Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер жұлдыздарына киім тіккен шебер

Өнер жұлдыздарына киім тіккен шебер

Қолөнер шебері, тереңөзектік Әлия Әбдіқалық он саусағынан өнер тамған шебер. Тігіншілікті бала кезінен серік етіп, кәсіби шебер атанғанына да 35 жылға жуықтады. Осынау жылдар ішінде Әлия аудан көлеміне танылып қана қоймай оның қолынан шыққан киімді елімізге танымал өнер иелері де киіп жүр. Сәнді көйлекті ұлттық нақышта тігетін шебердің бойында дизайнерлік, суретшілік қасиет те бар.

Әлияның әжесі Зәйпін өз заманында қолөнер шебері болған. Әкесі Бақытбек Әбдіқалықов та шебер қолды ұста. Оның өз шеберханасында түрлі тұрмысқа қажетті заттарды дайындап, іске аспай қалған мүліктен қажетті бұйымдарды жасап шығатынын көзімен көріп өскен. Анасы Қалдыгүл Ембергенова 40 жылға жуық аудандық Қазпоштада бас есепші, кассир болып еңбек еткен. Ақ жаулықты ана өнерден құр алақан болмаған. Бала-шағасына жұмыстан қолы қалт еткенде киім-кешек тігіп берген. Әлияның анасының айтуынша отбасында бірге өскен бауырларына – өзінен кейінгі жеті бірдей сіңлісіне көйлекті өз қолымен тігіп беретін болған. Қалдыгүл апа ауданға есімі белгілі мәдениет саласының майталманы марқұм Сейітмұрат Ембергеновтің қызы. Сейітмұрат ағаның анасы да тылда еңбек етіп, соғыс даласындағы жауынгерлерге қалың көпәйке тігіп, майданға жөнелткен екен. Міне, қолөнер ата-әжесінен, анасынан дарыған Әлия бойжете бұл өнерді жанына серік етіп, алаңсыз айналысуына мүмкіндік алады. Жанына жақын өнерге қызығушылығы артқан сайын, бұйым түрлерін де түрлендіріп жіберетін болған. Үйінің төрінде жинаулы тұрған құрақ көрпе мен жастық – анасымен бірге жасап шығарған алғашқы туындылары.

– Тереңөзектіктер әкем Бақытбекті жақсы біледі. Бірде шебер қолды әкемнің түсіне анасы кіріп, «қораның аяқ жағында ескі тігін машинкам жатыр, соны үйге әкеліп қой» деген сөздерді құлағы анық естіпті. Содан әкем көне машинканы тауып өзінің шеберханасына әкеліп қойды. Өте ескірген, қайта жөндеуге келмеді. Қол тігін машинкасы көзімізге оттай басылады. Мені туысқандарым әжеме ұқсатады. Сүйікті ісім де қолөнер, тігіншілік болды. Қолым сабақтан қалт етсе матадан неше түрлі бұйым тігуге асығатынмын. Қарап отырсам бұл өнерді игергеніме де біршама уақыт болыпты. Қазір Астана қаласындағы «Алтын ине» тігін шеберханасында жұмыс істеймін. Тапсырыс түрі өте көп. Көбіне ұлттық киім үлгісін тігемін. Балабақша балаларынан бастап, биші қыздардың, мектеп оқушыларының киімдерін тігемін. Жұмысым, айналысып отырған ісім өзіме ұнайды, – дейді шебер Әлия Бақытбекқызы.

Екі қолға бір жұмыс тауып, сүйікті ісімен айналысып отырған шебер кәсіби тұрғыда тігін ісіне мектеп бітірген жылы кірісіп кетті. Ең алғашқы жұмыс орны – сол кездегі тереңөзектік жас қыздардың шеберханасына айналған тұрмыс қажетін өтеу комбинаты. Комбинатқа 1992 жылы тігіншілерге үйренуші болып жұмысқа орналасты. Алты ай бойы Әлия Асқарова, Құралай Омарова есімді шеберлерден үйреніп, кәнігі тігінші атанды. Әлияның тігінге ғана емес, киім пішуге бейімі бар екендігі сол комбинатта жұмыс істеп жүрген кезден-ақ байқалады. Тапсырыс берушілерге неше түрлі киім үлгісін көрсетіп, пі­шіп, керемет көй­лек тік­кен. Кейін жұмыс істейтін мекемесі тарап кеткен соң, үйде қол қусырып отырғанды жөн көрмей жан-жақтан ізденеді. Шымкент қаласындағы «Сымбат» ательесінде 4 ай бойы тәжірибеден өтіп, арнайы курсты бітіріп шығады.

– Тігінші ретінде ұлттық нақыштағы киім тігуге қызығатынмын. Уақыт өте келе бұл қызы­ғушылығым кәнігі шебер атануыма септігін тигізді. Күніге әдемі әрі сәнді бір ұлттық көйлек тігуге барымды салатынмын. Тәжірибем то­ыс­қан кезде өзімді одан әрі шыңдау үшін Қызылорда қаласындағы бренд киімдер тігетін «Аkmadu» этникалық стиль ательесіне жұмысқа орналастым. Ательеде киім пішуші әрі тігінші ретінде 3 жылдай жұмыс істедім. «Аkmadu» ательесі – Қазақстанның бірнеше қаласында өз орнын нықтаған, этникалық стильде киім тігетін үлкен ұжым. Онда қыз-келіншектерге, ерлерге арналған ұлттық киімдер, бесік жабдықтары тігіледі. Бір күнде 14-17 сағатқа дейін жұмыс істедім. Дайын киімдер тойға жалға берілді, – дейді тігінші.

Ұлттық киім тігудің шебері Әлия бүгінгі күні этностиль өте танымал болғанын айтады. Мұндай үлгі қашанда сәннен қалған емес. Қайта жаңғырып, жанданып келеді. Оның тіккен ұлттық киімдерін бүгінде танымал өнер жұлдыздары Досхан Жолжақсынов пен жұбайы Қаракөз ханым, айтыскер-ақын Айнұр Тұрсынбаева, термеші Айгүл Елшібаева киіп, үлкен сахнаға шыққаны шебер үшін еңбегінің жемісі.

Иә, көз майын тауысып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дегендей, қазақы нақыштағы киім тігу – нағыз өнер. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін өнердің бұл түрі біздің елде жақсы дамығанмен, ауданда ұлттық киім тігетіндер көп емес. Сондықтан өнерін табыс көзіне айнал­дырып, кәсіпкерлікпен айналысу үшін Әлия жұмыссыз ретінде мемлекет тара­пынан қол­дауға ие болды.

Қолөнер шебері қайтарымсыз несие алды. Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамы­тудың 2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасына қатысып, өзінің жа­ңа бизнес идеясын іске асы­руға арналған мем­лекеттік грантқа қол жеткізді. Әлия берілген қар­жыға электр тоғымен жұмыс істей­тін жаңа тігін маши­насын сатып алды. Сонымен қатар, қажетті манекен, үтік, үстел – қол жет­кізген қаражатқа ке­лген дүниелер. Әлия жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Сыр сұлуы» атты тігін шебер­хана­сын ашты.

– Осы күнге дейін тігін шеберханам үйдің бір бөлмесінде болды. Болашақта тағы да кәсіпкерлікті қолдауға байланысты жеңілдетілген несиеге қол жеткізсем, шебер­хананы кеңейтіп, жұмысқа қыз-келіншектерді алсам деген мақсатым бар. Қазір өзімді одан әрі дамыту үшін еліміздің астанасында жұмыс істеуді жөн көрдім. Мұнда мүмкіндіктер көп. Ұлттық киімге деген сұраныс жоғары. Ер адамдарға, әйел адамдарға арналған сәнді кеудешеге тапсырыс күн сайын келіп түседі. Уақытпен санаспай 12 сағаттық жұмыс істеуге тура келеді, – дейді шебер Әлия Бақытбекқызы.

Әлия өткен жылы мерейлі 50 жасқа толды. Өзі 2 ұл мен 1 қыздың анасы, бес немеренің әжесі атанып отырған шебердің туған күні есте қаларлықтай аталып өткеніне дән риза. Балалары ер жетіп, аналарының жартығасырлық мерейтойын мейрамханада туыстарының ортасында жасап берді. Әрине мұның барлығы ананың жүрегіне мейірім, бақыт сыйлайды, осы күнге дейінгі төгілген маңдай тердің жемісі екеніне қуанады. Ана үшін бұдан асқан байлықтың да керегі жоқ.

Әлияның нағашы атасы кезінде: «Талабың да оңға басып келеді, Қолөнер ғой қыз балаға керегі, Шеберлікті шыңдай білсең, шырағым, Сарқылмастай қазына-кен береді» деп өлең арнап, бата-тілек айтқан екен. Атасының сөзі шын мәнінде қабыл болды деген осы.

Бибісара ЖАНӘЛІ
18 тамыз 2026 ж. 43 0