Невада-Семей: бейбітшілік жолындағы күрес
Бүгін – Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 35 жыл. Атаулы датаға орай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Руханият орталығында» тағылымды іс-шара өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, қасірет бетін көзбен көріп, сол кезеңнің салмағын жүрекпен сезінген ардагерлер қатысты.Семей ядролық полигонының жабылуы – ел тарихындағы айтулы оқиға, бейбітшілік жолындағы батыл қадам. Семей – қазақ тарихында қос қырынан сақталады. Бірі – Абайдың даналығы мен Шәкәрімнің шындығы сіңген қасиетті мекен, ал екіншісі – адамзатқа сабақ болған ядролық сынақтардың, қасіреттің куәсі.
1949 жылдан бастап ондаған жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар мыңдаған адамның тағдырына әсер етпей қоймады. Топыраққа түскен таңба, табиғатқа келген залал, адам денсаулығына тиген зардап – бір күннің емес, тұтас ұрпақтың қасіретіне айналды. Бұл жай ғана тарих емес, бұл – адам тағдыры, халықтың жүрегіндегі жазылмас жара.
Айтулы күнге орай ардагерлерді аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, сый-сияпат жасады.
– 29 тамыз – Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық үшін тарихи күн. Себебі, 1991 жылы дәл осы күні Невададағы полигоннан кейінгі әлемдегі екінші қуатты Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды. 2009 жылдан бері бұл күн атаулы күндердің тізбесіне енгізілді. Семей ядролық полигонының жабылуы – көптен күткен және тағдырлы шешім.Тарихқа көз салсақ, қазақ халқының басынан өткерген қиындықтары аз емес екенін бағамдаймыз. Солардың бірі – осы полигон қасіреті. Киелі мекен 1949 жылы ядролық сынақ полигонына айналды. Бұл күнді қазақ халқының басындағы ең қайғылы күн деп санауға болады. Осыдан бастап 1989 жылдың 19 қазанына дейін 40 жыл бойы қазақ елі ядролық сынақтың зардабын тартып келді. Осы уақыт шеңберінде қазақ даласында 456 ядролық жарылыс жасалған. 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде белгілеу қазақстандық дипломатияның маңызды жетістігі болып саналады. Себебі, Қазақстан ядролық қарудан алғаш болып бас тартты. Ядролық қарудан бас тарту арқылы егемен еліміз әлемге бейбітсүйгіш халық ретінде танылды. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті сақтау бағытында бастама көтерген беделді мемлекетке айналды. Болашағын бейбітшілікпен байланыстырған мемлекетімізде Семей полигоны жабылып, оның зардаптарын жоюға ел азаматтары атсалысты. Олардың қатарында сырдариялықтар да бар. Адамзат баласына зор қауіп төндірген полигонның ауыртпашылығымен бетпе-бет келу арқылы сіздер Отанымыздың патриот азаматы екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Ел алдындағы азаматтың міндеттеріңізге адалдық танытып, Семей ядролық полигоны зардаптарын болдырмау бағытында қажырлы еңбек сіңірдіңіздер. Сол себепті, Сіздерді өскелең ұрпаққа үлгі етеміз, Туған жердің елжанды азаматы деп мақтан тұтамыз, – деді Талғат Мейрамханұлы.
Айту керек, сынақ алаңына ауданнан 150-ге жуық азамат барса, бүгінде 20 ардагер мемлекет тарапынан көмек алуда. Ардагерлер ел намысын қорғап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына зор үлес қосуда.
Кеш соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл сыйлады.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ










