Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰСТАЙ АЛСАҢ ПАЙДАЛЫ

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰСТАЙ АЛСАҢ ПАЙДАЛЫ

...Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, - деп қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде телефонның пайдалы байланыс құралы екенін атап көрсеткен. Сол заманда хат-хабар алу бірнеше аптаға немесе айға дейін жалғасса, бүгінде бұл процес бірнеше секунт немесе минутты ғана қамтиды. Ағартушы-педагог айтқан үй телефоны дами келе сымсыз байланыс құралына, ұялы қалта телефонына айналды. Айшылық алыс жерлерден кез-келген хабар, құжат және тағы басқа керекті мәліметті жылдам алудың таптырмас құралы болды.
Иә, бүгінде ұялы телефон адамның көмекші құралы екені анық. Қазіргі таңда қалта телефонынсыз жұмыс бітпейді де. Кез келген шаруаны қоңыраумен шешуге болады. Күндіз-түні қолдан түспейтін байланыс құралы адамдардың қарым-қатынасын жақсарта түсуде. Онымен хабар алмасамыз, хабарлама жазамыз. Ғаламтор желісіне кіріп, керегімізді табамыз. Суретке түсеміз, әуендер тыңдаймыз, ойын ойнаймыз. Мұнан өзге функциялары да қажетімізге жарап тұр. Мұның адамға пайдалы тұсы көп-ақ. Десе де «таяқтың екі ұшы бар» дегендей қалта телефонының да адамға тигізер зияны жетерлік.
Қалта құрылғысы уақыт өте жаңарған сайын оның зияны да арта береді. Себебі, заман талабына сай көптеген қызметтер қосылып, оның қолданысы да жиілей түсуде. Соның салдары болар қазір кейінгі толқын мен орта буын өкілдері ұялы телефонға байланып қалғандай. Ол құлақтан алыстағанымен қолдан еш түскен емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғалымдары байланыс құралына зерттеу жүргізіп, оның адамға зияны алуан екенін анықтаған. Мәселен, қалта телефоныннан бөлінетін электромагнитті толқындар «канцерогенді» болуы мүмкін. Бұл адам миының дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіріп, денсаулығына әсер етеді. Көптеген ауруларға шалдықтырады, тіптен, ұялы телефонды көп пайдаланған адам қауіпті ісік ауруларына тап болуы мүмкін. Онкологиялық аурулар да осы құрылғыдан пайда болып, өрши беретіні дәлелденген.
Жай тұрғанда зияны аз болғанымен, қоңырау соққан кезде одан бөлінетін көзге көрінбейтін электромагнитті толқын шектеусіз. Байқап қарасақ, біз күніне кем дегенде 15-20 адаммен телефон арқылы сөйлесеміз. Одан бөлек әлеуметтік желілерде көп отырамыз. Қалта телефонынсыз күнімізді елестете алмасақ, қазіргі қалпымызды осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Бүгінде адамдардың есте сақтау қабілеті нашарлап, аурушаңдыққа көп бой алдыруда. Мұндай жағдайларға душар болуда ұялы телефонның айтарлықтай зияны бар екені айқын. Сондықтан кішкене құрылғыны пайдаланғанда осыны естен шығармаған абзал.
Телефоннан бөлінетін толқындар ересектерге қарағанда балаларға қатты әсер етеді. Кейде қолдағы құрылғыны кішкентайларға ұстата салатынымыз жасырын емес. Ал оның зияны жоғарыда айтқандай баланың миына айтарлықтай әсері көп. Содан енді ғана жетіліп келе жатқан жеткіншектің аурушаң болуына өзіміз себепкер болудамыз. Негізінде, балаларға қалта құрылғыларын ұстатуға болмайды және олардың қасында ұялы телефонды көп қолданбаған жөн. Ал қажеттілік туындап жатса, «автономиялық» режим қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Соңғы кездері ұялы телефонның өзінен-өзі жарылып, адам денсаулығына зиян келтіріп жатқанын да көріп жүрміз. Яғни, бірнеше қызметті бір мезетте атқаратын құрылғы көп қолданылғанда осындайға душар етуде. Бұдан да сақтануымыз керек. Тізбектей берсек, мұның ұйқыға, көз жанарына да зияны бар.
Қалта телефонының зиянынан бөлек, оны қолдануда да көптеген түсінбеушіліктер туындауда, кемшін тұстар кездесуде. Бұлай дейтін себебіміз, кішкентай ғана құрылғы сурет пен видео түсірудің таптырмас құралына айналды. Әрине, адамға естелік үшін сурет пен қызық үшін видеоға түсіру қажет-ақ. Алайда, сол қызықты шыжыққа айналдыру бүгінде әдет болды. Яғни, ұялы телефонды өз орнымен пайдалануды да ұмыта бастағандаймыз.
Қазір «біреуге көмек қолын созды» дегенге мән бермей, «біреу екіншіні соққыға жықты», «оқыс оқиға орын алды» деген жан түршігерлік жаңалықтарға құмар болып алдық. Әсіресе, ұятты қылықтарды хабарлауға әуестенгенбіз. Осының барлығын «әуесқой» ретінде қалта телефонына түсіру тірлікке айналған. Мәселен, бүгінде жол-көлік оқиғалары жиілеп кетсе, соларды видеоға түсіру өткен-кеткеннің «негізгі жұмысы». Ол жерде қиналып жатқан жанмен шаруамыз жоқ. Тек қолымызда ұялы құрылғы, өліммен арпалысып жатқан жанның жанына барып, оның қиналысымен бөлісеміз. Тіл қата алмай жатқан адамға тірлігімізбен мақтанамыз. Сөйтіп, оқыс оқиға орнындағы жолаушыға қалта телефонымен көмек көрсетеміз. Осының арқасында адамгершіліктен ада болып, қазақы қасиетіміз кеміп барады. Орынсыз жерде қолданылған ұялы телефон ұяттан жұрдай қылуда.
Мемлекеттік органдарда смартфон, яғни интернет жүйесіне кіретін, сурет, видеоға түсіретін ұялы телефондарды қолдануға тыйым салынған болатын. Бұл аталмыш жағдайлардан кейін қабылданған шешім. Өйткені, қазіргі таңда барлығы смартфон ұстайды. Кез келген бейәдеп қылықтарды сурет немесе видеоға түсіріп жариялауды әдетке айналдырған. Оның жылдам таралуы да осы құрылға арқылы. Сондықтан қабылданған шешім шамалы болса да жаман әдетке тоқтау болары сөзсіз. Дегенмен адамның бойында адамгершілік қасиеті жоғары болмаса мұның да пайдасы шамалы екені белгілі. Сол себепті қолымыздағы байланыс құралын тек орнымен ғана пайдаланып, қажетті кезде ғана қолданған жөн. Бұл арқылы жан-жағымызға жамандық таратпай, тек пайдасын ғана көру керек. Оны орнымен ұстай алсаң ғана пайдалы екенін ұмытпаған абзал.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
24 сәуір 2018 ж. 2 795 0