Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батырдың байтақ әлемі – туған жерімнің тарихы

Батырдың байтақ әлемі – туған жерімнің тарихы

Биыл Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылының құрылғанына 60 жыл толды. Біз бір ғана елді мекеннің мерейтойы ретінде қарастырмай, тұтас бір дәуірдің, маңдай тер мен адал еңбектің, елге деген шынайы сүйіспеншіліктің мерейлі белесі екенін жақсы білеміз. Мен үшін бұл мерейтойдың орны тіпті бөлек. Өйткені мен – осы қасиетті Нағи Ілиясов ауылының тумасымын. Туған жердің топырағы, ауылдың әрбір көшесі, ақ күрішті алқаптың самалы, үлкендердің өнегелі әңгімесі менің балалық шағыммен, азамат болып қалыптасу жолыммен біте қайнасуда.

Туған жердің тарихына деген қызығушылығым осы ауылдан бастау алды. Мен өскен ортада Нағи Ілиясов есімі ерекше құрметпен аталатын. Батырдың соғыстағы ерлігі, бейбіт күндегі ерен еңбегі, елдің тұрмысын түзеуге сіңірген күш-жігері ұрпақ санасына өнеге болып сіңді. Уақыт өте келе осы ұлы тұлғаның ғибратты ғұмыры менің зерттеу нысаныма айналды.

Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда уни­вер­ситетінің тарих факуль­тетінде білім алып жүрген жылдары Нағи Ілиясовтың өмірі мен қызметін жан-жақты зерделеуге ден қойдым. Батырдың тағдырына арналған дипломдық жұмысымды қорғау мен үшін жай ғана студенттік зерттеу болған жоқ. Туған ауылымның тари­хына тағзым ету, ел мақ­танышының өмір жолын тануға ұмтылу еді. Осы ізденіс жолында ұла­ғатты ұстаздарым, тарихшы Айтжан Оразбақов пен Нұрлыбек Мыңжастың ақыл-кеңесі, ғылыми бағыт-бағдары мен үшін үлкен мектеп болды. Ұстаздардың көрсеткен жо­лы архив құжаттарына терең үңілуге, дерекке адал болуға, тарихи тұлғаның өмірін заман шындығынан бөліп қарамауға үйретті.

Нағи Ілиясов – Кеңес Одағының Батыры. Оның есімі майдан даласындағы ерлігімен ғана емес, бейбіт өмірдегі жасампаз қызметімен де халық жадында сақталды. Соғыс отының ортасынан шыңдалып шыққан азамат бейбіт күнде де туған елінің өркендеуі үшін аянбай еңбек етті. Оның өмір жолына үңілген сайын ерлік пен еңбек ұғымдарының бір-бірінен ажырамайтынын аңғаруға болады.
1966 жылы Нағи Ілиясовқа Тереңөзек ауданындағы №1 «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы жаңа кеңшардағы жұмысты ұйымдастыру міндеті жүктелді. Айтулы кезең шаруашылық үшін жауапты, күрделі шақ еді. Кеңшар жұмысында шешімін күткен мәселе аз болмады. Басшылық қызметке келген Нағи Ілиясов ең алдымен шаруашылықтағы кемшіліктерді анықтап, оның даму бағытын айқындауға кірісті. Ол ауылды өркендету ісін кешенді түрде қарастырды.

Өндірісті дамыту, күріш шаруашылығын өрге бастыру, құрылыс жүргізу, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, маман тарту, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау секілді маңызды мәселеге айрықша мән берді.

Батыр басшылыққа келгеннен кейін ауыл өмірінде үлкен өзгерістер басталды. Құрылыс жұмыстары кеңінен жүргізілді. Жаңа үйлер салынып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Шаруашылықтың тынысы кеңейіп, еңбекке деген жауапкершілік артты. Нағи Ілиясов ауылды тек өндіріс орнына айналдырмады. Адамдар өмір сүретін, ұрпақ өсетін, мәдениеті мен руханияты қалыптасатын үлкен орта деп түсінді. Сондықтан оның басшылық қызметінде адам тағдыры мен ауыл тағдыры өзара сабақтасып жатты.

