Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Донор болу – өзгенің өмірін сақтау

Донор болу – өзгенің өмірін сақтау

«Басы ауырып, балтыры сыздаған» көпшілік денсаулықтың қадірін жіті бағалайды. Дертке шалдыққан дімкәс көңілді адам сырқаттан айығу үшін барын салатыны мәлім. Бүгінде адам бойында кездесетін ауру түрі де аз емес. Өмір үшін күресте ешкім аянып қалмасы анық.

Жалпы еліміздегі қаншама меди­циналық орталықта ағза алмас­­тыру жүйесі сәтті жүзе­ге асып жатады. Мәселен, жақын­да елордада қайтыс бол­ған адам 5 нау­қастың өмірін сақтап қалуға ықпал етті. 44 жас­тағы әйелдің ағайын-туысы орган донорлығына рұқсат бер­гендіктен, трансплантациялау ота­­сын жасауға мүмкіндік туды.

Расында, біз көтеріп отырған мәсе­ле қашанда өзектілігін жой­­майды. Трансплантацияға мұқ­­­таж жандар елімізде жыл­дан-жылға көбейіп жатыр. Күту парағына тізілген науқас біткен қанша күн өмір сүретініне алаң­дайды. Еуропада мәйіттік донор жақсы жолға қойылса, елімізде науқастың туысы жиі көмекке келеді екен. Осы жылдың басында келтірілген мәліметке сүйен­сек, республика аумағында 40 мың қазақстандық мәйіттік донор болуға ниет білдірген. Негізінен, қайтыс болған 1 адамның органдары 7 науқастың өмірін ұзартуы мүмкін.

Ағза ауыстыру үшін 3961 отан­­дасымыз кезекте тұр­. Оның ішінде, 104 баланың өмір сүруге деген құлшынысы жоғары. Жал­пы жүрек, бүйрек, бауыр секілді адам мүшесін ауыстыру мақсатында еліміздегі арнайы медициналық орталықтар науқасты кезекке қояды. Ал кезегін күткен қаншама адам өмірімен қоштасуға мәжбүр.

Бұл ретте, ағза алмастырып, донор болуға Ислам дінін­де рұқсат етіледі. Осыдан 36 жыл бұрын халықаралық Ислам «Фиқһ» ұйымы адам өмі­рін сақтап қалу жолында бір­не­ше қаулы қабылдаған. Шын мәнінде, тигізер пайдасы нақ­ты анықталған жағдайда кісі­нің ағзасын ауыстыруға жол беріледі. Сонымен қатар ағза өз орнына қалыпқа келетін болса, өзге­ге беруге болады. Белгілі себеп­пен ота арқылы алынып тасталған ағзаның өзгеге салын­ғанын дін қолдайды. О дүниелік болған кісінің жарамды ағзасын көзі тірісінде өзінің немесе ағайын-туы­сының рұқсатымен, ра­зы­­­лығымен ал­мас­тыруға мүм­кін­дік беріледі.

Әрине, медицина саласы қарыштап дамыған тұста адам өмірін ұзартуға мүмкіндік көп. Бүгінде қан тапсырып, тұ­рақ­ты түрде донор болатын жан­­дар қатары аз емес. Өз кезегінде қан тапсыруға болмайтын бірнеше фактор бар. Мәселен, адам бірнеше ауру түрімен сырқаттанған жағдайда донор бола алмайды. АИТВ, В және С гепатиті, мерез, қатерлі ісік секілді ауру түрімен сырқаттанған кісінің қаны еш уақытта донорлыққа қабыл­дан­бай­ды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото:ашық дереккөзден
30 шілде 2024 ж. 148 0