, содан кейін Шопан атаға жол тарттық. Мұнда тобымызбен барып, кезекке тұрып, әулиелердің асылының жер асты мешітіне зиярат еттік. Мешіт қабырғасында арабша жазылған «Өмір жалған, жазу мәңгілік» деген сөзді жергілікті молда жігіт аударып берді. Не деген құдіретті сөз десеңші!
«Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет» деген аталы сөз бар. Ендігі аялдамамыз – Үстірттің Оғыланды тауындағы Бекет ата әулиеге барып, мінәжат ету. Бұл қасиетті аймаққа да жеттік. Атшаптырым аумаққа заманауи мешіт, көлік тоқтайтын арнайы тұрақ салынған. Жолбасшымыздың айтуынша, мал шалып, дұға жасап, зиярат етушілер көп. Күніне 50-100 адам келеді екен.
Біз көп аялдамай, 2-3 шақырымдай жерде жатқан пір Бекет бабаның басына қарай жаяу тарттық. Біздің алдымызда да, қарама-қарсы бағытта да адам қарасы мол. Әулиеге барар жолда баспалдақпен төмен түсіп, қайтарда көтерілеcің. Әрбір 300-400 метр жерде демалатын орындар бар. Маңғыстау билігінің пір Бекетке зиярат етушілерге жағдай жасап қойғанына риза боласың.
Әулие басына барып, Құран оқытып, садақамызды бердік. Қайтар жолда төменде жайылып жүрген екі арқарды көрдік. Сусыз жерде қалай өмір сүріп жүргеніне таңғаласың. Бұл жөнінде сол жердің шырақшысы ол көріністі пір Бекеттің әруағымен байланыстырды. Олар кез келген адамға көріне бермейді екен. Қасымдағы серігім Сламбек Қаюпов екеуміз: «Мұнда келгендегі ниетіміз қабыл болады екен», – деп бетімізді сипадық.
Бекет ата атындағы заманауи мешітте үлкен ас беріліп, Құран оқылды. Бір күн уақытымыз жолға кеткенімен, жан дүниеміз тазарып, өзімізді сергек сезіндік, бар арманымыз орындалғандай күй кештік.
Ертеңгі күнді шаһарды аралауға арнадық. Ақтау аршыған жұмыртқадай әдемі қала екен. Қалаға саяхатымызды теңіз жағалауынан бастадық. Шаһарда көрікті жерлер көп екен. Жоғары оқу орындарының ішінде Теңіз академиясында, Шахмардан атындағы университетте мыңдаған студент білім алуда. Әбіш Кекілбай атындағы мұражайды аралап, Маңғыстаудың тарихынан көптеген мағлұмат алдық.
Ақтау сапарында С.Дүйсенбаев бастаған көптеген қоғам қайраткерлері Б.Еламанов, Ә.Хожбанов, Н.Мұсабаев, С.Тәуіпбаев және т.б., сондай-ақ белгілі шығармашылық адамдары композитор Р.Тайманов, журналист К.Ерімбетов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ж.Әлиев, замандастарым Ж.Нұрымбетов, Б.Биятов, С.Қаюпов, Ш.Бодықовтармен бірге болдық. Ардагер ағаларымыз бізге жол көрсетіп, бауырмалдық танытып, әрдайым қолдап жүрді.
Сырдария ауданынан Ақтауға білім саласының ардагері, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Сламбек Қаюпов, ішкі істер саласының ардагері Шектібай Бодықов және осы жолдардың авторы бардық. Біз бұрын біздің ауданды басқарған Әріп Битілеуұлы тарапынан айрықша қамқорлықты сезіндік. Әрдайым бауырына тартып, көрген жерде «Біздің ауылдың азаматтары ғой» деп көпшілікке таныстырып жүрді. Әріп аға ауданды басқарғанда мен көрші облыста мемлекеттік қызметте едім. «Осындай кісінің қарамағында жұмыс істемеген екенмін» деп іштей армандағанымды несіне жасырайын?!
Қала аралаған күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Сырбойылық ардагерлерге арнап түскі қонағасын берді.
Бір аймақпен екінші аймақты рухани жалғастыруға арналған үлкен миссияның қорытындысында қоғам қайраткерлері және әр ауданнан келген өкілдер сөз сөйлеп, сапардың сәтті болғанын, керемет ұйымдастыру шаралары жүргізілгенін атап өтті.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
Қызылорда – Ақтау – Қызылорда