Нағи Ілиясовтың күріш шаруашылығын дамытудағы еңбегі де ерекше. Сыр өңірінің басты байлығы саналатын күріштің өнімділігін арттыру жолында батыр үлкен ұйымдастырушылық қабілет танытты. Егінші еңбегін бағалап, еңбек тәртібін күшейтіп, озық тәжірибені өндіріске енгізуге күш салды. Алға қойылған межелі міндеттер орындалып қана қоймай, талай жағдайда артығымен жүзеге асырылды. Еңбек нәтижесі бүкіл елге танылды.

Нағи Ілиясов ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанды. Оның тәжірибесі кең көлемде насихатталды. Талай мәрте Мәскеу төрінде баяндама жасап, Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығының жетістіктері туралы сөз сөйледі. Сол арқылы бір ғана шаруашылықтың емес, қазақ даласындағы диқаншылық мәдениетінің, Сыр еңбеккерлерінің тәжірибесін үлкен мінберлерге шығарды. Бұл – туған жерінің абыройын биіктеткен азаматтың еңбегіне берілген лайықты баға еді.

Менің Нағи Ілиясовтың өмірі мен қызметіне қатысты зерттеу жұмысым университет қабырғасымен шектеліп қалған жоқ. Тарихи тұлғаның ғұмыр жолын тереңірек зерттеу үшін облыстық архивпен тығыз байланыс орнаттым. Архив қорындағы Нағи Ілиясовқа қатысты 28 істі күнделікті қарап, ондағы құжаттарды егжей-тегжейлі зерделедім. Әрбір құжаттың өз тарихы бар еді. Бірінде шаруашылыққа қатысты деректер кездессе, енді бірінде батырдың қызметі, қоғамдық жұмысы, ауылдың даму кезеңдері көрініс тапты.

Архивтың әрбір құжатын зерттеу үлкен жауапкершілікті талап етті. Сарғайған парақтардың арасынан өткен дәуірдің тынысын сезінуге болатын. Сол құжаттар арқылы Нағи Ілиясовтың азаматтық тұлғасы, басшылық қабілеті, адамгершілік болмысы айқындала түсті. Архивтік деректерді жүйелеу, оларды салыстыру, зерттеу мақалаларына арқау ету ұзақ еңбекті қажет етті.

Бұл ізденіс барысында сол кездегі архив басшысы Гүлсім Ақтөрееваның, сала маманы Жанат Алтынбаеваның көрсеткен көмегі зор болды. Олар құжаттармен жұмыс істеуге қолдау білдіріп, қажетті деректерді табуға бағыт-бағдар берді. Тарихи зерттеудің сапасы дерекке тікелей байланысты болса, сол деректерге жету жолында жанашырлық танытқан азаматтардың еңбегін атап өту – парыз.

Нағи Ілиясовтың өмірін зерттеуде ауыл ақсақалы Жұмабек Төребекұлының да жол нұсқауы мен ақыл-кеңесі ерекше әсер етті. Үлкендердің естелігі – жазба дерекпен бірге тарихи шындықты толықтыра түсетін құнды қазына. Ауыл қарияларының әңгімесі арқылы батырдың халықпен етене араласқан болмысын, қарапайымдылығын, ел ішіндегі беделін тереңірек түсінуге мүмкіндік туды.

Көп жылғы ізденіс, архивтік зерттеулер мен тарихи мақалалардың нәтижесінде 2011 жылы «Батырдың байтақ әлемі» атты кітап жарық көрді. Бұл еңбек Нағи Ілиясовтың ғибратты ғұмырын кең көлемде танытуға арналған зерттеу еңбегімнің жемісі болды.

Кітап негізінен үш ірі бөлімнен тұрды. Атап айтқанда, «Шығу тегі мен жастық шағы», «Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Нағи Ілиясов және халық шаруашылығы» тақырыппен кейіпкеріміздің өмір жолын зерделедік. Алғашқы бөлімде батырдың шыққан ортасы, балалық шағы мен азамат болып қалыптасу кезеңі қамтылды. Екінші бөлімде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі, майдан жолы, жауынгерлік мінезі тарихи деректер негізінде сараланды. Үшінші бөлімде Нағи Ілиясовтың бейбіт өмірдегі қызметі, халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі, ауылдың өсіп-өркендеу жолындағы ұйымдастырушылық қабілеті кеңінен көрсетілді.

