Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – ортақ міндет
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның тұрақты дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және азаматтардың билікке деген сеніміне кері әсер ететін келеңсіз құбылыс. Сондықтан оның алдын алу және жолын кесу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаларының бірі – халыққа адал және сапалы қызмет көрсету. Ауыл әкімдігі үшін де тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін заң талаптарына сәйкес қарау, мемлекеттік қызметтерді ашық әрі қолжетімді көрсету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау басты басымдықтың бірі.
Сыбайлас жемқорлықтың профилактикасында ең алдымен оның туындауына себеп болатын жағдайларды анықтап, алдын алу маңызды. Осы бағытта ауыл әкімдігі қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын орындау, мүдделер қақтығысына жол бермеу және қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдаланбау мәселелері бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар тұрғындармен кері байланысты күшейтуге ерекше мән беріледі. Кез келген азамат өзіне көрсетілетін мемлекеттік қызметтің заңдылығына, ашықтығына және сапасына сенімді болуы тиіс. Әкімдік қызметінде қабылданатын шешімдердің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің тиімді тетіктерінің бірі.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамның құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда тиісті органдарға хабарлауы қажет. «Пара беру де, пара алу да – қылмыс» деген ұстаным қоғам санасында берік қалыптасуы тиіс.
Мемлекеттік қызметші үшін адалдық, әділдік, жауапкершілік және халыққа қызмет ету қағидаттары күнделікті жұмыстың негізі болуы қажет. Себебі мемлекеттік органға деген сенім ең алдымен сол мекемеде қызмет атқаратын әрбір адамның іс-әрекетінен қалыптасады.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың әл-ауқатының артуы және қоғамдағы тұрақтылық үшін біз сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – тек заң талаптарын орындау емес, ол әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігі. Адалдық пен ашықтық орныққан қоғам ғана тұрақты дамып, халықтың сеніміне ие болады.
Талғат Кұламқадіров,
Шіркейлі ауылдық округінің әкімі
Фото: ашық дереккөз








