Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел сеніміне селкеу түсірмеу маңызды

Ел сеніміне селкеу түсірмеу маңызды

Нағи Ілиясов ауылында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын кеңінен насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы іс-шара ауыл тұрғындары, жас­тар, мекеме қызметкерлері арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған төзбеушілік көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.

Аталған тақырыпта ауылдық округте сан түрлі кездесу, түсіндірме жұмысы, дөңгелек үстел мен пікір алмасу ұйымдастырылуда. Әрбір іс-шарада Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының қатаң талабы түсіндіріліп, кез келген азаматтың құқығы мен міндеті кеңінен таныстырылады. Әсіресе, мемлекеттік қызметші мен мекеме қызметкеріне қызметтік міндетін орындау барысында заң талабын сақтау, жеке мен қоғамдық мүддені шатастырмау, қызметтік өкілеттікті жеке басының пайдасына пайдалануға жол бермеу мәселесі түсіндіріледі.

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына, мемлекетке деген сенімге кері әсер ететін келеңсіз құбылыс. Сондықтан оның алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Заң бойынша пара беру де, пара алу да, сондай-ақ делдал болу да жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған байланысты тұрғындарға кез келген мәселені заңды жолмен шешудің маңыздылығы түсіндіріліп, құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда тиісті органға хабарлау қажеттігі ескертіледі.

Нағи Ілиясов ауылында өткізілетін кез келген түсіндірме бағытындағы іс-шарада адал еңбек ету, әділ шешім қабылдау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, заң талабын сақтау мәселесіне де ерекше мән беріледі. Жастармен кездесуде адалдықтың адам бойындағы басты қасиеттің бірі екені айтылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың отбасынан, мектептен және күнделікті өмірден басталатыны насихатталады.

Адалдық пен әділдік салтанат құрған қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әр азаматтың саналы ұстанымына айналуы тиіс. Заңды білу, құқықты құрметтеу және кез келген заңсыз әрекетке төзбеушілік таныту – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі.

Нағи Ілиясов ауылында бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға өз үлесін қоса бермек. Өйткені адал қоғам – жарқын болашақтың берік негізі.

Сағдат НҰРМАҒАНБЕТОВ,
Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі
Фото: ашық дереккөз
29 тамыз 2026 ж. 95 0