Ата-ана міндеті – бала тәрбиесі «заң және тәртіп» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті

Аудан басшысы қоғамда өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
– Қазіргі қоғамда келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер – отбасылық құндылықтарды нығайту мен бала тәрбиесіне баса мән беру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Ұстаз – ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ. Сондықтан да педагогтың әрбір әрекеті, сөзі мен қарым-қатынасы әдеп пен адамгершілікке негізделуі тиіс. Ұстаздардың кәсіби әдебі – жас ұрпаққа үлгі боларлық басты қасиеттердің бірі. Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі. Рухани байлық пен сана-сезімнің қалыптасуы ең алдымен отбасында басталады. Ал қоғамдағы тәртіп пен тыныштықтың кепілі – заңға деген құрмет пен оны сақтау. Біздің ауданымызда да отбасындағы жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық фактілері әлі де кездесіп отыр. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жасауды қатаң тапсырды. Сондықтан біз балалардың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бүгін таңда білім ошақтарында тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Тәрбиеге қатысты ауданда арнайы жұмысшы тобы құрылып, білім ошақтарында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу іс-шаралары қолға алынған. Сонымен қатар, жасөспірімдердің түнгі уақытта жүрмеуін бақылау мақсатында рейд жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып жатыр.
Мәжілісте жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы және білім мен тәрбие беру бағытындағы жұмыстар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып және интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сырдария ауданы прокурорының орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев хабарлама жасады. Хабарламашылар оқушыларға құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі, ұрпақ тәрбиесіне гаджеттер мен әлеуметтік желілердің кері ықпалы және тәрбиелік мақсаттағы іс-шаралар өткізіліп жатқанын жеткізді.
Келелі басқосуда мәдениет саласы ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Жантемір Айсин отбасы құндылықтары, мұғалім мен қоғам арасындағы ынтымақтастық жөнінде өз пікірін білдірді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Берік Сәрменбаев оқу жылының аяқталуы және білім алушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жөнінде тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырлар берді. Сонымен қатар, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде бақылауда болатынын ескертті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі