Халықаралық бәсеке жалауын желбіретеді
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 29 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында бауырлас Қырғыз Республикасында өтеді. Ұлттық рухты ұлықтайтын, көшпенді халықтың бай мәдениеті мен дәстүрлі спортын әлемге танытатын дүбірлі додаға әлемнің 100-ге жуық елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысады. Ойынның ашылу салтанаты 31 тамыз күні Бішкек қаласында өтсе, негізгі спорттық және мәдени іс-шара легі Ыстықкөл облысындағы Шолпан-Ата қаласы мен Қыршын шатқалында ұйымдастырылады. Ал дүбірлі доданың жабылу салтанаты 6 қыркүйекте Ыстықкөл жағасында жүзеге асады.Көшпенділер ойындары – қазаққа етене жақын жарыс. Өйткені бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, зияткерлік ойын сынды спорт түрінің барлығы халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, жауынгерлік болмысымен біте қайнасқан. Бұл ойындарда тек спортшылардың шеберлігі ғана сыналмайды. Мұнда ұлттың рухы, тарихы, намысы қайралады.
Осы жылғы ойындардың бағдарламасына спорттың 43 түрі енгізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы дүбірлі додаға үлкен дайындықпен аттанды. Құрама сапына 155 спортшы, 49 жаттықтырушы және жарысқа қатысуды қамтамасыз ететін өзге де бірнеше маман енгізілді. Жекелеген делегация мүшесі бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз етілді. Команданы даярлау жұмысы Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының үйлестіруімен өңірлік спорт басқармалары және ұлттық спорт федерацияларының қатысуымен жүргізілді.
Қазақстандық спортшылар аударыспақ, көкпар мен көкбөрі, жамбы ату, ұлттық күрес түрі, ат спорты, дәстүрлі садақ ату, зияткерлік ойын секілді бағытта бақ сынайды. Бұлардың барлығы қазақ халқының тарихымен сабақтас. Ат үстінде өскен халық үшін көкпар мен аударыспақ – күш пен ептіліктің көрінісі. Жамбы ату мен дәстүрлі садақ ату – ата-бабамыздан қалған мергендік өнердің жалғасы. Қазақ күресі – білекпен қатар, рухтың тартысы. Ал зияткерлік ойын көшпенді өркениетінің ойлау мәдениеті мен парасатқа негізделгенін көрсетеді.
Сондықтан Қырғыз жеріндегі додада Қазақстан құрамасына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Спортшы жарыс алаңына жеке басының абыройы үшін ғана шықпайды. Ол көк ту мен елдің мерейі үшін, миллиондаған жанкүйердің сенімі үшін сынға түседі. Әлемнің әр түкпірінен келетін мықты спортшылармен бәсекеде намысты қолдан бермеу, соңына дейін күресу – Қазақстан құрамасының басты мақсаты болуы тиіс.
Көшпенділер ойыны қазаққа жат дүние емес. Біздің тарихымыздан тамыр тартқан, ата-бабамыздың тұрмысынан туған рухани мұра. Көкпар алаңындағы тартыс, аударыспақтағы айқас, балуандар белдесуі, мергеннің жебесі, жүйріктің дүбірі – бәрі де қазақтың табиғатына жақын. Осындай сындарлы сәтте ұлттық құрама спортшылары өздерінің бабалар аманатына адал екенін дәлелдеуі керек.
Қырғыз жеріндегі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді өркениеттің әлем алдындағы мерейін өсіретін үлкен мереке болмақ. Бұл бәсекеде достық та бар, бәсеке де бар. Бауырлас халықтар ортақ тарихын, мәдениетін ұлықтай отырып, спорт алаңында өз елінің намысын қорғайды.
Қазақстандық спортшыларға жүктелген міндет зор. Көк Туды биікте желбірету, ел абыройын асқақтату, ұлттық спорттағы көшбасшылықты дәлелдеу – басты мақсат. Ең бастысы, әрбір спортшы сын сағатта қайсарлық танытып, соңына дейін күресуі тиіс. Өйткені көшпенділер ойыны – рухтың ойыны. Мұнда жеңіс үшін күш те, шеберлік те, төзім де қажет. Ал бәрінен биік тұратын қасиет – намыс.
Қазақтың намысы бар жерде рух та көрінеді. Рух бар жерде жеңіске деген сенім нығаяды. Сондықтан Ыстықкөл төріндегі дүбірлі додада Қазақстан құрамасының әрбір мүшесі ел сенімін ақтап, намысты қолдан бермей, көк Туды көкте желбіретуге бар күш-жігерін салатынына сенеміз.
Балтабай ОРДЕАБЕКОВ
Фото:ашық дереккөз










