«Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті

Аудан әкімі қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттың рухани тұтастығын сақтау үшін тәрбие жұмысының мәні мен мазмұны терең болуы қажет екендігін атап өтті.
– Бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы мәселе қазіргі таңда көкейкесті жағдайлардың біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайда «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің де ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздардың міндеті» деген болатын. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев бала тәрбиесіне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Сондықтан біз балалардың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бүгінгі күні білім ошақтарында тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізілу үстінде. Тәрбиеге қатысты ауданда арнайы жұмысшы тобы құрылып, барлық мектептердегі жоғары сынып оқушыларына тәрбие, ұлттық құндылықтар, еліміздің патриоты болу, салауатты өмір салтын ұстану, бос уақытын тиімді пайдалану және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жасөспірімдердің беймезгіл уақытта жүрмеуін тұрақты түрде бақылау мақсатында апта сайын және мереке күндері зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, ата-ана, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түнгі рейдтер ұйымдастырылуда.
Мәжілісте ауданда орын алған құқық бұзушылық, қылмыс жағдайлары және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып хабарлама жасады. Хабарламашылар оқушыларға құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі, тәрбиелік мақсаттағы іс-шаралар өткізіліп жатқанын жеткізді.
Келелі басқосуда аудандық білім саласының ардагері Алтын Нұртаева және Сырдария ауданының «Құрметті» азаматы, еңбек ардагері Марат Омаров бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі, мұғалімнің және қоғамның ынтымақтастығы жөнінде пікірлерін білдірді. Тәрбие мәселесін тек ұстаздарға артып қоймай, бүгінде ата-ананың жауапкершілігін қарауды атап көрсетті.
Кеңейтілген мәжіліс барысында оқушылар арасында жаман әдеттерге әуестену, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелестер мен әлімжеттік жағдайлары жиі көрініс беріп жатқаны, ұрпақ тәрбиесіне гаджеттер мен әлеуметтік желілердің кері ықпалы айтылды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Берік Сәрменбаев тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырлар берді. Атап айтқанда, оқушылардың әлеуметтік-мәдени ортасымен байланысы, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ата-аналармен серіктестік орнату, психологиялық қолдау көрсету, мектеп пен отбасы арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру жолдары жөніндегі нақты тапсырмаларды атап көрсетті. Сонымен қатар, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде бақылауда болатынын ескертті.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі