Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдызы жарық өнерпаз

Жұлдызы жарық өнерпаз

Мәдениет саласының өкілі үшін жауапкершілік пен жаңаша ойлай білу керек-ақ. Қайсар мінез, қайтпас жігер біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бойынан табылады. Бүгінде Қоғалыкөл ауылдық клубының меңгерушісі Елдос Жаппасбайұлы руханият пен мәдениет саласын жан қалауымен таңдаған.

Кейіпкеріміз – Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы, бала кезінен әртіс болуды, танымал азамат болуды арман еткен. Асқақ арман жолында білім алып, өнер үйренген ол кішкентай кезінде түрлі рөлге еніп, мектеп сахнасын талай мәрте жандандырғанын да есіне алды. Кейін білімін кәсіби деңгейде жалғап, бес жылдан бері ауданның мәдениеті мен руханиятын өркендету жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Ең алғаш еңбек жолын Аманкелді ауылында бастаған. Одан кейін аудандық мәдениет үйінде сүйемелдеуші, мәдени кешеннің меңгерушісі, режиссер секілді жауапты қызметті абыроймен атқарған. Елдостың негізгі қызметінің бірі – ұйымдастырушы. Осы бағытта қолға алған жұмысы әркез сәтті шығып, осы уақыт ішінде Сыр еліне 100-ге жуық танымал әртіс пен әншіні шақыруға себеп болған. Жалпы айтқанда, аудан халқының үлкен қалалардағы танымал жұлдыздардың концертін ауылда көруіне жағдай жасап жүр. Ол бастамаға мына оқиға себеп болыпты.

– Оқуды аяқтағаннан кейін бірден жұмыс табыла қоймады. Сол аралықта күнкөріс қамымен «такси» қызметімен айналыстым. Содан бір күні әуежайдан қонақ күтіп алып, діттеген жерге апаруым керек болды. Бір қасиетім – кіммен болса да тез тіл табысып, емін-еркін сөйлесіп кетемін. Күтіп алған қонағым – қазіргі таңда танымал әнші Мәлік Жамбылұлы екен. Жөн сұраса келе, қаламызға тойға келгенін білдім. Солай байланыс орнады. Ол кезде жас әнші ретінде енді танылып келе жатқан кезі еді. Кейін жақын араласып, ауданда концертін ұйымдастырып бердім. Қазір әлеуметтік желі дамыған, ол өзінің жеке парақшасына бөлісіп, одан басқа әнші жігіттер көріп, хабарласып жатты. Бір жағынан жас әншілердің танылуына ықпал еттім, бір жағынан аудан тұрғындарына өнер жұлдыздарын жақындаттым деп ойлаймын. Халықты қызықтыру, таң қалдыру оңай емес қазір. Бірсарынды сценарийден бөлек, осындай танымал жұлдыздардың концертін ұйымдастыру өте орынды. Әншілермен сөйлесемін, келісім жасаймын, афиша таратып, билет сату сияқты көзге көрінбейтін көптеген жұмысты үйлестіреміз. Бұл ретте, әрине аудан әкімі бастап, мәдениет бөлімінің қолдауын да айта кету орынды. Ең бастысы, «жақсы нәрсе көрмекке» деп, жақсы концерт ұйымдастырсақ, қалмай келетін көрерменге ризамын. Мәдениет саласының негізі – көрермен, халық. Оларсыз біздің өнеріміз бағаланбас еді, – дейді өнерпаз.

Елдос ұйымдастырушылық жұмысты қолға алғалы Сыр еліне көптеген өнер жұлдызын алып келуге ықпал еткен. Оның ішінде, шоқтығы биік әзіл-сықақ театрлары «Шаншар», «Алдараспан», «Шымкент шоу», халықтың ерекше ықыласына бөленген ерке қызы Мақпал Жүнісова, жастың да, жасамыстың да жүрегінен орын таба білген әншілер Ұланғасыр Қами, Жандос Қаржаубай, Айбек Қайбулла, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Кеңес Әлімжан, Тұрар секілді өнер жұлдыздарымен жұмыс істеген.

– Қазақ елі – қашаннан өнерлі, рухты халық. Кейінгі кезеңде әнші де, әртіс те өте көп. Көп жағдайда шоқтығы биік өнерпаздар алыс ауылдарға баруды құп көрмейді. Сондайда келіссөз жүргізіп, ауданымыздың, ауылдарымыздың қонақжайлығын көрсетеміз. Ол кісілер де өз кезегінде риза болып кетеді. Халық таныған азаматтармен жолдас, сапарлас болып жүргеніме қуанамын, мақтан тұтамын. Бірде мына­дай жағдай болды. «Шаншар» теат­рын ауданға шақырдық. Сонда театрдың директоры, белгілі әзілқой Уәлибек ағамыз бен Жүсіп ағамыздың қарапайымдылығына тәнті болдым. «Қонақүй керек, жағдай керек» демеді. «Сіздің үйге түсейік» деп өздері ұсыныс білдіріп, екі күн қонағым болды. Сыр елінің дархандығын көрсетіп, асымызды ұсынып күтіп, шығарып салдық. Риза болып, бата­сын берді. Жалпы, өнер адамы – халықтың алдында, әркез назарында жүреді. Тіпті біз ісімізбен, сөзімізбен көпшілікке үлгі болуымыз керек. Осындай алдыңғы буынның батасын алған тұста нағыз марапаттың, нағыз алғыстың сол екенін анық түсінемін, – дейді Елдос Жаппасбайұлы.

Ерекше форматтағы концерттерді Елдос тек аудан орталығы емес, ауылдарда, сондай-ақ облыс орталығында да ұйымдастыруға ықпал етіп жүр. Мәдени іс-шараларды балалар үшін де қолжетімді етуді көздейді. Биыл жаз мезгілінде «Пена шоу» арқылы біраз баланың қуанышына, жазғы демалысты көңілді өткізуіне себеп болғанын айта кету керек. Жаздың ыстық күнінде балаларға көңілді кеш сыйлап, көбіктер шоуын, арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Бұл да болса кішкентайлар үшін есте қалатын үлкен жұмыс. Сондай-ақ балалар үшін Қызылорда облыстық филармониясымен келісім жасап, ертегі қойылымдарымен мектептерді аралау­ды биыл да жоспарға қосып отыр. Ауыл балаларына цирк қойылымын әкеліп, кішкентайларға шат-шадыман көңіл күй сыйлағаны да көпшіліктің есінде. Осындай үлкен жұмыстардың артында біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ұйымдастырушы Елдостың елеулі еңбегі барын айтып өткен жөн.

– Ұйымдастырушылық жұмыс оңай емес. Ең жақсысын халыққа ұсынудың артында ұйқысыз түндер мен мазасыз ойлар жеткілікті. Бірақ халықтың қолпаштауы мен ризашылығынан күш аламыз. Әр ісімізге қолдау көрсеткен аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы былтыр «Алтын күз» спартакиадасын ұйымдастыруды сеніп тапсырғаны, Абзал Ералиев ағамыздың Нағи Ілиясов ауылы халқына арнап жұлдыздар кешін ұйымдастыруға сенім білдіргені, яғни алдыңғы буын ағаларымыздың арқамыздан қағып, сеніп тапсырғаны біз үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ Іңкәрдария, Сәкен Сейфуллин ауылының мерейтойы аясында ауқымды галаконцертін ұйымдастыруға да атсалыстық. Бұның барлығы халық игілігі үшін, өнер мен руханият үшін атқарылып жатқан жұмыстар, – дейді өнерпаз.

Бүгінде Қоғалыкөл ауылдық клубының мең­геру­шісі қызметін бастағанына көп уақыт өте қоймаса да, абыройлы қызмет етіп келеді. Лед-экран орнату, стендтер қою сияқты жұмыстармен қатар, ауыл ардагерлері мен тұрғындар үшін ауқымды іс-шаралар да ұйымдастырылып жүр. Жақында ауылда ұлы ақын Абай күніне орай облыстық мүшәйра өтіп, құрметті қонақтар ат басын бұрып, ризашылығын білдірген. Алдағы уақытта ауыл орталығынан аллея салу жұмысы басталуда. Ауыл әкімдігінің қолдауымен жүзеге асатын жұмыс бүгінде бастау алып, азаматтар өз үлесін қосуда.

«Еңбегім – халық ризалығы үшін», «Менің мара­патым – көрерменнің қолдауы» деп білетін Елдос өзі де ән айтады, театр қойылымдарында ойнайды. Әкесінің «адал жолмен жүр» деген тәрбиесімен өскен азамат бүгінде өзі де бір отбасының тірегі. Жұбайы Айымжан екеуі бес баланы тәрбиелеп, ата-анадан алған тәлімін өз ұрпағына үйретіп келеді. Алға қойған жоспарлары көп, мақсаты айқын азаматтың өнер жолындағы жұлдызы жарық екені белгілі.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
29 тамыз 2026 ж. 52 0