Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желідегі тәрбие қандай?

Әлеуметтік желідегі тәрбие қандай?

Қазіргі заманда ақпарат­тық техникалар күн санап дамып келеді. Соған сай үл­кен де, кіші де ұялы телефонды пайдаланады. Бұл бір жағынан өте ұтымды бол­са, екінші жағынан зиянын тигізіп жатқанын бағамдай бер­мейміз.
Телефонға телмірген адамға айналасында не болып жатқаны қызық емес. Бұл өз кезегінде талай адамға зардабын тигізіп те жатыр. Жастардың, тіпті бесіктен белі шықпаған баланың қолында да ұялы телефон. Ата-аналар да баланың қолына смартфонды ұстата салады. Ғаламторды ашып кез келген нәрсені үйренуге болады. Өз кезегінде онда пайдалы дүниелермен қоса қауіпті ақпараттар да бар. Әлеуметтік желінің беріп жатқан «пайдасын» біле тұра, біз оның тиімсіз тұстарын қолданамыз.
Қасыңдағы құрбыңа көрген қызығыңды айта­йын десең, ол телефоннан бас көтере алмайды. Неге? Өйткені оған ештеңе қызық емес, бар қызық телефонның ішінде.
Ата-анамыздың балалық шағы туралы есте­ліктеріне құлақ ассақ, ол кезде ұялы телефон деген болмаған. Олар түрлі ойындар ойнап, қолдан түрлі бұйымдар жасайтын болған. Ал қазір балалар далаға да шықпайды. Себебі барлық ойынды онлайн түрде ойнауға болады. Тіпті әркім өз үйінен шықпай-ақ топ құрып ойнай алады. Бірақ ойын барысында қозғалыс аз болғанындай, біздің миымыз да аз қозғалатынын ескермейміз.
Замана көшінен қалмау үшін ақпараттық технологиядан түбегейлі бас тарту мүмкін емес. Менің айтқым келгені, кей кезде телефоннан шығып, шын өмірге де қарау қажет. Кейбіреулер әлеуметтік же­ліге еніп кетсе, айналадағы адамдардың не айтып жатқанын да естімейді. Мүмкін Сіз назарыңыз басқа жақта отырып, жақыныңыздың көңілін қал­дырған шығарсыз. Сондықтан алтын уақыт пен жақындарымыздың жанындағы әр сәтті бағалай білейік.

Ақжан НҰРМАХАН,
№36 мектеп-лицейдің
6-сынып оқушысы
26 наурыз 2022 ж. 444 0