Тоқыма өнерімен танылған шебер

Айжан Қалмақова зейнеткерлік жаста. Ол ес білгелі тоқумен айналысады. Қолы қалт етсе анасының жанына отырып, білтесімен өзіне ұнайтын затты әп сәтте тоқып алуға жастайынан машықтанған. Тоқыма тоқудан ерекше ләззат алатын шебер заманауи үлгідегі бұйымдардың сан алуан түрін өз қолымен бірнеше сағатта дайындап шығарады.
– Ел қатарлы еңбек етіп, зейнетке шыққанша аудандағы Астық қабылдау мекемесінде зертханашы, кейін кадр маманы болып жұмыс істедім. Қазір зейнетке шықтым. Хоббиімді табыс көзіне айналдырдым десем болады. Тоқыманы тоқуды бала кезімнен ұнатамын. Әлеуметтік желіден әдемі нәрсені көрсем, соны тоқығанша асығамын. Немерелеріме киім-кешек, туысқандарыма ұнайтын дүниелерін, үйге тұтынуға қажетті бұйымдарды тоқимын. Біздің бала кезімізде анамыз жылдың төрт мезгілінде де тоқи беретін. Басымызға қалпақтан бастап, жейде, қолғап, мойыншалғы, аяғымызға жылы шұлық тоқып беретін. Қай кезде де қолдан жасалған дүние бағаланады. Қолға алған жұмысымды бітірмейінше тағат таппаймын. Қызығушылығым ешуақытта басылған емес. Қазір әлеуметтік желідегі истаграмм парақшамда дайын өнімдерімді салып қоямын. Сұраныс түскенде тапсырысты барынша әдемі әрі ойдан шығатындай етіп тоқуға тырысамын. Қажетті жіпті базардан, арнайы тапсырыспен де алдырамын. Негізінен балаларға арналған бұйымдарға тапсырыс жоғары, – дейді өмірін тоқымамен байланыстырған Айжан Пірманқызы.
Тоқымашының тоқыған бұйымы расымен де «көздің жауын» алады. Дайын өнімді инстаграмм парақшасынан көріп, қызығушылық танытқанымызда бұл өнер иесіне шын мәнінде рухани ләззат әкелетінін ұғындық.


«Бұрын мектеп оқушыларына еңбек пәнінде қыздарға тоқыма тоқуды мұғалім үйрететін. Қабілеті, қызығушылығы бар қыздар тоқуды үйреніп кетеді. Негізінен қыздарға тәрбие берудің ең маңызды құралы еңбек сабағында осындай тоқымаға, тігінге, ас даярлауға үйрету» деп пікір білдірген шебер тоқыма өнері ең пайдалы еңбек дейді.
Ұлттық құндылықтың қайнар көзі – салт-дәстүрімізде. Тұрмыста пайдаланатын барлық дүниені ұлттық нақышта ою-өрнекпен әсемдеу нағыз қазақылығымызды танытатын бренд. Осы күні шебер өз қолынан шыққан бұйымдарды күнделікті тіршілікте пайдалану арқылы қолөнерді насихаттап келеді әрі сүйікті ісінен табыс табады.
«Шебердің қолы ортақ» дегендей, баға жетпес құндылықты ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан Айжан Қалмақова іскерлігі мен талғампаздығының арқасында елге танылды. Өз тұтынушысы бар, сұранысқа ие өнімді қолымен жасап шығаратын шебердің еңбегін бағалап, біз де насихаттауды жөн көрдік.
Бибісара ЖАНӘЛІ