Ауданда жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау бағытында мәжіліс өтті
Бүгін аудандық мәдениет үйінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау бағытында кеңейтілген мәжіліс өтті.Мәжіліске аудан прокурорының орынбасары, полиция бөлімінің, білім беру саласының жауапты мамандары, ата-аналар комитетінің өкілдері және колледж студенттері қатысты. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру және тәрбие жұмыстарын күшейту мәселелері талқыланды.
– Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші Ұлттық құрылтайда: «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің де ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздардың міндеті», – деп атап өткен болатын. Осыған байланысты жасөспірімдердің тәрбиесіне отбасы, білім беру ұйымдары және қоғам тарапынан бірдей жауапкершілікпен қараудың маңызы зор, – деді Нұржан Ерділдаұлы.
Мәжілісте Сырдария аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Нұрболат Мұсаұлы және білім бөлімінің басшысы Жақып Еркебұлан жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу барысында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Жиында аудан прокурорының орынбасары Алмас Махмут Ахтанұлы сөз сөйлеп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-ана жауапкершілігін арттыру және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі









