Қажыр мен қайраттың жемісі

Ұстаз – адам өміріндегі ең қастерлі тұлғалардың бірі. Ол білімнің шамшырағы, тәрбиенің темірқазығы. Әрбір жетістікке жеткен азаматтың артында оны білім нәрімен сусындатқан, жол көрсеткен ұстазы тұрады. Олардың кез келген жетістігі, әріп үйреткен мұғалімінің еңбегі.
Іс-шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар ашып, ардагерлерді қос мерекемен құттықтады.
– Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Ол шәкірт жүрегіне ізгілік пен мейірім дәнін себеді, болашаққа бағыт береді. Бала бойындағы қабілетті ашып, дарынын дамытуға көмектеседі. Қазан айының алғашқы мерекесі «Қарттар күнімен», сондай-ақ «Ұстаздар күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Ауданға қарасты әр мектеп қабырғасында жылдар бойы еңбек етіп, білім саласының дамуында айрықша рөл атқардыңыздар. 90-жылдардағы қиын кезеңді мойымай өткеріп, білім ордасын сақтап қалдыңыздар. Әрқайсысыңыздың қосқан үлестеріңіз айрықша. Бүгінде ауданға қарасты мектептер кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл әрине, қазіргі таңда педагогтардың жайлы мектепте білім беруін қамтамасыз ету мақсатында орындалуда. Шәкірттеріңіз қай сала болсын адал еңбегімен нәпақасын тауып, жетістікке жетуде. Бұл әрине, сіздердің әр оқушыға қалыптастырған іргетасының мықты болуы, – деді Еркебұлан Жақып.
Әрі қарай кеш әуез мектебі ұстаздарының ән шашуымен жалғасып, ақ самайлы әжелер мен қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік іс-шарада ардагер ұстаздар ақ тілегін айтып, емен-жарқын әңгімелесіп, шер тарқатты. Ардагер ұстаз Ұлмекен Шанайқызы, білім саласы ардагерлері бастауыш ұйымының төрайымы Күлбарам Әбілова сөз сөйлеп, еңбек жолындағы ұстаздық кезеңдерінің қиыншылықтары мен қызықтарын айтып, бөлісті.
Мерекелік кеш соңында білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар ардагер ұстаздарды марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Г.ТАБЫНБАЙ