Бұл кітапты жазу мен дайындау барысында Нағи Ілиясовтың ұрпақтарының қолдауы да ерекше болды. Батырдың өміріне қатысты құжаттарды, естеліктерді жинақтау ісінде ұрпақтарының ықыласы мен түсіністігі зерттеу жұмысына үлкен серпін берді. Мәселен, Ренат Ілиясов пен Алма Ілиясовамен тағыз байланыста болған едік. Тарихи тұлғаны тану – оның өмірбаянын тізбелеумен шектелмейді. Оның адамдық болмысын, отбасы мен ұрпақтарының естелігін, ел ішіндегі өнегесін де зерделеу қажет. Осы тұрғыдан алғанда, батыр ұрпақтарының көмегі еңбектің мазмұнын байыта түсті.

Нағи Ілиясовтың еңбегі сол дәуірдің өзінде-ақ халықтық құрметке ие болды. 1971 жылдың 1 қаңтарында Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде «Тереңөзек жастарының әні» жарық көрді. Өлеңде туған жерге деген махаббат пен Нағи Ілиясов еңбегіне деген құрмет анық сезіледі.

Ақ күріші даласында жайқалған,
Адамдары шат-шадыман, жайдарман.
Туған жерім, оттан ыстық өз елім,
Тереңөзек, менің Тереңөзегім.
Ер Нағидай батыры бар, даңқы бар,
Тасытқан ол алтын дәннің өзенін,
Тереңөзек, менің Тереңөзегім.

Бұл жолдарда тұтас бір өңірдің мақтанышы жатыр. Ақ күріші даласында жайқалған Тереңөзектің еңселі еңбегі, адамдарының кең пейілі, ер азаматтарының ел үшін атқарған қызметі өлең жолдарына сыйып кеткен.


Бүгінде Нағи Ілиясов ауылы сол даңқты жолдың заңды жалғасын жасап келеді. Қазақстандағы үздік ауылдардың біріне айналған елді мекеннің бүгінгі келбеті көпшілікті сүйсіндіреді. Ауылдың сәулеті, әлеуметтік нысандары, абаттандырылуы, еңбек мәдениеті, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі – бәрі де мұнда ауыл дамуына ерекше мән берілетінін аңғартады.

Нағи Ілиясов ауылының қазіргі жетістіктері Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің есімімен тығыз байланысты. Оның ауыл шаруашылығын дамытуға, күріш өндірісін өркендетуге, ауылдың әлеуметтік-эко­но­микалық әлеуетін арттыруға қосқан еңбегі зор. Абзал Ералиев – еңбектің қадірін білетін, ауылдың дамуын өмір­лік мұратына айналдырған азамат. Оның бастамалары мен істері арқылы Нағи Ілиясов қалыптастырған еңбек дәстүрі жаңа кезеңде жалғасын тапты.

Ауылдың бүгінгі дамуына аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев те өз үлесін қосып келеді. Елдің әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөліп, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына құлақ асып, туған жердің көркеюіне атсалысу – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Ұрпақтар сабақтастығы дәл осындай еңбектен көрінеді.

Қазіргі Нағи Ілиясов ауылының туристік әлеуеті де зор. Ауылға келген адам мұндағы тазалық пен тәртіпке, көркем келбет пен еңбек мәдениетіне назар аударады. Туған өлкенің тарихын, даңқты батырдың өмір жолын, Сыр өңірінің күріш шаруашылығын, қазақ ауылының бүгінгі даму тәжірибесін танығысы келетін жандар үшін бұл ауылдың тартымдылығы ерекше.

Ақ күріші жайқалған, адамдары шат-шадыман, тарихы терең Нағи Ілиясов ауылының мерейі үстем болсын! Батырдың байтақ әлемі ұрпақ жадында мәңгі жасай берсін!


Серік ҚОЖАХМЕТОВ,
Сырдария ауданы әкімі аппаратының
персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)
бөлімінің басшысы
29 тамыз 2026 ж. 51 0