Кеңейтілген мәжілісте білім саласының жай-күйі талқыланды
Кеше аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжілісте балалардың заманға сай озық білім алуы, білім мекемелерін қауіпсіз орынға айналдыру, оқушыларға өнегелі тәрбие беру және тағы басқа өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.Аудан басшысы білім ошақтарында анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды.
Аудан әкімі аймақ басшысының тапсырмасымен елді мекендерде учаскелік полициялардың тұрақты тұруын, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.
Кеңейтілген мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудан бойынша 17 орта білім беретін мектептерде 8193 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылының қорытындысымен жалпы орта білім беретін мектептердің рейтингісі жасалып, жоғары, орта және төмен деңгей сарапталған. Соған орай, нәтиже көрсетпеген мектеп басшыларының тиімділігіне бағалау жұмыстары жүргізілмек. Биыл ауданда 434 оқушы мектеп бітіреді. Қаңтар айында басталған ҰБТ-ға 404 түлек қатысуда.
Мәжілісте аудан басшысы білім сапасын арттыру, балаларға саналы тәрбие беру бағытында жұмысты күшейту керектігін айтты. Білім сапасы төмен мектеп басшыларының мәселесін қарап, ұстаздардың жауапкершілігін арттыруды, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмау үшін тәрбиелік мақсатта кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, аудан ұстаздары арасында «Педагог шебер» біліктілік санаты мүлде жоқ екенін айтып, тиісті жұмыстарды атқаруды назарға салды.
Кеңейтілген мәжілісте сала жұмысын жетілдіруге байланысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудан әкімі тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.












Пікір 1